Өмір деген мәңгі шырақ сөнбейтін
1978 жылдың көктемі. Қызылорда қаласындағы педагогика институтында оқып жүрген кезім. Соңғы курста оқып жүргенде студенттер бір-бірімізге қонақ болып барып-келіп, кәдімгідей қадірімізді жете түсіне түскендейміз.
Бір күні тобымыздың старостасы, Гүлмараштың ауылына қыдырып бардық. Көзге алақандай көрінгенімен табиғаты әсем, мөлдір бұлақты, жасыл қыратты самал желді тау арасындағы әдемі ауыл екен.
Ата-анасы бізді өз баласындай қуана қарсы алып, алыс Аралдағы ата-анамызды көз алдымызға әкелді. Жер шалғайлығынан қысқы каникулда ғана барып ішқұса болып жүретін жайымыз бар еді.
Біздің аралдық екенімізді естіген апамыз қуанып:
– Бәсе, біздің елдің қыздары екенсіңдер ғой, бауырларым-ау, көзіме бірден жылы көрініп едіңдер, – деп айналып-толғанып жүр.
Ертеңіне ас үстінде:
– Апа, мұнда қалай келіп сіңісіп кеткенсіз? Қай елденсіз? – деп сұрадым.
Апаның әңгімесі төмендегіше өрілді:
– Алапат аштық елді жайлаған кезде, көшеде отырған жерінде адамдар қисайып құлап өліп жатты. Біз ағайынды тоғыз едік, бәрі аштықтың құрбаны болды. Бірде әкем тамақ әкелейін деп кетіп, кешіккесін іздеп шықсам, әкем құлап тұруға шамасы келмей жатыр екен.
«Алтынсарым, (мені солай атайтын) сені көре алмай қалам ба деп едім, көзіңнің оты бар қалқам, өмірің ұзақ болады» - деп үзіліп кетті.
Мен Қазалыда Әлімнің ішінде Құттық Құрманай деген рудан боламын. Жанқожа батыр – үлкен бабаларымыз. Жасым 8-ге енді толсам да, қиындық тез есейтті. Әкемнің балалар үйіне бар дегені есімде. Үлкен қалаға түйеге қамыс артып жүріп бара жатқандарға еріп отырып үлкендердің көрсетуімен «Балалар үйіне» келіп орналастым. Неше күн тамақ ішпеген жүдеу аш-арық балалар бір тілім нан мен бір кружка суды іше сала өліп те кеткенін де көрдік.
Бағланова Роза апаларыңмен бір партада отырдым. Ол әнші, мен бишімін. Сабақта алғыр, қоғам жұмысында алда болдық. Ұялу дегенді білмеймін. Екеуміз талай жүлдеге ие болып, концерттерге қатыстық. Сол күндерден ұмытылмай есте қалар оқиға – 1936 жылы 16 жасымда Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігіне қатысуымыз. Жүз жасаған Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Нұрпейіс Байғанин, Нартай Бекежанов аталарымызбен осы сапарда бірге болдық. Алматыда 200 адамды үш ай дайындады. Оның ішінде 50 адамдық оркестр бар еді. Сол кездегі көрікті қала Алматының әсем табиғаты, биік таулары тәтті апорты біздің өмірімізге ерекше әсер етті.
Балалар үйінде газет-журналдан көріп жүрген ата-апалардың өзін көріп ерекше қуанамыз. Мәскеуде өткен күндеріміз қазір ертегі сияқты.
Осы кезде бір қызық оқиға болды:
Қазақтың киіз басу өнерін көрсетеміз ғой, сол кезде халық биімізді құрметтеп, орындарынан тұрып, қол соғып жатыр. Дәл менің тұсымда үнемі суретін қарап жүрген Буденный қол соғып тұр. Есім ауып сахнадан кетпей, тұрып қалыппын. Би аяқталып, қасымдағылар сахнадан шығып кетіпті. Халық күліп жатыр.
Сахнада Қазақстанның байлығын таныстыратын тағы бір көрініс болды. Сол кезде Сталин көсем орнынан тұрып, жаймен ғана қол соғып тұрғаны көз алдымда қалып қойыпты. Кейін соғыс басталды. Соғыс жылдарында орыс-қазақ тіліне жүйрік болғандықтан паспорт столда жұмыс істедім, бір мезгіл радиода диктор болдым.
Мен тұратын үйде жігіттер пәтер жалдап тұратын. Мына ағаларыңмен сонда табысып таныстым. Бұл кісі соғыстан кейін Қазалыдағы ауыл шаруашылық техникумында мал дәрігерлік бөлімде оқиды екен. Мінезі салмақты ұстамды. Асекеңе еріп, елдің бір шетіне кете бардым. Атамыз ауылдың сушысы. Кеше би билеп, одан кеңседе қағаз жағып жүрген қарағым қолыма кетпен алып, колхоз жұмысына шықтым. Алғашқыда қатты қиналдым, атамыз ешкім бетіне қарап сөйлемейтін қатал кісі болатын. Бір күні ауылға Нартай Бекежановтың бригадасы келіп, концерт қойды.
– Бұл ауылда неғып, жүрсің, сенен атақты биші шығады біздің бригадаға қосыл, – деп үгіттеді. Нартай ағам. Қайдан енді би билеу? Ұлды-қызды болып, сол әулетке өзімнің адалдығыммен, қайратыммен сыйласып сіңісіп кеттім. Асекеңнің Ахмет бабасы 1900 жылы Меккеге барған, ел атын атамай Әжі атап кеткен екен. Өз атамыз 8 жыл молдалық дәрежеде білім алған. Солақай саясаттың кесірінен молдалықты ұстамай, колхозда сушы болып еңбек еткен. Асекең комсомолға өтем деп жас қостырып, соғысқа да ерте аттанады.
Мен де жай адам емеспін, үлкен қызыма көмейіне бұлбұл ұя салған Күләштің атын қойдым. Бір балама кіші жүздің ханы Әбілхайырдың есімін, бір ұлыма батыр бабам Жанқожа әулиенің есімін еншілеттім. Күйші Құрманғазының атын кіші ұлыма қойдым. Бір ғажабы балаларымызды осылай атауыма атамыз қанша қатал болса да, маған қарсы келмеді. Айтпақшы салт-дәстүр, тіл, әдет біздің елден басқашалау ғой. Алғашқыда қарапайым заттардың атауын да түсінбей айтқандарын істеп жүре беретінмін. Ана затты әкел десе, басқасын апарып тұрам. Сонда атам:
«Ай, Асқаржан, есі дұрыс елдің қызын алмай, қырдың адамы сырға келіп үйренуші ме еді?» – деп кеийтін. Намысты қолдан бермеген Жанқожа батырдың тұқымы емеспін бе, бәрін де үйреніп үлгеріп кеттім ғой, – деді апам.
Айнала көлбей қыраттары сулап жатқан қызғалдақты ауылды, онымен қоса осы бір шағын қоңыста ет жақын туыстарын сағынып жүрген, Зұлхия апаны, оның өнегелі әңгімесін ұмыта алмай жүріп едім.
Өнердің адамы бола тура қарапайым қазақтың Әйел – Анасы болу да керемет төзім, ақыл мен парасатқа негізделген нағыз кеңжүректік шығар, бәлкім.
Тәңір берген талантын тәрк етіп, тағдыр тоғыстырған қосағын төбеге көтерген қайсар жан жан-жары туралы не дейді?
Отағасы өмірін мал шаруашылығын дамытуға арнапты. Мал дәрігері қызметін адал атқарыпты. “Айлап үй көрмейтін. Отарда қанша мал болса, біртіндеп дәрілейміз дейтін. Ауылда біреудің малы ауырса, қашан қатарға қосылғанша жаяулап барып, емдеп жүретін. Біреуден ақы алу деген болмайтын. Қайта үйдегі қорап толы дәрі-дәрмекті бәріне үлестіретін. Малы жоғалған адамдар жағдай айтса, атына мініп іздеуге шығатын. Ауылдың бар малын танитын зеректігі керемет еді”, деп еді Зұлхия апа. «Алтын алма, алғыс ал» деген сөз бекер емес екен. Ұлы Отан соғысы кезінде ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені және І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орден медальдарымен марапатталған. Польша жерінде сол қолынан жарақат алып, госпитальге түседі. Хабарсыз кетіп қара қағаз да келген екен, жоқ, ұлым тірі деп анасы қырға шығып үнемі баласын күтіп жүреді екен. Ананың жүрегі алдамаған екен. Соғыс аяқталып, жауынгер елге оралады. Қара жұмысқа жарай қоймайды. Ауданға бір жылдық наряд келіп тұр. Сонымен оған Қазалыға оқуға барып кел дейді ағасы Әбіләсан.
Міне осы азамат Асқар Ибаханұлы 80 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл өзі пір тұтқан Әбіласан, Жанәділ, Ағаділ, Қанәділге, ұл-қыздарына, жалпы елге қайғы болып, бір қанаты қайырылғандай болды. Бізге солай сезілді, жер сілкініп, су тасыған жоқ, тек табиғат – Ана өзімен бірге қайғырып тұрды. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі қамшының сабындай ғана ғұмырында тек қана еліне адал еңбек еткен, жастық шағын отан қорғауға арнаған асыл азамат өнегелі жеті ұл-қыз тәрбиелеп жетілдірді.
Жақында ұрпақтары ата-анасының 100 жылдық асын берді.
Қазірде ұл-қыздарының барлығы өсіп-өніп, халық шаруашылығының сан саласында еңбек етір жүр. Немерелері де сан алуан мамандық иесі. Текті жердің ұл-қыздары осылай болса керек-ті. Барлығының бойынан еңбекқорлық пен білімге құштарлық, алған мақсаттарына адалдық, адамгершілік қасиеттерін көремін. Иә осындай ауыз толтырып айтатын Сыр бойында бір әулет өмір сүріп келеді. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, бәрінің бастауы – Асқар әкеміз бен Зұлхия анамыздың аппақ пейілден тұратын текті тазалығы деп сеніммен айта аламын.
Қанайым ҚазанғАПОВА