№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Мың баланың анасы

Қаратаудың бөктеріндегі Ынтымақ қонысында өткізілген бабаларға арналған ас беру рәсімі кезінде екі адамның есімі ерекше аталды. Біріншісі – елді рухани азып-тозудан сақтап қалған Бақыр мағзым болса, екіншісі – жиырмаға жетпеген жасында ауылдастарының «қызылша» атты індеттен тазалап, мыңдаған сәбиді шетінеуден аман алып қалған Бибіш апаға Құран бағыштаушылар қатары көп болды.

Бибіш Смағұлова Талдықорған өңірінде туып өссе де, өмір бойы халыққа медициналық көмек көрсетіп, Қызылшадан қынадай қырылған сәбилерді шетінеуден аман алып қалуға, қарлығаштай қанатымен су себуге жеткізген тағдырдың пеше­несіне жазғанына қарасаңызшы. Бертін келе Ынтымақ кейін Қосүйеңкі атанған шағын-шағын ауылдарда Бибіш апаның халыққа тәулік бойы тынымсыз көрсеткен қызметін көнекөздер әлі күнге жыр етіп айтады.
– Біздің анамызды 1943 жылы Алматыда жедел фельдшер акушер – медбикелік курста оқытып, соғысқа аттандырыпты. Өзінің айтуынша, үш қызды Қызылорда станциясынан түсіріп алып қалған. Жаңақорғанда бір түнегеннен кейін осы Ынтымаққа алып келген, – деп бастады әңгімесін Бибіш апаның үлкен ұлы Анарбек Тұтқабеков.
Осылайша жасы жиырмаға да жетпеген қыз «Талдысу» ауылының басқармасының үйіне түседі. Сонда байқайды. Бала біткен қызылшадан қынадай қырылып жатыр. Жедел түрде Жаңақорған станциясына жетіп, Алматыға дәріге тапсырыс беріп, оны алып кері қарай кейде көлік, көлік болмаса жаяу, Талдысуға дәрі-дәрмек жеткізіп, қызылшаға қарсы уақытпен санаспай жанталаса дәрі еккен екен.
Талдысуда қызылша ауруы енді әупіріммен басылған кезде, таудағы «Ынтымақ» ауылынан Қызылша індеті тағы да бұрқ ете түскен. Қаршадай қыз күн-түн демей, жиырма бес шақырым жерге атпен келіп-кетіп, көлік болмаса жаяулатып, кейде ат-шанамен шапқылап, жұртты емдеген. Жанұшырған жалғыз қыздың қажыр-қайратына таң қалған Софиев Үсен деген басқармаға да, бала-шағаларына дем берген ауылдастарына да ұнап, басқарманың үйіне өкіл қыз болып алады. Содан медицина саласында елу екі жыл бойы табан аудармай дәрігерлік қызмет атқарған. Гиппократ антына адал болған анасымен Анарбек те балалары мен немерелері де мақтанады.
– Ауылда дәрігер болған кезінде ол кісіде күн-түн, қар-бұрқасын, жауын-шашын деген түсінік болған жоқ. «Адам ауырып жатыр» десе, шырт ұйқыда жатқан жерінен атып тұрады да, дәрі-дәрмегін жинап алып, шыға жөнеледі. Гиппократ антына өте берік болған кісі. Ол кісі көлік талғамайтын. Жаяу да, есекпен де, ат-шанамен де жүре беретін. Қыстың күндері Қосүйеңкіден жиырма шақырымдағы Талдысуға келіп, әйелдерді босандырып алатын.
Ауылдастарының айтуынша, Бибіш апаның қызылшадан аман алып қалған сәбилерінің санын ешкім де тап басып айта алмайды. Ал толғатып жатқан әйелдерді босандырып, кіндік ана болғандарының өзі мыңдап саналады екен.
«Ол кезде тамырыңды ұстап, тіліңді көрсетіп, ауруыңды ажырататын. Қазір УЗИ, тағы басқа толып жатқан аппаратуралармен қараған кезде де, дұрыс диагнозыңызды қоя алмайды. Анамыз екі қыз бес баланы өсіріп жетілдірді. Әкем 1943 жылы соғыстан мүгедек болып келген соң, ауыл ақсақалдары осы кісіге қосты. Содан біз өрбігенбіз. Әкем Тұтқабек механизатор болды. Анамыз қайтыс болғанда ауылда асын бердік. Сол кезде санағанымызда бес жүзден аса кіндік баласы бар екендігін білдік. Сонда ауыл ақсақалдары мыңның үстінде кіндік баласы бар екендігін айтты», – дейді А. Тұтқабеков.
Балалары мен немерелері арасынан Бибіш апаның дәрігерлік жолын ұстанғандары да бар. Бірлік ауылында дәрігер болып қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан немересі Несібелі Алматыда тұрады. Ұлы Нұрдәулет Түркістанда тіс дәрігері. Зәуре есімді немересі Аққұм ауылында жұмыс істеп, қазір Жаңақорғанда дәрігер болып қызмет етеді. Дәрігерлігі немерелеріне дарыды.
Ұрпағының қамын жеп, қашанда сырқатқа ұшыраған ауылдастарына қол ұшын беруге асығатын Бибіш апаның аты жақында медициналық бекетке берілді. Ендігі жерде ұзақ жыл Бибіш Смағұлованың өзі тұрған орталық көшелердің біріне есімін беру мәселесі қарастырылуда.

Иса БЕРКІМБАЙ
10 шілде 2019 ж. 867 0