Қазақ журналистикасының жаңақорғандық жұлдыздары
Кешегі кеңестік кезеңде журналистика төртінші билікке баланып, идеологиялық саясаттың басты құралы саналатын. Қазір де сол саясаттың серпініне селкеу түскен жоқ, белсенділігі зор бағаға ие.Әрине, әр кезеңнің өз белесі болды. Компартия күрделі кезеңде телерадио, мерзімді баспасөздің көмегімен өз ұстанымын халыққа жеткізіп отырды. Өйткені бүгінгідей түрлі жарнамалық үлгідегі хабарландыру белгілі мақсатта ғана орындалды, ал, басқа ақпарат көзі болған емес. Сондықтан журналист маманын дайындау өте өзекті шараның біріне айналды, оған мың сүзгіден өткен шығармашылық өкілі таңдалды.
Қазақстанда бұрынғы С.М.Киров атындағы (бүгінгі Әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетінің базасында ғана журналистика факультеті жұмыс істеді. Факультетке еліміз бойынша елу талапкер іріктелді, оған әрбір аймақтың азаматы қамтылуы тиіс болды.
Жаңақорған ауданында осы факультеттің түлектері баршылық. Қарымды қаламгерлер Дүкенбай Досжан, Тынымбай Нұрмағамбетов, Жүсіп Қыдыров, Адырбек Сопыбеков, Айдархан Бибасарұлы, Жақсылық Рахматулла, Бақтыбай Айнабеков, Сейсен Мұхтарұлы, Жолтай Жұмат, Байбота Қошым-Ноғай, Ержан Уайс, Ертай Бекқұлов, Жұмабай Әбіл, Оразбек Мақсұтұлы, Абдолла-Алтый Сүлеймен, Файзулла Сахи, Бибігүл Мәтенова, Оңалбай Садықұлы, Өлмесхан Болатбеков, Асан Сарқұлов, Баян Үсейнова, Әйгерім Әлжанова, Гүлжазира Ертасова, Әлімжан Үмбет секілді шығармашылық өкілдерінің шоқтығы биік шоғыры шықты.
Ақбас Алатаудың көкмайса баурайын жайлаған ҚазМУ қалашығында жастық шақтың қызықты бір белесі өтті. Әлемі де бір, әуені де бір журналистика саласы бізбен қоян-қолтық аралас, тонның ішкі бауындай болатын. Сондықтан шығар, «Журфак пен филфак бір туған» дейтін екі арада егіз ұғым бар еді.
Студент кезімізде көргеніміз бар, алдыңғы буын - Бауыржан Омарұлы ағадан естігеніміз бар, журфакта оқу бір бақыт, оның аудиториясының өзінен шабыт шақырып, жыр қалықтап, қиялға қанат бітіретін қасиет ұшқындап тұрады. Ал, темірдей қатал Темірбек Қожакеевтың, тау тұлғалы Тауман Амандосовтың, жүрегінен ән төгілген Әбілпайыз Ыдырысовтың алдынан өтпеген студент журналистікке мүлдем жарамайды. Олар шығармашылыққа ширатып алмай тұсауы кесілмеген баладай қағынып-сүрініп қала береді.
Биапа - Бибігүл Мәтенова туралы аңыздай ағыс бар. Қазақта еланасы деген ерекше ілтипат бар, біздің Биапаның бағасы соған пара-пар. Сонау студент кезінде-ақ жастардың жанашыры, тілеуқоры, тірегі болғанын, байқаусызда тәртіп бұзып, тұзаққа түсіп қалатын асау аттай арқыраған ақындарды «жазадан» арашалап алатынын естіп, «мынау ерге бергісіз бұрымды екен» деп тамсанатынбыз. Сол Биапа Жаңақорғанның қызы екенін, оның ғұмыры қысқа болса да өнегесі өшпейтінін, бүгінде Қызылорда қаласында бір көшеге есімі берілгенін мақтанышпен айта аламын. Бұл да журналистке деген құрметтің бір үлгісі!
Сөз басында аға буын ағаларды атап өттім. Олардың көпшілігі өмірден өтті, руханият әлеміне өлшеусіз қолтаңба қалдырды. «Жақсының аты, ақынның хаты өлмейді» деген осы екен, шығармашылық адамының рухы көк аспан кеңістікте кезіп жүреді, еңбегі ел ішіне шырақ жағып тұрады. Осындай ой түйгізген, игілікті идеяға икемдеген қаламның құдіреті шығар...
Әуелгі әдетіммен таңертең жұмысты бастамас бұрын мерзімді баспасөз беттерін бір шолып аламын. Талғамға тарту болар тартымды туынды көрсем тынышым кетеді. Үйге жеткенше асығып, түскі астың үстінде оқып, құндысынан қуат, шыншылынан шуақ аламын. Соңғы кезде «журналистика саласында Жаңақорғанның жұлдыздары кімдер?» деген ой келді. Содан тізім жасап, талдап көрдім. Республика көлемінде жиырмаға тарта таланттарымыз қызмет істейтінін, олардың қай-қайсы да ешкімнен қалыс қалмай, қоғамның дамуында қанықты қолтаңбасымен белгілі деп білдім. Әйткенмен қасиетті жеті санын жадыма жалау етіп, жеті журналистке тоқталдым.
Алдымен, Әнуарбек Әуелбек. Сунақата ауылының азаматы. Әдебиет әлемінде «Әнаға» атауымен әйгілі. «Алматы ақшамы» газетi Бас редакторының бірінші орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткерi, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ақын, сазгер. Республикалық «Лениншiл жас» («Жас Алаш»), «Қазақ әдебиетi», «Егемен Қазақстан», халықаралық «Түркiстан», «Дала мен Қала», «Әдебиет айдыны» газеттерi мен «Хабар» телеарнасында қызмет iстедi. 2003-2005 жылдары «Хабар» телеарнасынан берiлiп тұрған тарихи-танымдық 110 сериялы «Солай болған» бағдарламасының авторы. Публицистикалық еңбектерi «Аралым – арым, Балқашым – бағым», «Саңлақтар», «Қызыл қырғын», «Қажымұқан қағанаты», «Азаттық аңсағандар», тағы да басқа жинақтарға енген. 1998 жылы «Ақ жауынды шақ», 2009 жылы «Жаныңмен жаз сырыңды» атты жыр кiтаптарының және «Солай болған», «Болашағына қол созған Қазақстан» (2012) публицистикалық кітаптарының авторы. Өлең-жырлары 2015 жылы жарыққа шыққан 10 томдық «Қазақ поэзиясының антологиясы» кітабының 7-томына енді.
Әнуарбек ағаның «Мен» атты өлеңінде:
Нартай менен Манаптың
Топырағынан жаралдым,
Бексұлтаннан нәр алдым.
Сырнайымды көтеріп,
Сығанақтың үстінен
Ән боп елге таралдым.
Бойжеткеннің ішінде
Сыр боп ұзақ сақталған,
Жыр боп тәтті жатталғам.
Ақ баянды арқалап,
Адырбектен бата алып,
Алматыға аттанғам, – деп өзінің шыққан ортасын шырайлап, өмірбаянын өзектеп берді.
Әнаға дегеннен шығады, 2016 жылы «Жаңақорған әуендері» атты республикалық композиторлар сайысын өткіздік. Мақсат – Жаңақорған жерін ән құдіреті арқылы ұлықтау, келер ұрпаққа ән-мұра қалдыру болатын. Білгенімдей, осыған дейін Жаңақорған жайлы 4-5 ән ғана бар екен. Аталған байқаудан соң оның қатары 40-тан асты. Бұл байқауға Әнуарбек ағам «Бұл –Жаңақорған» әнін қосты. Мәселе – жүлдегер болмаса да, туған жерді әнмен тербеткені де ұлы жеңіс еді. Ол көптеген марапат иесі.
Берік ағам Бейсенұлы белсенді, Жаңақорғанға жанашыр азамат. Елдегі жылт еткен жаңалықты еліміздің құлағына жедел жеткізеді. Қазір Kazgazeta.kz ақпараттық агенттігінің бас редакторы. Әлеуметтік желімен жұмыс істейтіндер жеделділікке жақын болады. Бұған дейін «Жас Алаш» газетінде экономика, саясат, ақпарат, спорт бөлімдерін басқарды, «Қазақстан», «Жас қазақ үні», «Айқын» газеттерінде басшылық қызмет атқарған абыройлы биігі бар. Қазақстан Журналистер Одағы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты атанған. Қазақстанның Мәдениет қайраткері. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Парламентаралық Ассамблеясының «Баспа және ақпаратты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапатталды. «Ақпарат саласының үздігі».
Төменарықтық Берік Бейсенұлы оқырманнан оң баға алған «20 жыл айтылмаған ақиқат», «Қалам мен ғалам» атты кітаптардың авторы.
«Сыр бойы» газетінде қарапайым тілшіліктен мүйізі қарағайдай бас редакторға дейін өскен Қуат Шарабидинов Қыраштың перзенті. Бұған дейін «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары қызметтерін атқарған.
Мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, облыс әкімінің орынбасары лауазымында жүргенде Қуатпен шығармашылық тығыз байланыс жасадым. Оның телеарнадағы авторлық әрі редакторлық «Серпін» бағдарламасы республика бойынша «үздік әлеуметтік бағдарлама» номинациясы бойынша І дәрежелі диплом, «Үштаған» хабары «үздік ақпараттық-сараптамалық бағдарлама» номинациясын иеленді. Қуат Әбішұлы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған, «Қыраш» атты кітаптың авторы.
Қазақ радиосының директоры Дулат Әбибуллаев Бесарық ауылының бел баласы. Әкесі белгілі ұстаз Орынбасар ағамыз №54 мектепті ұзақ жыл басқарды, аудандағы іргелі білім ордасына айналдырды.
Ол әрі журналист, әрі экономист. БАҚ саласында елеулі еңбек етті, «31 телеарна» медиахолдингінде, «Өнер жұлдыздары» журналында PR-менеджер, шеф-редактор, Бас редактор, «Қазақстан кәсіподағы» газетінің Бас редакторы, ҚР Кәсіподақтары Федерациясының баспасөз-хатшысы қызметтерін атқарған. 2012 жылдан бері «Казақстан» РТРК АҚ құрамында жұмыс істейді, ҚР Президентінің, ҚР Үкіметінің журналисттік ПУЛ тобының тілшісі. «Алтын қалам», «Шабыт» Халықаралық шығармашылық байқауларының жүлдегері. Ісі мен сөзі үйлескен азамат.
Баян Үсейінова – ақын, ағартушы, ардақты анасы Хадиша Баязитованың жолын қуған қарымды қаламгер. Әдебиеттің қос жанры – поэзия мен прозаны қатар алып жүрген әмбебеп қалам иесі. Аймақтағы үздік басылымның бірі – «Жаңақорған тынысы» газеті бас редакторының орынбасары. Жас та болса бас болған бас редактор Нұрлат Байгенжемен басылымды биік сатыға көтере білді.
Баянның ең алғаш «Ұлыма хат» деген ой салар жазбасын оқығанмын. Қалам тартысы қанық, бояуы бөлек, жүректі жаулап алар жылылықты сезіндім. Содан оның жазбаларын үзбей оқитын болдым. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тынымбай Нұрмағамбетовтың шығармашылығы туралы «Тау суының тазалығынан нәр алған», «Ақын Адырбекті танып болдық па?», ақын Нұртас Исабаев жөнінде «Жебеп жүр, бір періште жер бетінде», Байбота Қошым-Ноғайдың шығармашылығына арналған «Мұңлы жүрек музасы», «Қос мұңлық», «Текті ұл тек намыстан жаралады» мақалалары секілді еңбектері республикалық деңгейден артық болмаса, бір мысқал кем түспейді. Баянның шығармашылығында батылдық та, бауырмалдық та иірім бар. Ол сондықтан үстем.
Еліктің лағындай ерке қыз – Айдана Шотбайқызы «Егемен Қазақстан» газетінің белді тілшісі. Сунақатадан түлеген сүйкімді қарындасымыз. «Салалық журналистика дамымай, журналистика дамымайды» деген ұстаным иесі. Журналист жерлесіміз бұл басылымның «Ғылым» бетін жүргізеді, білім тақырыбында жазады.
Айдана Шотбайқызы – «Ұлан» газетіндегі «Әлемді өзгерткен балалар» жобасының авторы және «Болашақ» қоры ұйымдастырған «Әр бала мектепке лайықты» атты республикалық журналистер байқауының жеңімпазы.
Қосүйеңкі ауылының азаматы Асылхан Мамашұлы тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады. Ол осы қабілет-қарымымен көпке танылған журналист. Бұған дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. «Қазақ энциклопедиясы» баспасында, республикалық «Ана тілі» газетінде, «ABDI-press» орталығында жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.
Менің бітім-болмысым әдебиетпен, жалпы руханиятпен біте қайнасқан соң журналистер қауымы жаныма жақын, тартымды туындысын тапжылмай оқығанды ұнатамын.
«Қазақ» газетінің тұңғыш санында Ахмет Байтұрсынұлы мерзімді баспасөздің басты-басты төрт түрлі функциясын атап, оған қысқа да нұсқа назар аудартып өткені белгілі. Ол «әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі…» деді. Бұл мерзімді баспасөздің қоғамдық-ақпараттық қызметіне берілген классикалық баға деуге болады. Осы бағаға сай, мен де ақпарат кеңістігінде айшықты орны бар жерлестеріме журналистиканың қаламы жүйрік жампозы бола беріңдер деп тілек қосамын.
Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі