№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жеңісті жақындатқан жаңақорғандықтар

Жеңісті жақындатқан жаңақорғандықтар


Тарихта екінші дүниежүзілік соғыс деген атпен қалған, ал Кеңес халқы үшін Ұлы Отан соғысы деп аталған кешегі қанды жорықта 27 миллион адам қаза болса, біздің облысымыздың әрбір төртінші тұрғыны майданға аттанып, жеңісті жақындатуға қанымен, жанымен үлес қосқан екен. Қызылордадан арнайы жасақталып шыққан 75-ші теңізшілер бригадасы 27 атқыштар дивизиясы болып қайта жасақталып, Мәскеу түбіндегі қиян-кескі шайқастардың алдыңғы шебінде жүрді.
Жаңақорған ауданынан Ұлы Отан соғысына 4949 жауынгер аттанды.Содан 2200-і ғана елге оралды.Сол аман қайтқан жауынгерлердің қаншамасы қол-аяғынан айрылған мүгедек, тіпті жеңіл жарақаг атғандарының өзі жүйкесі әбден тозған, тән азабы болмаса да жан азабынан жапа шегіп, өмірінің соңына дейін толыққанды денсаулығына қол жеткізе алмай жарым көңілмен ғұмыр сүрді. Солардың әрбірі бізге майданның бір-бір айнасы, алапат соғыстың аңыз да, ертегі де емес, болған шын оқиға, қанды қасап қырғын, әлемді тітіреткен әділетсіз үкім екенін дәлелдеп тұратын тұлғалар еді. Қазірде қатары тым сиреп, тіпті қалмай барады.


Мемлекетаралық келісімді бұзып, Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасаған Герман фашистеріне қарсы соғысқа бауыр еті баласын аттандырып салып, өздері өмір бойы екі көзі төрт болып күтумен өткен құсалы тағдыр иелерінің қатарында біздің отбасымыз да бар еді.
Майданда хабар-ошарсыз кеткен Сәрсембай ағамыз туралы қанды жорыққа ол кісімен бірге аттанған қарулас серігі, кейін Төменарық кеңшарында шопан болып еңбек еткен Сүттібайұлы Ермахан қария былай деп әңгімелеп берген еді: «Біздер ауданнан 29 адам Түркменстанның Теджен қаласына барып түстік. 1942 жылдың бас кезінде бір эшелон жауынгер Сталинград қаласына жөнелтілдік. Төменгі Басқұншақ деп аталатын станциядан ары қарай темір жол қатынасы бұзылғандықтан жерге түстік. Соғыс 80 шақырым жерде жүріп жатқаны, бір-екі күнде соғысқа түсетінімізі айтылды. Темекі шегуге, от жағуға қатаң тыйым салынды. Түсінбегендік не аңғалдық па, от жағып ұсталған екі жауынгер арасында Байзақов Байбөрі әскери трибунал соты үкімімен атылып кетті. Тәртіп өте қатал еді. Әскери бригада түн мезгілінде жорық жасап, үшінші түні Сталинград оңтүстігіндегі пантон көпірі арқылы Волга өзені оң жағалауына өттік. Сталинград майданы алғы шебіндегі окоптарға орналастық. Сол күндері жаңақорғандық 26 жауынгерден Биімбетов Қоқажан науқастанып қайтыс болды. Жер беті қалың қар, сықырлаған аязды күндер болатын. Батальон құрамында алғаш шайқасқа шыққан күн де есімде. Немістер әуеде басым еді. Айырқұйрықты самолеттері жаяу әскерлер орналасқан шепті жиі-жиі бомбалайтын. Алғашқы күндердегі соғыста-ақ жерлестеріміз Жұмахметов Оразгелді, Иімбетов Өтеш, Мелдебеков Керімқұл ерлікпен қаза болды. Оразгелді ірі денелі, палуан әрі қолынан өнері тамған ұста еді. Топырағы торқа болсын, өз қолыммен жерлеп, жайғастырдым. 1943 жылы қаңтар айында әскер құрамында Ростов қаласы бағытындағы шабуылдарға шықтық. Көп жағдайда неміс самолеттері бомбалауына ұшырап қалатынбыз. Сондай күндері қатарымыздағы жаңақорғандық Құт­панбетов Баймаханға бомба жарықшағы тиіп, қаза болды. Өзім сол 1943 жылғы 17 қаңтарында шабуыл кезінде ауыр жарақаттанып, жерге құлап түсіппін. Есімді жисам, әскери госпитальде жатыр екенмін. Госпитальде жарақаттанып түскен Балтаев Төреқожаны да кездестірдім. Екі ай шамасы емделген мен әскери дәрігерлік сараптама комиссиясы шешімімен елге қайтарылдым. Майданға бірге аттанған жерлестерімнің одан арғы тағдырынан хабарсызбын. Сопбеков Байгенже, Байниязов Нұртай, Мәуленқұлов Самиддин жараланып, ауылға оралды. Майданда қалған сол боздақтар қатарында сенің ағаң Сәрсембай да болатын» деп әңгімесін қайырды ол кісі.
1950 жылдың күзі. Тақыркөлде тұрып жатқан, жасы алпысты алқымдаса да күші қайта қоймаған колхозшы әкем есегіне мініп, 25 шақырым жердегі аудан орталығына кетті. Айтуынша ондағы үкімет адамдарынан соғыстан қайтпаған баласының хабарын алмақ. Ол «көзімнің тірісінде Сәрсенбайды бір көрсем, өлген болса да орнын тапсам» деп армандайтын. Соғыста қайтыс болған делінген азаматтардың қайсыбірі тірі болып шығып, туыстарын қуанышқа бөлеп жатар жағдайлар да үмітін үрлей түсетін. Әйтсе де ол кісі тілегіне жете алмады. Арызы бойынша аудан орталығына барған әкем ауылға тұнжырап оралған. Әскери комиссариаттағылар балаңыз «хабар-ошарсыз» кеткен дегеннен өзге жоғарыдан хабар әпере алмапты. Ол кезде аралығы төрт шақырым «Қандыарал» колхозындағы жетіжылдық мектептің 4 сыныбында жаяу қатынап оқитын менің де әкейді жұбатарлық сөз айта аларлық жағдайым жоқ-ты.
Соғыс – зауал. Адамзат баласына, өлім, қайғы-қасірет, жетім мен жесірге ауыр азап пен мұң әкелген осы зобалаңға кім лағынет айтпас.
Қазіргі Сүттіқұдық жерінде Сыр өзеніне қарай беттеп өркештене созылған құм төбешіктері тізбектелген. Күнгейдегі биік құм етегіндегі бақша егісі басында тігілген қараша үйіміз еміс-еміс есімде қалыпты. Сондағы қалың жүгері егісі ішінде тәтті қауынды шаппасымен тіліп жеп, мейірлене мені көтеріп жүрген ағамның соғысқа аттанар соңғы күні сол болса керек.
1975 жылдың мамыр айы. Бейбітшілік сүйгіш еліміз Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталған 30 жылдық мерекесін тойлап жатты. Соғыстың ауыр күндеріндегі жауынгерлердің зұлым жаумен аянбас шайқастары, ерлік жорықтары еске алынып, киноларда, баспасөз беттерінде қаһармандық істері атап өтіліп жатты.
Аудандық әскери комиссар подполковник Чернов өз кабинетінде мені жылы қарсы алды. Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен ағайымды іздегім келетінін, ол туралы деректі материалдар жинамақшы екендігімді естігенде ризалығын білдіріп, қызметкерлеріне қолда бар архив материалдары арқылы көмектесуді міндеттеді. Ағам туралы ең бірінші деректі құжат та табылды. «№2-080 25.02.1950 жылғы Жаңақорған әскери комиссариаты хатына жауап:
1. Аманбаев Сарсынбай, жауынгер, 1942 жылы декабрь айында хабар-ошарсыз кеткен.
2. Аманбаев Сарсынбай, 1.04.1944 жылы қаза тапқан.
Бөлім бастығы генерал-майор Шавельский. 7.03.1950 жыл.
Бұл жерде ағамның есімі қате жазылғаны көрініп тұр. Жаңақорған комиссаритатынан жолданған:
«Теджен аудандық әскери комиссарына:
«Осымен сіздің қарауыңызға құрамы 29 адам әскерге міндеттілер командасын жіберемін. Басшысы етіп Ахметов Шабданды тағайындаймын» деп жазылып, тізімі келтірілген Жаңақорған әскери комиссары Шаравин қол қойған 14 қазан 1942 жылғы құжат көшірмесі де табылды. Тізімде әскерге міндеттілердің аты-жөні, туған жылы, мекен-жайы көрсетілген.
Теджен қаласына аттануға тізімге жазылған 31 жаңақорғандық жауынгердің екеуі – Жүсіпов Әшім мен Байымбетов Шәріпбай тізімнен сызылып тасталған. Осындағы Тақыркөл колхозынан аттанған үш кісінің бірі тізімде 27-ші тұрған ағам Сәрсенбайдың есімін оқыдым.
Ақыры көп ізденіс нәтижелі болып хат келді. Онда СССР қорғаныс министрлігі архивінен деректер бойынша 15 – гвардиялық мотобригаданың №1 мото-атқыштар батальонының атқышы Аманбаев Сарсембайдың 25 қараша 1943 жылы қаза болып, Запорожье облысы, Большая Белозерка селосында жерленгені туралы жазылыпты. Көп кешікпей Запорожье облысы әскери комиссаритынан да осы мазмұнда хат келіп, онда қалай жетудің маршруты көрсетіліпті.
Сонымен, 1980 жылдың тамыз айында сол кездері ауданда БХСС-те қызмет істеп жүрген кезім, кезекті демалысымды алып, жанымда әйелім және 4 балам бар, Запорожье қаласына жол тарттық. Ағамыз жерленген бауырластар зиратын тауып алдық. Зират басында ағамыздың рухына дұға оқып, құран бағыштадық. Айнала гүлдермен оранған бейіт алаңқайына ауылдан шығарда туыстарым Орынбасар мен Әлібай Сәрсембай аттанған жерден арнайы алып, орамалға түйіп берген топырақты басына қойдық. Ескерткіш қабырғасының жоғарғы бетіне «Кеңестік Отанымыз үшін ұрыста қаза тапқан батырлар даңқы арта берсін» деп, орта тұсына таяу «Бұл жерде Большая Белозерка селосын азат етуде ерлікпен қаза тапқан Кеңес Армиясы жауынгерлері жерленген» деген орыс тіліндегі жазба бар. Одан төменіректе өлеңмен жазылған:
«Куда бы ни шел, ни ехал ты,
Но здесь остановись
Могиле этой дорогой
Всем сердцем поклонись.
И для меня, и для тебя,
Он сделал все, что мог.
Себя в бою не пожалел,
А Родину сберег, – деген жалынды сөз қатарлары тұр.
Мемориалдық тақтаға жазылған ағайдың фамилиясы мен атын зер салып қайта-қайта оқыдық. Украина жерінің топырағында жерленген ағамыздың өзімен кездескендей әсер алдық. Тағзыммен үнсіз, тілсіз есендескендей бір ғажайып күй кештік.
Осы селода орналасқан Бауырластар зиратын аралап жүріп тапқан 21 жаңақорғандық жауынгердің аты-жөнін мұқияттап жазып алдым. Кейін құрастырылған «Боздақтар» кітабында осы азаматтардың кейбірін «хабарсыз кетті» делінгенмен нақты мәлімет олай емес.
Жеңіске жол бастаған боздақтардың ерлік жолдары, олардың қаҺармандықтары ешқашан ұмытылмақ емес.

Жасұзақ АМАНБАЕВ,
құқық қорғау саласы ардагері

07 мамыр 2021 ж. 648 0