№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Түнімен жиналған бидайды қаптап, таң ата өгіз арбамен аудан орталығына жеткіземіз

Түнімен жиналған бидайды қаптап, таң ата өгіз арбамен аудан орталығына жеткіземіз

Сұрапыл соғыс жылдары тылдағы еңбеккерлердің еңбегі мен жеңісті жақындатуға қосқан үлесі аз емес. Майданға аттанған солдаттардың ас-суын, киім-кешегін уақытылы жеткізумен қатар, ауылда қалған үлкен кісілер мен бала-шағаның қамын қоса арқалаған жандарға құрмет қашанда жоғары.

Мақала кейіпкері Патсай Ақын­байқызы – бүгінде өзінен тараған 4 ұл, 4 қызынан 23 немере, 21 шөбере сүйіп отырған әже. Өткен қиыншылықтың қайтарымы ретінде қазіргі таңда балаларының ортасында өмір сүріп отырғанына шүкіршілік етеді. Жастық шағының алаңсыз күндерін ұрлаған зұлмат соғысты есіне де алғысы келмейді.
Жеңіс таңын жақындатуға атса­лысқан тыл еңбеккері: «Бидайды қол орақпен оратынбыз, ал, үлкен кісілер шалғымен оратын. Содан бидайды жинаймыз, арасында қаптап өсетін арам шөптерден тазартатынбыз. Масақ теру де біздің мойнымызда. Түнімен жиналған бидайды қаптап, таң ата өгіз арбамен аудан орталығына жеткіземіз. Не көрсекте бар ауыртпалықты жарымызбен бірге көрдік. Ол кісі соғыс ардагері, нағыз соғысты бастан кешірген сол», – дейді ақ жаулықты ана әңгімесінде.
Сондай-ақ, тыл ардагері «Қайтсек жерімізді аман алып қаламыз, қайтсек жеңіске жетеміз?» деп күні-түні дамыл таппай, еңбек еткен азаматтардың ерлігі бір төбе екенін жеткізді. Сондықтан бүгінгідей бейбіт күннің қадірін біліп, ауызбіршілікті арттыру жөнінде өнегесін өсиет етті.
– Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанда тұрақтылық пен тыныштықта ғұмыр кешудеміз. Лайым осы күнімізден айырмасын. Балаларымыздың ұйқысы тыныш. Оған да шүкір. Біздің балалық шағымыз сұм соғыспен сәйкес келіп, еңбекке ерте араластық. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен өстік. Ұлы Отан соғысына қатысушылар жоғары құрметке әбден лайық. Қазір соғысқа қатысқандар да, тылда ауыр жұмыс атқарғандардың да саны сиреп барады. Сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына 75 жыл өтсе де, оның салған жарасы жүректе мәңгіге қалмақ, – дейді Патсай әже.
Иә, тоқсанның төріне шыққан әзиз әженің сөзінен ұққанымыз соғыс зардабына жететін зардап жоқ шығар. Содан да болса керек, пейілі кең Патсай апаның күнделікті дұғасында «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деп тілейді. Иә, Алла тілегіңізді берсін. Елімізде бейбітшілік болсын, бейбіт елдің ұландары көк байрағымызды көтере берсін.

Лаура БИБАСАРОВА.
09 мамыр 2020 ж. 772 0