» » Қасқыр жүрегін жеген жігіт

Қасқыр жүрегін жеген жігіт


Бүркіттің ес білгелі, оңын-солын танығаннан бергі ата кәсібі жылқы бағу еді. Одан қалды әкесі хат танытқаннан кейін аң-құс аулауға да баулыды.

Басын сонау қазақтың қасиетті Ұлытауынан бастау алатын Ұлы Жыланшық өзенінің бойын ата-бабасы мекен етіп келе жатқанына да көп уақыт болыпты.
Кезінде Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» атты әңгімесінде: «…Сейтқұл көп жерлерді кезіп жүріп, ақырында Торғай төсіндегі Қабырға деген өзен-судың бойына тоқтады. Мына жақта Үргеніш, Қоқаннан, мына жақта қалмақтан шетірек және жаманшылық болса, қалың Қыпшақ деген руға жақынырақ екен деп, сол жерді ұнатып қайтқан соң, қысты өткізіп, жаздың жылы уақытында кедейлерді жалаңаш-жалпы көшіріп, Қабырға бойына алып келді…» – деп жазатын Торғай-Қабырға мен Ұлы жыланшық өзендері Сырдария мен Әмудария сияқты бұл өңір халқы үшін бар нәрін беретін қос өзен. Қабырғадан Ұлы Жыланшыққа дейінгі қашықтық 100 шақырым көлемінде.
Бұл жер Жыланшықтың орта ағысы қыпшақ тайпасының қарамойын лақ руы мекен ететін өлке, жері шүйгін болмаса да, Айырқұм, Аққұм атты жерлердің малы семіз, шаруашылыққа ыңғайлы.
Ақ патшаның «Июнь жарлығы» шыққанға дейін күнделікті күйбең тірлік кешіп жатқан кез еді. Алайда, бір күнде «алатайдай бүлінген» заман орнай кетті. Бұл –Міржақып Дулатов айтпақшы, «жүрек қанға, көз жасқа толған» уақыт болатын.
Торғай елінің қалың арғын-қыпшағы, найман, шөмекей, төре-қожалары жиналып, «патшаға солдат бермейміз» деп бірауыздан бітімге келіп, араларынан хан сайлады.
Іштерінен онбасы, жүзбасы, мыңбасын сайлап алды. Не өлім, не өмір! Жиналған қауым ақ киізге көтеріп хан сайлаған Әбдіғапар мен Оспанға «ұлдарымыздың амандығы сендердің қолдарыңда, қалғанын өздерің бастаңдар» деп талап қойды. Бұл топтың ішінде асқан мергендігімен көзге түскен жігіттер – Амангелді мен Кейкі де бар еді.
Кейкі іріктелген 18 мергенді тоғыз-тоғыздан 2 топқа бөліп, Бүркіттің де мергендігін бұрынан білетін ол оны екінші топтың басшылығына бекітті. Бүркіт «сарыбас» әскери шені лауазымын иеленді.
«Кейкі батыр заманынан ерте туған асыл ер еді, қапыда кетті ғой.
Амангелді, Кейкі бастаған сарбаздардың Торғай қаласы жанындағы «Ставка» деген жерде қарсы шабуылға дайындалып жатқан кезіміз, – дейді Бүркіт. – Әйгілі Оспан қожа келіп, шабуылға шығуға атқа қонған біздерге тілдей дұға жазылған «Ақ тұмар» қағазды әрқайсымызға бере тұрып: «бұл қасиетті тұмарды қалаға кірерде бас киімдеріңнің маңдай тұсына қыстырыңдар да, ал қаладан шығарда бас киімнің желке тұсына қыстырыңдар!» – деді. Жаратушы Аллаға сиынып, көңілімізге астамшылық кіргізбедік, барлығын естен шығармадық. Сол күнгі ұрыста бір ғана аттың мойнына оқ тиіп, басқамыз дін аман оралып келгенде Оспан қожа: «сендер сахабалар дәуірінде тууларың керек еді», – дегені әлі есімде. Аумалы-төкпелі заманда қызылдың да, ақтың да қазаққа күн көрсетер түрі жоқ. Амангелдінің «жұмбақ өлімінен» кейін Кейкі енді «ақ орыс та, қара орыс та – бәрі орыс» деп өзіне қарсы келгендермен ұрыс салып жүрген заманы. Тағы бір күндері Кейкі батырдың ерлік батырлықтарын айтқан отырыстардың бірінде Оспан қожа Кейкіге: «Сенің қорғаушы, қолдаушы алты киелі аққуың бар. Кез келген уақытта атылған оқтан жазым болдырмайтын «оққағар» және бақытты болуына жәрдемдесіп, тілегіңді тілеушілер. Олардың саған қоятын бір ғана шарты бар. Үйленуіңді кейінге қалдыра тұруыңды қалайды», — деді. Оспан қожаның айтқанын ескермеген Кейкі батыр сүйіктісі Ақжан сұлуға үйленді. Өзара келісілген келісімшарт бұзылған соң, алты аққу Оспан қожаға соғып, Кейкіні енді қолдап-қорғаудан бас тартатындарын айтып, жөндеріне кеткен. Міне, осыдан кейін Кейкінің ісі оңға баспай, қайғылы қазаға ұшырайды.
Оқиға былай болып еді. Қарамағында қалған 100 шақты әскерімен Торғай-Ұлытау бойында қаша ұрыс салып жүрген Кейкі бұл жерден де кетпекші болады.
Өлерінің алдында Жыланшық бойында отырған біздің үйге соқты. Маған өзімен бірге ере кетуімді талап етті. Сонда мен: «Кейкі аға, бұл тозақтан қайда қашып құтыламыз, бірнеше ата баласы маған қарап отырған жайы бар. Мен оларды қайда тастаймын», – дедім. Кейкі: «кешегі Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және жазалаушы отрядқа қарсы соңғы ұрыс — Доғал шайқасында сенің де батырлығыңа тәнті болып едім, сені өзіммен бірге алып кетуге шешім қабылдадым», – деді. Мен оған келіспейтінімді білдіріп едім, түсі сұп-сұр болып кеткен ол «онда әкеңнің қанын жүктеймін» деді. Кейкінің әйелі Ақжан сұлу: «Батыр, сауға, сауға, ішімдегі келер күннің есігін ашатын сәбиіміз үшін Қаршыға әкейді тірі қалдыруыңды өтінемін. Ал егер өлтіремін десең, мені де бірге өлтір, батыр, райыңнан қайт!» – деді. Кейкі үн-түнсіз қалды. Сөйтіп, Ақжан әкемді аман алып қалды!
Келесі күні Кейкі батыр қуғыншылардың қолынан «Жалаулы» деген жерде айуандықпен өлтірілді. 1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А.Токаревтің сөзіне сеніп, Торғайға оралған Кейкі жолда оның шын ниетін сезіп қалып, Александр Токаревті сол жерде атып тастайды (мұның алдында жанында тілмәштыққа қалдырған бір ноғай жігітінен басқа қасындағы сарбаздарын таратып жіберген болатын). Бірақ Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан қызылдардың 30 шақты солдаты оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршап алып, аса қатыгездікпен өлтіреді.

Оқиға былай болған еді.
Қоршауға алған жауларына қоржын үйдің екі терезесінен алма-кезек оқ жаудырған Кейкі оларға алдырмауға айналды, Ақжан мылтықты оқтап беріп тұрды. Кейкінің қасында манағы ноғай жігіті де бар болатын. Бір уақытта қызыл әскерлер Кейкі түсінбесін деп оған орысшалап тіл қатты: «Пәленбай, жан керек болса, ұмтыл да, Кейкінің қолындағы мылтықтың үнін өшір, біз сол сәтте лап қойып, оны қарусыздандырамыз. Олай етпеген жағдайда өз обалың өзіңе, ал айтқанымызды істесең, тірі қалдырамыз», – деді. Бір мезетте жаңағы сатқын Кейкінің ту сыртынан қапсыра құшақтап ұстап алады. Қасындағы адамнан мынадай іс-әрекетті күтпеген Кейкі босануға ұмтыла беруі сол еді, қызыл әскердің мергені дәл маңдайдан атып жіберді.
Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алды. Кейкінің өзін ғана өлтіріп қоймай, аяғы ауыр әйелін де қинап өлтіреді.
Кейкінің айы-күні жетіп отырған әйелінің қарнып жарып жіберіп, іштегі тумаған баласын да асқан қорлықпен күл-паршасын шығарып, найзамен түйреп-шаншиды.
Кейкі батырдың басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қояды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға жөнелтеді, ал 1926 жылы республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петерборға алып кеткен. Ол қазір Санкт-Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы деседі.
Не деген жауыздық! Ай, Алла-ай, «жақсының кетіп, жаманның қалған» кезі ғой бұл. Қолдан келер не қайран, сонымен, Ұлы Жыланшық бойында аң-құс аулап, тіршілігімді жалғастыра бердім. Осы бетіммен бұл өмірім кәмпескеге дейін жалғасты. 1928 жылы ел ішіндегі байлардың бәрі кәмпескеге ұшырағаннан кейін Аққұм-Жыланшық бойының халқы бас сауғалап қашты. Қашқаны қашқан, қашпағаны малынан айырылып, халық тақыр кедейге айнала бастайды. Өзен бойындағы баяғы көп халықтың қатары сирей берді.
Сөйтіп, 30-жылдардағы ашаршылық та басталды. Қолындағы соңғы малын талғажу қылып, өмірден күдер үзіп, не істерін білмей талай адам ажал құшты. Кешегі бір болыс елден тірі жан да қалмауға айналды! Қайда барсаң да «Қорқыттың көрі» демекші, елден кетсем басқа жерде мені кім күтіп тұр дейсіз.
Енді әр отбасы өз тірлігін күйттеп кеткен заман болды. Бозала таңнан кешке дейінгі бар ісім – даланың аң-құсын ату, аулау, сондағы ойым – үйдегі шиеттей үш баланың қамы ғой. Қолға түскен аң-құстың етін қақтап, өлместің күнін кешіп жаттық.
Бірде ел-жұртсыз қалған Мешіт ауылының жанындағы Дәруіштен (бұл бір биікте, жол үстінде қойылған жолаушының моласы деседі, жас кезімде Ұлытау жаққа барғанда Жошы ханның мазарын көріп едім, стилі жағынан соған ұқсайтын сияқты, уақыты да сол кездікі, өзі де биік, алыстан менмұндалап тұрады, бұл ел Дәруіштің кім, қайдан келгенін де білмейді) өте беруім сол еді, жаяу кетіп бара жатқан біреуді көзім шалды. Бұл маңда тірі жан қалмағаны мәлім, «жын ба, шайтан ба, әлде аштықтан көзім қарауытты ма?» деп тесіле қарап мен тұрмын. Сұлбасы адамға ұқсайды, бірақ жүрісі баяу, біресе отырады, біресе тұрады. Не де болса, жақынырақ тақайын деп ойладым. Сөйткен жолаушым көршілес Көкалат ауылындағы рулас ағайындардың бірі, өзім танитын Қарға деген кісі екен.
Шашы өскен, көз жанары солуға айналған, үсті басы алба-жұлба, түрінен адам шошырлық.
Жанына келдім де, аттан түсіп, «ассалаумағалекүм, аға» дедім. Ол тек ернін ғана жыбырлатты, сөйлеуге дәрмен де жоқ. Аз-кем шүйіркелескеннен кейін оны атқа мінгіздім де, өзім жаяу жүріп, үйге жол тарттық.
Қарғаның айтқан әңгімесі адам шошырлық. Осы төңіректегі Мешіт ауылы, Көлқамыс ауылы, Қарақоға ауылы, Қарабидайық ауылы, Көкалат ауылы сияқты барлық ауылдардың халқы тентіреп кеткен, даладан саршұнақ теріп, тышқан аулауға айналған, ел ішінде кісі етін жегіштер де пайда болған. Бірі Қостанай, ал екіншісі Торғай деп жолға шыққан адамдар діттеген жерлеріне жете алмай, далада көмусіз қалған, әсіресе, балалар мен қарттарға қиын болыпты. «Басқа жерде бір үзім нан табамыз» деп, «жолыма қолбайлау болады» деп өз ішінен шыққан жалғыз баласын суға лақтырып жібергендер де болған. Өзі де тентіреп, Ұлытау жаққа бет алған түрі екен. Ағамызды бір-екі апта күтіп, күп болып ісініп кеткен жараларын емдеп, жолына жетерлік азық-түлік беріп, 80 шақырымдағы өз ауылына қоя бердім. Тірі жан тіршілігін істеуі керек қой. Сол жылы түздің аң-құсы да азаюға айналды, енді бәйбішем Ақтоты екеуміз аң аулауға бірге шығатын болдық. Үш баланы бір Аллаға тапсырып, үйдің сыртына сырық қоямыз да, таңнан кешке дейін аң аулаймыз.
Сөйтіп, өлместің күйін кешіп жатқан түріміз бар еді.
Бірде Ақтоты екеуміз қақтан айналып өте беруіміз мұң екен, аттылы екі кісіні көзіміз шалды. Дәуде болса бұлар тегін жүрген адамдар емес екенін түсіндім де, Ақтотыға: «сен қаш, ал мен өліспей беріспеспін!» – дедім. Қолымда шолақ мылтығым бар, дайындалып тұрмын. Ақтоты «қош бол, отағасы, аман болсам балаларды тірі алып қалармын» деді. Мен «тезірек кет» деген ыңғай білдірдім.
Аттылы кісілер алыстан айғайлап: «әй, Бүркіт, қолыңдағы мылтығыңды таста, біз саған тимейміз, балаларың біздің қолымызда», – деді. Не істерімді білмеймін, көзім қарауытып кетті. Көз алдыма қошақандарымның бейнелері келгенде, көзімнен жас ыршып түсті. Амал нешік, қаруымды тастадым. Тек айтқаным: «балаларды өлтірмеңдер!» – дедім. Бұларды таныдым. Бірі түнеугүні даладан тауып алып, неше күн бойы бағып-қағып, ауруынан емдем, жолына азығын беріп, еліне қоя берген Қарға ағам емес пе? Ал екіншісі кезінде (1916 жылы) мыңбасы болған атақты Қырғи деген кісі. Талай рет жауға бірге шығып, қаншама қан майданда болсақ та, аздаған тірі қалғандардың бірі мен болсам, тағы сондайлардың бірі осы – Қырғи еді.
Амал жоқ, қаруымды жерге тастадым. Сөйтсем бұлар екеу емес, үшеу екен, біреуін біздің үйге қарауыл қылып тастаған екен де, екеуі біздің ізімізді аңдып, даладан ұстаған түрі екен (үйде болса әлдеқандай іс туып, ушығып кетеді деді ме екен, онысын білмедім).
Қырғи маған қарап «түнеугүні Қарға сендердің жағдайларыңды айтып келген, бақуатты тұрып жатқан түрлерің бар. Қысқаша айтқанда, мылтығыңды және бүкіл қорларыңды – азық-түліктеріңді алып кетеміз. Өздеріңді өлтірмейміз» деді.
«Бүгін осында қонып, таң ата елге кетеміз» деді.
Түн ортасында төсектен үш рет тұрып, үш рет жаттым.
1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі кезінде ауыл үстін басып кіріп келген бір топ казак-орысты киіз үй ішінде отырған жерінен сұлатып тастағанымыз бар еді. Қазақ қазақтың қанын қалай жүктейді?! Алла мұнымды қош көрмес деп кісі қанын жүктемедім, басқа түссе баспақшыл деп мылтықсыз, азықсыз ен далада үш ботам – Сұңқар, Торғайбек, Лашын және әйелім, сосын мен – бесеуміз көздеріміз жәудіреп, ендігі күніміз не болады деп мүсәпір күйге түстік.
Бұрыннан бір шиті мылтығымды Дәруіштің моласына апарын тығып тастап кеткенмін. Аллаға мың шүкіршілік етіп, аман қалғанымызға өзіміз де сенбей, қайтадан аң-құс аулауға шықтық. Бұл 1932 жылдың күзі болатын.
Атып алар аң да кезікпейді, өзенде балық та жоқ, ашығуға айналдық.
Сөйтіп жүргенде балапандарымыздан айырылып қалдық. Мана айттым ғой, аңға кеткенде үйдің сыртынан бекітіп кететінбіз.
Күздің бір суығында кештетіп Ақтоты екеуміз үйге келсек, үйдің орнында тек күл қалған. Қандай да бір себептен өрт шығып, үшеуі де отқа күйіп кеткен. Балаларымыздан осылай бір күнде айырып қалдық!
Мынадай сұмдықтан кейін Ақтотының есі ауып кетті. Енді оны жалғыз қалай тастаймын, амалдап қос тігіп, ен далада жата бердік. Азын-аулақ аң етін пісіріп, талғажу қылдық. Ақтоты селқос, тамақ та ішпейді, қысқаша айтқанда, бұл дүниенің адамы емес. Не керек, бәрінен бас тартып, отырған жерінде тіл тартпай ана дүниеге кетті!
Әйелімнің сүйегін баяғы Мешіт ауылының жанындағы қорымға апарып жерледім. Астымдағы атымды босатып қоя беріп, қайғы-мұңға батып, не істерімді білмей жүргенде, ол «ит-құсқа» жем болды.
Амалым жоқ. Қосыма қайтып келдім. Аңды алғанымнан алмағаным көп болып, қорексіз, қатты ашығуға айналдым. Осындай қанша күн аш жатып, әлсіреп, бір сәтте көзім жұмылып, ұйқыға ілініп кетіппін. Бір мезетте көз алдымда бірдеңе бұлдырайды. Құдай-ау, бұл жын ба, шайтан ба, әлде адам ба?! Тұрайын десем, денем ауыр тартады. Бірнеше күн нәр татқаным жоқ, тұрудан да қалған едім. Мылтығымды алайын десем, қолымды көтере алар емеспін. Жаңағы жыбырлаған бәле тура алдыма келді. Мен қозғалмастан жатырмын. Құдай-ау, мынау қасқыр ғой! Мені өлдіге санап, жеуге оқталып жатыр екен. Енді анық көрдім. Иә, түз тағысы!
Кездігімді суырып алдым да, көз алдымдағы қасқырдың дәл жүрек тұсына сұқтым. Сұққылап жатырмын, қанша сұққылағанымды бір құдай біледі.
Өлім мен өмірдің, түз тағысы мен үй тағысының арпалыс сәті!
Қасқырдың жүрегін суырып алып, жедім де, жан даусыммен айғай салдым: «Мен тірімен!»
Иә, мен өлген жоқпын!

P.S. Мың өліп, мың тірілген қазақтың бір баласының басынан кешкендерінің бір парасы осындай еді!

Әзірлеген Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ


14 қаңтар 2020 ж. 1 103 0