№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жиырма бір мыңның желігі

Жиырма бір мыңның желігі


«Соңғы кездері ажырасу бойынша ауданда үш отбасының бірінің арыз беруі алаңдатарлық жағдай. Бұл тізімді жиырма бір мыңның әлегімен осындай қадамға әдейі баруға арланбайтындардың арттыра түскені жақсылық емес. Қоғам қайда барады?» (аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Нәлібаева Бибайымның әңгімесінен)
Биылғы көктемнің шуақты күнімен қабаттаса келген жиырма бір мыңның хабары жер қозғалса қозғалмайтын Жұпар келіннің де есін алып, елбе-делбе етіп біраз жерге апарды. «Көңіл жүйрік пе, көк жөнен жүйрік пе?», алты баласына 21 мыңнан шытырлатып санап алатын ақшаның елесіне елтіп, жер-көкке сияр емес. Бірақ бұл құр далбаса болып қалмаса деңіз, ережесі сәйкес келіп тұрғанымен, жарқын үмітті жолдан кесетін кедергі көп. Атасының зейнетақы мөлшерінің едәуір көптігінің осы жолы зиянын шекпесе неғылсын? Осы жағын пысықтап алуға нартәуекел еткен келін таңғы шай үстінде жақаурата тосын әңгіменің шетін қылтитты.
– Мына көршіміз Ғани ата Астанадағы баласының қолына кетіпті. Таза табысты есептегенде 21 мың теңгені алатын болдық деп қуанып жүр Айман, – деп аузын жауып та болмады, атасы қарсы сауал тастады: Ал мен қайда барайын? Алматыдағы ұлыма ма, Семейдегі қызыма ма?
Келін үндемей төмен қарады.
– Айналайындар, – деді ұлы мен келініне кезек қарап.
– Екеуіңнің де маған өкпелерің жоқ шығар. Заманымның болып тұрған шағында оқудан оқу қоймай жіберіп, кемпір екеуміз айлап балаларыңды бағып, көштен қалмасын дедік. Екеуің де жаңа тұрпатты ұстазсың. Екі жүздің үстінде айлық аласыңдар. Сендерге ненің жәрдемақысы? Мені қоспағанда да ала алмайсыңдар. Құр арамтер болып, тәтті ауыздың дәмін кетірмей-ақ қояйық, – деп мәселенің нүктесін бір-ақ қойды.
Осымен бұл тақырып ұмытылар ма еді, Жаңқабыл қария ауыл шетіндегі бауырының үйіне барғанда тағы алдынан шықты. Әкесі өлгелі Жанқабыл көкесін қара тұтып, елеңдеп отыратын ауылдағы жалғыз мектептің күзетшісі Мұңсызбай қарияны қалбалақтап қарсы алды. Жай-күй сұрасып болған соң Мұңсызбай да бұғып қалмай шетпұқпақтап жаңалығының шетін шығарды. Масқара, жиырма бір мыңның желігі бұл шаңырақтың да шырайын желпіп, тіпті моп-момақан тіршілігін бүйі тигендей бей-берекетке айналдырыпты. Жиырма бір мың үшін бауыры мен келіні ажыраспаққа бел буыпты. Бірауыздан. Шынайы емес. Қағаз жүзінде ғой. Сотқа арыз беріп, екі-үш ай дегенде тірліктің беті бері қарап, шешімін тапқанын айтып шәниіп отыр ерің. «Жетіскен екенсіңдер». Жанқабыл қария одан әрі не айтарын білмей тұтықты. «Надандық» деді іштей, надандық дейін десе оқыған-тоқығаны бар, көзі ашық адамдар емес пе? Жоқ, мұны, ашкөздік, ақшаға құныққандық, нысапсыздық дейді. Бірақ отбасы бақыты, қарым-қатынас құндылығы деген соның барлығынан биік, жоғары тұратын, ерлі-зайып екеуі бірдей аялап, қастерлеуге тиіс ғажайып әлем емес пе еді?
Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын бақилық болып кеткен қосағын еске алды. Екеуі бас қосып, бірге өмір сүрген қырық жылда қанша тарыққан да, қамыққан да сәттер бастан өтті ғой. Соның ешқайсында бұлар біреуге шағынбақ түгілі жан қиналыстарын бір-бірінен жасырып бағып, жадыраңқы қабақпен таңды таңға, күнді күнге жалғап, жақсылықтан бір сәтте үміт үзген емес. Намысшыл еді ғой. Екеулеп тіккен жанұя туын жалғыз сүйем төмендетпеу үшін босаға бақытына табанынан тік тұрып қызмет еткен жоқ па? Ақырында ауылдағы «би болмаса да би түсетін үй» болды. Бұл өзі еңбек ететін ұжымның басшысы болса, жары әулеттің бетке ұстар ардақты анасына айналды. Келешек абыройды ойлар осындай парасаттылықты қалай қалыптастырамыз бұлардың бойына?
Қария аз-кем ойға түсіп отырып қалған. Аздан соң мәселені анықтай түскісі кеп бауырына бет бұрды:
– Сонда сендер ажырасқанда екеуің екі бөлек тұрасыңдар ма? – деді.
– Жоқ көке. Айттым ғой. Әшейін құжат жүзінде солай. Бірге тұра береміз.
– Бір жатып, бір тұрасыңдар ма? – деп тақымдады қария сыпайылықты жиып қойып. Дауысында зіл де, жазғыру да бар. «Осының барлығына кінәлі сенсің ғой» деп әйелін ала көзбен атқан бауыры «не айтпақ едіңіз» дегендей қарияға қарап ошарылды.
– Соттың алдына әлденеше барып, ажырасамын деп ант-су ішкенде сен мынаны ойладың ба, – деді қария, – егер де ер адам әйеліне «Сені талақ еттім» деп үш рет айтса неке бұзылады. Сондықтан ерлі-зайып ойнап болсын «ажырасамын» деп айтпауға тырысу керек. Ал сендердің бұл талаптарыңа екеуің ғана емес, қанша жұрт куә болды. Енді екеуің екі бөлек адам есебіндесің. Бірге жатып тұру зина болып есептеледі.
– Енді не істеуіміз керек, – деп ақтарылды. Мұңсызбай.
– Адал болу үшін некелеріңді қайта қидыруға тура келеді, – деді ағасы.
Мұңсызбай келіншегіне қарады.
– Ондай болса молданы шақырып, некемізді қайта қидырамыз да. Келініңіз қазанға ет салсын, кетпеңіз көке, біржақты қып беріңіз, – деп жата жабысты.
– Неке қидырғанда бұл бірден болмайды енді, – деп Жанқабыл қария тағы бір шариғат талабының шетін шығарды.
– Ер адам талақ еткен әйелімен қайта некелесу үшін Ислам дінінде қатаң шарт бар. Яғни ажырасқан әйелің басқа біреуге күйеуге тиіп, одан ажырасқан жағдайда ғана саған адал болады. Қайта некелесуге сол кезде ғана рұқсат етіледі, – деді ағасы мізбақпай.
Мұңсызбайға ажырая қараған келіншегі Дүрия түнеу күні келген өз анасының «әй, мына тірлігіңді тоғар. Жиырма бір мың деген не тәйірі. Мұңсызжанның басқан бір қадамына да татыр ма? Жаман ырым бастап бағыңды басқа теппе» деген сөзінің салмағын енді сезінгендей. Бұл жолы әңгіменің төркінін тез түсініп, «а-а солай ма?» деген Мұңсызбайдың жүзінде анау айтқан таңданыс та, өкініш те байқалмай ағасының соңынан сыртқа ілесті.
Жақындап қалған қалың қара бұлттың салқын ызғарын сезінгендей тұла бойы тітіркенген Дүрия жиырма бір мыңның желігімен жер көкке сыймай, үй ішін қуырып, жуас күйеуін жүндеп біткен жындының тірлігіндей өз әрекетіне бармағын тістеген күйі сылқ етіп отыра кетті.

Баян ҮСЕЙІНОВА
27 шілде 2019 ж. 1 228 0