№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алимент төлеу – қарыз емес, парыз

Алимент төлеу – қарыз емес, парыз


Елде алимент төлеуден жалтарып, бауыр еті баласынан бас тартып жүрген әкелер баршылық. Бұл қатерлі дерт біздің ауданды да айналып өткен жоқ. Керісінше, отбасын бұзып, әкелік жауапкершіліктен ат тонын ала қашып жүрген бөріктілер көбейген. Мәселен, бүгінде аудан бойынша алимент төлейтін 369 борышкер бар.
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында бала жауапкершілігінен қашып, алименттен бас тартатын ата-аналарға жаза қолдану керектігін айтып, «Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті. Ал болған іс болған екен, онда әке алимент төлеуге тиіс. Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауы және алимент төлемегені үшін жазаны күшейту керек!» деген еді. Демек, алименттен бас тартып, өз баласынан бас тартқан әкенің де, ананың да жазаланатыны анық.
Иә, отбасының ойранын шығарып, баласынан бас тартып жатқан әкелер саны күн санап артуда. Оған ауданның өзінен биылғы жылдың соңғы 8 айының көрсеткіші бойынша 65 борышкердің кіндік баласына алимент төлемей жүргені дәлел.
– Жалпы, кез-келген ана егер жолдасының балаға деген жауапкершілігінің төмендігін, немесе, осыған ұқсас жағдайларды аңғарса, некесін бұзбай-ақ, әкесінен әр баласына алимент төлете алады. Ал, некесі бұзылған отбасы сот шешімімен алимент төлейтін тарапты анықтайды. Ер адам жұмыс істейтін болса, бір балаға оның жалақысының төрттен бір бөлігін, екі балаға үштен бір бөлігін, үш не одан көп балаға екіден бір бөлігін төлейді, – дейді аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Бибайым Нәлібаева.
Оның айтуынша, отбасы ажырасып, соттың шешімі шыққаннан кейін, ол сот орындаушыларына жіберіледі. Одан әрі, төленбей жатқан алиментті сот орындаушылары өндіреді. Сонымен қатар, кез-келген әйел некесіз туған баласына да әкесінен алимент өндіре алады. Ол үшін әкелікті анықтайтын сараптама жасалса болғаны.
– Бүгінде ауданда 369 борышкер бар, оның 250 өзіне артылған жауапкершілікті түсініп, алиментті уақытылы төлеуде. Ал, 119 азамат әкелік міндетінен қашып, алименттен жалтарып жүргендер. Оның ішінде 10 тұрғын әкімшілік-қылмыстық жауаптылыққа тапртылса, 18 азамат іздестіріліп жатыр. Бүгінде осы борышкерлермен жұмыс жасаудамыз. Жалпы, жұмыссыз борышкерлерден алимент өндіру қиынға соғады, – дейді Жаңақорған ауданы бойынша жеке сот орындаушысының алимент істері бойынша көмекшісі Дария Сариева.
Оның сөзінше, заңдылыққа сәйкес жұмыссыз азаматтың табысы 152 442 теңге болып есептеліп, бір балаға 38110 теңге алимент төлеуге міндеттеледі. Екі балаға – 50305 теңге болса, үш немесе оданда көп балаға 76221 теңге төлеуге міндетті. Ал, жұмысы бар азаматтарға айлық табысының белгілі бір пайызы есептеледі.
Баласының ақысын өндіре алмай жүрген аудан тұрғындарының қатарында Назира Мұстиярова да бар. Ол осы жылдың наурыз айында бір баласына алимент өндіру туралы сот шешімін қолына алғанымен, баланың әкесі жауапкершіліктен қашып жүр.
– Жолдасым Рахмен Құдияровпен ажырасуға арыз жазған жоқпын. Ол жұмыс іздеймін деген сылтаумен үйден кетіп, сол күйі қайтып келген жоқ. Амалсыздықтан алимент өндіруге арыз жазуыма тура келді. Жолдасымның қазір Орал қаласында тұрақты жұмыс жасайтынын да білемін. Енді сот орындаушылардың тарапынан маған көмек болып, алимент өндіріп берсе, – дейді Назира Мұстиярова.
«Торғай жауын жауса – балапанын қорғайды, бұршақ жауса – өз басын қорғайды», демекші қатері басымдау бұршақ жауғанда бауыр еті баласына қорған бола алмай, қара басының қамын күйттеп кететін шарасыздық біздің ер азаматтардың да басына туғандай. Десе де, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Біздегі әкелер жауапкершілігін сезінсе деген ой ғана.

Айсұлу АЖАНХАНҚЫЗЫ.
18 қыркүйек 2018 ж. 1 529 0