№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » 200 мыңның әлегі – қанағатсыздықтың дәлелі

200 мыңның әлегі – қанағатсыздықтың дәлелі


Жаңақорған аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 366 бабы 2 бөлігімен айыпты деп танылған мектеп басшысының кінәсі мойнына қойылып, заңды дәлелдемелер негізінде Қазақстан Республикасы КПК-нің 387-393, 393-398, 401-402 баптарын басшылыққа алып, сот үкім шығарды.

Тапа-тал түсте тас төбеден ұрған талайсыз хиқаяның тарихы төмендегіше өріледі:
Сотталушы Жаңақорған ауданы білім ошағының басшысы 2019 жылдың ақпан айының басында өзінің қызметтік бөлмесінде мектепте тұрақты 0,5 штаттық кітапханашы болып жұмыс атқаратын, сонымен қатар іс жүргізуші қызметін жұмыс берушінің рәсімделген бұйрығынсыз атқарып, ол үшін жалақысы төленіп жүрген азаматша М.А-дан іс жүргізуші қызметіне бұйрық шығару үшін 200 мың теңге талап еткен. Яғни ол мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген лауазымды адамға теңестірілген тұлға бола тұра пара берушінің пайдасына жасаған өзінің қызметтік өкілеттілігіне кіретін әрекеті үшін айтарлықтай мөлшерде жеке өзі ақша түрінде пара алған.
2019 жылдың ақпан айының 8 күні М.А талап етілген 200 мың теңгенің 15 мыңын қызметтік бөлмесінде қолма-қол берген. Осыдан кейін азаматша М.А сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша Департаментіне арызданған.
2019 жылдың 14 наурызы күні сағат 09.12 де Департамент қызметкерлерімен жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері барысында басшы өзінің қызметтік бөлмесінде М.А-дан мектепте 0,5 штаттық бірлікпен іс жүргізуші қызметін атқаруға бұйрық шығару үшін талап еткен қаржының қалған 50 мың теңгесін пара ретінде алған.
Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамай, өз жауабында төмендегіні көрсетті: М.А. өзі осы мектепке басшы болып келгелі бері іс жүргізушілік қызметті атқарып, сол үшін айлық алып келе жатқанын, М.А. өзіне 8 ақпанда 50 мың, 14 наурызда 50 мың, жалпы 100 мың теңге ақшаны қызметтік кабинетінде берген. Алайда өзі одан ақша немесе пара талап етпеген. Оның аталған ақша қаражатты не үшін бергенін білмейді, бұған өзі мән бермеген және ол жөнінде сұрап та үлгірмеген. Себебі ол онсызда іс жүргізушінің жұмысын атқарып, айлығын алып отыр. Сондықтан одан іс тіркеуші қызметін тұрақты етіп бұйрық шығару үшін пара талап еткен емес.
Басты сот талқылауында куә М.А. төмендегідей көрсетті: 09.09.2015 жылғы бұйрықпен мектепте 0,5 штат іс жүргізуші болып жұмысқа қабылданған. 02.10.2017 жылғы бұйрықпен кітапханашы ретінде диплом алуына байланысты іс жүргізуші қызметінен босатылып, 0,5 жүктемемен кітапханашы қызметіне тағайындалған. Алайда 31.08.2018 жылғы бұйрықпен мектептің іс жүргізушісі А.Р. жұмыстан босатылуына байланысты 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін 0,5 жүктемемен іс жүргізуші қызметін уақытша атқарып келеді. Бұл жөнінде арнайы бұйрық шықпаған, өзіне атқарылған қызмет ауызша жүктелген және атқарған қызметі үшін іс жүргізушінің айлығын алып келеді. Осы қызметін тұрақты етіп бұйрық шығару жөнінде мектеп директорына айтқанда ол өзінен 200 мың теңге талап еткен. Сот отырысында бұл аталғандардан өзге куәлер тарапынан тұлғалардың жауаптары қаперге алына отырып сот айыптау актісін жариялаған прокурорды тыңдап іс құжаттарын зерделеп, 10.03.2019 жылғы ақша қаражаттарын қарап-тексеру, химиялық өңдеуден өткізу және табыс ету туралы хаттамасымен, сол сияқты 14.03.2019 жылғы оқиға орнын қарап тексеру, дауыс үлгісін алу, жүргізу туралы хаттамамен, 15.03.2019 жылғы жасырын тергеу әрекетінің нәтижелерін зерттеу хаттамасымен, тіркеу туралы қаулысымен және қылмыстық істің өзге де материалдарымен толық дәлелін табады, және жан-жақты объективті дәлелдермен бекітіледі деп есептейді.
Сотталушының М.А-дан пара алмағаны жөнінде уәждері аудио және бейне бақылау жүргізу туралы қаулы негізінде жүргізілген М.А. мен мектеп директоры арасындағы әңгіменің үн жазба, бейне жазбаларымен теріске шығарылды.
05.03.2019 жылғы №15 к19 санды СД-R дискідегі үнжазбадағы: «Ағай, алдындағы нені беріп кете салайыншы. Қалай, енді нормально жүре берсем бола ма? Бары да, нары да сол болды, енді» деген сөздеріне «Ия» деп жауап берілген. Одан әрі «Алдында жүз елуден бір құтылдым ғой, айлыққа ұзатпайын деп едім ғой» деген сөздер жазылған.
Сотталушы У.Т-ға ҚР ҚК-нің 366 бабының 2 бөлігімен тағылған айыбы осы Кодекстің 4 бөлігінің талабына сай ауыр қылмыстар санатына жатады. ҚР ҚК-нің 53 бабына сай сотталушының бұрын сотты болмауы, жас балаларының болуы жауаптылықты жеңілдететін мән-жойларға жатады деп сот санайды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» №8 нормативтік қаулысының 28-тармағына сәйкес соттар сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар үшін кінәлі деп танылған адамдарға жаза тағайындауда саралап қарау туралы заңның ережесін қатаң орындаулары қажет. Осы ретте соттар «Қылмыстық жазаны тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы №4 нормативтік қаулысының түсіндірмелерін ескере отырып, қылмыстық жазаның тым жұмсақ немесе тым қатаң түрінің тағайындалуына жол бермей, жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін негізге алуға тиіс.
Сондықтан сотталушы Т.У. ҚК-нің 366 бабының 2 бөлігімен параның алпыс еселенген сомасының, яғни (200000*60) 12000000 теңгенің үштен екісінен аспайтын мөлшерінде 8000000 теңге айыппұл жазасын тағайындауға жатады деп сот санайды.
Сонымен қатар сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 366 бабының 2 тармағымен кінәлі деп танылған сотталушы мемлекеттік қызметте, судья қызметі, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкінде және оның ведомостволарында, мемлекеттік ұйымдарда, ұлттық холдингтерде, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияларда лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыру жазасына тағайындауға жатады деп шешті.
Қысқаша айтқанда, болмашы көлемдегі көлеңкелі табыстың әлегі арыстай азаматты осындай абыройсыз жағдайға душар еткені өкінішті-ақ.
Мақаланы жазып отырғанымда үстімнен кірген таныс кісіме осы бір келеңсіздіктің шет-жағасын айтып бердім. Сөйтсем ол ағамның бұл жағынан «көрген-білгені» жоқ емес екен.
«Қайта бұл баланың ынсабы бар екен» – деді ол таңдайын тақ еткізіп, – «Өткенде өзім осындай мектептің іс жүргізушісі орны босағанын естіп, қызымды орналастырайын деп сөйлескенмін. Ставкасы бұдан екі есе жоғары болатын» деді.
– Сонда айлығы қанша екен? – деп сұрадым.
– 35 мың, – деді ағамыз
– ?!...
Не деп айтарымды білмей, тілімді тістедім.
Бұл бір мектептің айналасындағы ғана емес, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, оңтүстік өңірдегі біраз мекемелерге тән жағдай. Бұған қоғам да әбден мойынсұнып алған. Дипломдық білім-білігі, қарым-қабілеттен бұрын қалтасын дайындауға қам қылатын ағайын алмақтың да салмағын арқалатып, періштені де жолдан тайдырар пейілге терең беріліп бара жатқанына жоғарыдағыдай көріністер дәлел. Кім ұтты? Кім ұтылды? Бір бауырымыз ұтса, бір бауырымыз тұтылып жатыр. Бұған заң түрінде жаза тағайындау бір басқа.
Өз арымыз алдындағы жауапкершілік ше? Мұны кім мойынға алады?

Баян ҮСЕЙІНОВА
20 шілде 2019 ж. 598 0