№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ТАКСИ ТҰРАҒЫ ҚАШАН РЕТТЕЛЕДІ?

ТАКСИ ТҰРАҒЫ ҚАШАН РЕТТЕЛЕДІ?


Жаңақорғанның жазылмайтын ауруының бірі – белгіленбеген орында такси қызметін жүзеге асыру. Бұл бағытта қаншама түсіндіру жұмысы жүргенімен нәтиже аз. Бұл орайда көлік жүргізушілерінің де өзіндік талабы бар. Ол – такси тұрағын ашып беру. Негізінде, аудан әкімінің қаулысына сай Жаңақорған кенті ішінен такси тұрағы үшін белгіленген 7 жер учаскесі бар. Алайда аталмыш аумақтар такси жүргізушілеріне тиімсіз. Мәселен, біріншісі Мұсаханов көшесі бойындағы орталық алаңның тұсы. Екіншісі, Хорасан ата көшесі бойындағы «Ғани» дүкеніне қарама-қарсы Раушан көшесі №1 үйін маңы. Үшінші, Құрманғазы көшесінің Тәуелсіздік көшесіне шығар диірмен жанындағы ашық жер. Төртінші, Б.Майлин көшесінің Тәуелсіздік көшесіне шығар тұстағы №97 үйдің маңы. Бесінші, Хорасан ата көшесі мен Тәуелсіздік көшесі қиылысындағы кіші саябақ алды. Алтыншы, Б.Майлин мен А.Құнанбаев көшесі қиылысындағы Б.Майлин №8 үйдің тұсындағы ашық жер. Соңғысы, Аманкелді көшесі бойындағы №148 сауда орны алдындағы ашық жер. «Айсұлу-2» мейрамханасының оң жақ беті. Байқасаңыз барлығын такси тұрағына лайықты орын деп айта алмаймыз. Ал нағыз халыққа қолайлысы «Казпоштаның» қарама-қарсы беті. Сосын, жаңа емхана мен аурухананың алдындағы «Тұруға тыйым салынады» деген жол белгілері «жомарттық» танытып тұр. Түсіндірме рейдіне шыққан сала мамандары такси жүргізушілеріне жолаушы тасымалдаушы көлік ретінде ауданның Мемлекеттік кірістер басқармасына кәсіпкер ретінде тіркелуіне үгіттеуден әрі аса алмай жатыр.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ДА АЙТАРЫ БАР

Зияудин қажы ӘБІЛХАЙЫРОВ,
Құрманғазы көшесінің тұрғыны:

– Біздегі басты мәселе – Құрманғазы көшесі мен Абдолла Алтый Сүлеймен тұйығындағы көлік кептелісі. №163 орта мектебіне баратын оқушылардың жартысына жуығы осы тұйықтан өтеді. Ал арғы жағында жаңа емхананың алды жұмыс күндері көліктен көз ашпайды. Әсіресе, такси жүргізушілері толып тұрады. Қыс, күз ауасы немерелерімізді мектепке ертіп апарып, алып қайтамыз. Өйткені, қазіргі көлік жүргізушілеріне сенім жоқ. Жылдамдықты тым арттырып жүреді. Сондықтанда сабақтан қайтар уақытқа сол Абдолла Алтый Сүлеймен тұйығына учаскелік полицей қойса деген тілек бар.

Ратбек БЕКТҰРҒАНҰЛЫ,
«Ордакент» көшесі тұрғыны:
– 1-қыркүйек білім күнінен бастап №110 мектеп-лицейінің алды көлік нөпірінен көрінбейді. Қалай болса солай, кесе көлденең қойып кететін автокөлік иелері оқушылардың қауіпсіздігіне қолайсыздық тудырады. Екі жыл алдын мектептен қайтқан оқушы қызымды көлік қағып кеткен болатын. Сондықтан жергілікті биліктен ата-ана ретінде білім ордасы маңындағы көлік қауіпсіздігіне қатысты мәселеге бей-жай қарамауға шақырамын. Өйткені, биік мінберлерде «бала – болашағымыз» деп жиі айтылады. Енді оны іс жүзінде асыратын сәт туды.

АЙНАЛМА ЖОЛДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Сондай-ақ кент тұрғыны Әлімжан Ержанов кент орталығынан айналма жол салуға қатысты ойын айтқан болатын. Төменде Әлімжанның пікірін толық беруді жөн көрдік.
Бүгінгі таңда кент орталығындағы көшелердің жолдары жөнделіп, қайта қалпына келтірілуде. Бұл жақсы. Десе де, бізді алаңдататыны – халық аузында «тесік көпір» атанып кеткен темір жол астынан өтетін көпірдің мәселесі.
Негізінде, бұл көпір ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында Орынбор-Ташкент темір жолды жүргізу барысында таудан келіп, көлге құйылатын бұлақ суларын өткізетін көпір ретінде салынған. Оған қоса, жылда көктем және қыс мезгілінде жаңбыр мен қардың суы да осы көпір арқылы сол көлге құйылып жататын. Қазіргі таңда көпірдің көл жақ бетінде орналасқан Накипов және Аманкелді көшелерінің жолдары биіктетілгендіктен, көпірдің асты төмен деңгейде қалып, жаңбыр мен қардың еріген сулары осында жиналатын болды. Сондықтан қанша асфальт төселсе де, судың салдарынан ол асфальт мүжіліп жарамсыз болып қала береді. Алайда көпірдің астында су жүретін арнайы лоток қаздырылып, беті жабылғанмен, ол лотокпен су жүрмейді. Бұл мәселе әлі де шешімін таппаған.
Жақында ғана осы тесік көпірдің астына асфальт төселіп, өтуге өте ыңғайлы етіп қайта қалпына келтірілді. Меніңше бұл ұзаққа созылмайды, себебі, алдағы қыс пен көктем сулары бұл жолдың бұзылуына қайтадан өз әсерін тигізеді.
Сондықтан көпірдің алдындағы Аманкелді және Накипов көшесінің қиылысына айналма жол жасауды ұсынамын. Өйткені Аманкелді көшесінен келген автокөлік кейде Ақмешіт көшесіне бұрылуға мәжбүр болып, жолдың тарлығынан және автокөліктердің көптігінен авариялық жағдай туғызып жатады. Айналма жол салынса Ақмешіт көшесінен келген көлік қана өтіп, Аманкелді көшесінен келетін көлік көпірден өту арқылы, Хорасан-ата көшесінен Құрманғазы көшесі арқылы кері бұрылып, Ақмешіт көшесіне түсе алады.
Мұндай айналма жол ескі «Маи бекеті» маңындағы «Sinooil» май құю стансасының маңындағы жол қиылысына да салынса құба-құп. Осы арқылы жол қауіпсіздік мәселесін шешуге болады.
Қорыта айтқанда жол қауіпсіздігі – қашанда қоғам назарынан тыс қалған емес. Жалпы жол белгілері көлік қозғалысын реттеу және көлік жүргізуші мен жаяу жүргіншіге маңайдағы жол жағдайын хабардар ету мақсатында қойылады емес пе? Олай болса, жол жиегіндегі көше көмекшілерімен қоса, тұрғындар да жол ережелерін сақтауға салғырттық танытпаса екен.
20 шілде 2019 ж. 824 0