№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ОТБАСЫ тұрақтылығы МАҢЫЗДЫ

ОТБАСЫ тұрақтылығы МАҢЫЗДЫ

Отбасы – шағын мемлекет. Қандай қоғамда болмасын оның маңызы кеміген емес. Осы орайда Елбасы 2016 жылы отбасы институтын қолдауға бағытталған отбасы саясатын қалыптастырудағы жүйелі қадамдар туралы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына қол қойған болатын.

Ішкі саясат басқармасы мен аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жө­нін­дегі аудандық комиссияның бе­кіт­кен іс-шара жоспарына сәйкес, аудан көлеміндегі әйелдер кеңесі ұйым­дастыруымен бірлесіп іс-шара жоспары әзірленді. Осы жоспарға сай біршама жұмыстар атқарылып келеді. Осы жұмыстар төңірегінде өткен басқосуда Көктөбе ауылының әкімі Б.Әбуов сөз алып, «Туған жерге туыңды тік» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілгенін айтты. Онда «Туған жер» бағдарламасы жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық се­зім­­ді қалыптастыру мақсатын көз­дейді. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаның мәні деп үш ерекшелікті атады. Олар: «Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу, экологияны жақсарту және елді мекен­дерді абаттандыру жергілікті тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру».
«Екінші, басқа аймақтарға көшіп кет­се де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіп­керлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдеріне қолдау жасау.
«Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс».
– Әрбір азамат үшін өзінің кін­дік қаны тамған жеріне сүйіс­пеншілік таныту, жастардың бойы­на патриоттық тәрбие ұялату – басты парыз. Осындай аза­мат­тардың қатарында «Рахман» шаруа қожалығының басшысы Күміс Құлма­нованы, жеке кәсіпкер Серік Үркімбаевті атауға болады, – дейді ол.
Осындай насихаттау арқылы ауыл жастарының бойына адамгершілік тәр­биесін сіңіріп, жаһандану үрдісінде елімізде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге жол ашамыз. №89 негізгі орта мектебінде жоғарғы сынып оқушыларымен «Отбасы және мектеп» атты ашық тәрбие сағаты өткізілді. Оған отбасының бірлігін сақтап, бала тәрбиелеп, қызмет пен отбасының тірлігін қатар алып жүрген мұғалім ұстаздар қатыстырылды. Олардың қатарында Сара Жәңгірова, Бибайша Әбілханова, ардагер ұстаз зейнеткер Гүлсара Жолдасбекова сияқты апа-қарындастарымыз жылы лебіздерін білдірді.
Қазақ халқының тума болмысында, отбасының тұрақтылығын сақтаудың, ұл мен қызды отбасылық өмірге дайындаудың, жетімдерді жасытпаудың тамаша бір терең гуманистік үлгілері қалыптасқан. Ауылда осындай әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізді отбасына сіңіріп отырған апа-аналарымыз жетер­­лік екен. Олар «Батыр ана» Жанат Өтепова, «Алтын алқа» иегер­лері Тыныштық Бурабаева, Гүлсара Жүсіпо­ва, Ұлбике Тұрлыбекова сияқты аналарымыз күнделікті тұрмыс-тірші­лігіміздің ұйытқысы болып, орта­сына үлгі-өнеге көрсетіп отыр. Көктөбеде белсенді халықтың жартысын әйел азаматтар құраса, соның 35 пайызы жұмыспен қамтылған. Олар білім беру мекемесінде, бала-бақшада, денсаулық саласында, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында жұмыс жасап келеді. Есепті жылдың бес айында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жап­пай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында бес азаматша кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіріп, «Бастау-Биз­нес» жобасымен оқуға тіркелсе, екі азаматша тұрақты жұмыспен қам­тылып­ты.
Аудан әкімі жанындағы әйелдер істер және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия төрайымы Әзия Қыстаубаеваның: «Көктөбеде отба­сында жиі кикілжің туғызатын ер азаматтар немесе әке-шешесі қосы­лып ішімдік пайдалану салдарынан ажырасып жатқан отбасылары бар ма?», – деген сұрағын тосындау қабылдаған көпшіліктің көңіліндегісін жеткізген ауыл әкімі:
– Құдайға шүкір! Кешегі келмеске кеткен Кеңес дәуірі тұсында ащы суға тойып алып, отбасының шырқын бұзатындар қазір жоқ. Жастарымыз иманға бет бұрған. Соның бір көрінісі – халал тойларымыз көбейіп келеді, – деп жауап берді.
Отанға деген сүйіспеншілік алдымен туған жерге деген ынтызарлықтан бас­талады. Тұңғыш Президент – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдар­ламасын жүзеге асыруға елім деген әр азамат үлес қосуы керектігін айтқан еді. Осы орайда Жаңарық ауылының әкімі А.Тұрғанбаевтың хабарлауынша, ауылда әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен бірқатар іс-шаралар өткізілген.Әйел­дер кеңесі төрайымы Гүлбазар Жұмаділ­лаеваның ұйымдастыруымен өтіп жатқан түрлі форматтағы шаралардың ауылдың дамуына зор үлестерін қосып жатқандығын атап өтті. 2019 жылы әйелдер кеңесінің ұйымдасыруымен «Ең әдепті келін», «Үздік отбасы» атты өнерлі отбасылары байқауы, «Аналар – асыл жандар», «Алтын кұрсақты ана» атты тақырыпта батыр аналардың жасөспірімдермен кез­десу­лері ұйымдастырылған. Ауыл жастары арасында «Атамекен» клубы құрылды. Клубтың мақсаты: жастар арасында,аудан аумағында көне ғасыр­лық тарихы бар орындар көп екенін таныстыру болып табылады.
Салауатты өмір салтын ұстанған ауылда түрлі спорттық шаралар жиі өткізіліп тұрады. Соның ішінде, волейбол, футбол, ат спорты үйірмелері жұмыс жасап, оған ауыл жастары белсене араласып, жарыс биіктерінен көрініп жүр. 5 мамырда Байкенже ауылында болып өткен КСРО оқу ісінің үздігі, спорт жанашыры Әбіл Оңғарбайұлын еске алуға арналған волейболдан аудандық біріншілікте ауыл жастары бас жүлдені жеңіп алды. Ауылдық округ төрағасының айтуынша, спорт кешені құрылысын бастағалы отыр. Сыртқы футбол алаңын жөндеп ретке келтіру, жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Елбасы Жолдауында «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді» деп тұжырымдауында үлкен мән жатыр. Халқымыз ер – азаматты шаңырақ иесі десе, әйел – ананы отбасының алтын қазығы деп жоғары бағалаған. Ерлі – зайыптыларға арнап айтылған осы бір тамаша теңеу ғасырдың тереңінен толғанып, өмірдің бай тәжірибесінен алынған. Сол тұжырымдама негізінде Сунақата ауылдық округінде де біршама жұмыстар атқарылып келеді. Бұл туралы Сунақата ауылдық округінің әлеуметтік қызметкері Мира Тұрлыбаева хабарлады.
Тұңғыш президенттің «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы Сунақата ауы­лында кеңінен насихатталуда. Ауыл­дағы әрбір мекеме арасында «Рухани жаңғыру – Ұлт болашағы» атты өнер сайысы өткізілді. Оған барлық меке­мелер атсалысып, қазақтың салт дәстүрлері кеңінен насихатталып, ауыл тұрғындарына рухани күш жігер сый­лады.«Рухани жаңғыру – Ұлт болашағы» атты мәдени шараның қорытындысы аудандық Жаңақорған тынысы газетінде жарияланып отырды. Сонымен қатар Елбасының 2019 жыл Жастар жылы деп жариялауына байланысты Сунақата ауылында «Жастар – ел ертеңі» атты жастар жылының ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Ауыл жастарының ара­ласуымен «Ұлыстың ұлы күні 22- Наурыз» мерекесіне кіші футболдан жарыс болып, гир көтеру, арқан тарту жарыстары өткізілді. 28-Сәуір күні «Өнерліге өріс кең» атты іс-шарада, жастар арасында жарыстар өткізілді .
Ауылда кәсіпкерлікпен айналысып жатқан аналар да баршылық. Олар­дың арасында Бержембаева Шырын­­күл, Қалымбетова Баян мал шаруа­шылығымен айналысса, Балқо­жаева Мадина бие сауып, саумал, қымыз өндіруде. Қазіргі таңда «Бастау-бизнес» бағдарламасымен жас кәсіпкер Елкеева Индира біліктілігін жетілдіруде.
Күн тәртібінде қаралған үш округ­тегі отбасылық институтын қалып­тастырудағы атқарылып жатқан кешенді шараларға қаныққан Жаңақорған ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия төрайымы Әзия Қыстаубаева отырысты қорытындылай келіп, қазіргі кездегі ауылдық жерлердегі отбасылық дәс­түрлі қатынасты қайта жаңғырту жолындағы міндеттерді ірі, ұсақ деп бөлуге болмайтындығын, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде жергілікті барлық қоғамдық ұйымдардың ортақ іске бір кісідей жұмыла кіріскені жөн екендігін бас айтты. Шындығында ауыл әрбір қазақтың ұшар ұясы. «Ендеше, оны көзіміздің қарашығындай сақтап, бола­шаққа аманаттау әрбіріміздің перзенттік парызымыз», – деп түйіндеді.

Ескендір ЕРТАЙ
02 шілде 2019 ж. 1 284 0