№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖИЫРМАҢЫЗДА ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТТІҢІЗ БЕ?

ЖИЫРМАҢЫЗДА ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТТІҢІЗ БЕ?

   20 жас. Бұл – адам өміріндегі армандаған мақсатына жетудегі алғашқы қадамдарын жасайтын негізгі кезең. Әрине, бұл шақты ойын-сауықпен ессіз өткізуге де болады. Десе де, елім үшін қандай пайда әкеле аламын деген оймен білім қуып, бәсекеге қабілетті ұрпақ болып қалыптасуға да болады. Осы тұста, бүгінгі қазақ жастары 20 жасында не бітірді? Ауыз толтырып айтарлықтай қандай жаңалық ашты? Бірінші кезекте, бүгініне тоқталмас бұрын, өткеніне көз жүгіртсек. Қазақ қайраткерлері арасында 20 жасында қоғамның дамуына өз үлесін қосып, тарихта із қалдырған зиялылар жетерлік. Дана Абай айтпақшы «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» демекші, жиырма жасында жетістікке жеткен тарихи тұлғаларды өскелең ұрпаққа үлгі қылу мақсатында атап өтсек.


Мұхтар Әуезов. Қазақтың заң­­ғар жазушысы. Ол – 20 жасында Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жол­сыз жаза» дастаны негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарады. Ал, келесі жылы Омбы қаласында өткен Жалпы Қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.
Ыбырай Алтынсарин. 20 жа­сында өзі сұранып, Торғай мек­тебінде мұғалім болып барған. Оған дейін ел ішіне мектептің пайдасын түсіндіріп, бірнеше баланы төрт жыл өз үйінде оқытады.
«...көптен күткен ісім орнына кел­­ді, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен бала­ларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім», – деп жазады Ыбырай белгілі шығыстанушы Н.Ильминискийге жол­даған хатында. Жалпы Ыбырай Алтынсарин сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісі негізінде құрған. Сабақты қазақ тілінде жүргізе оты­рып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысқан. Яғни, 20 жасында Ұлт ағартушысы атанған Алтынсаринның қазақ қоғамындағы білім саласына қосқан үлесі қомақты. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда 20 жастағы жігіттер университеттің екінші курс студенті.
Шоқан Уәлиханов. 19 жа­сында «Тоқтамыс ханның жарлығы» атты алғашқы ғылыми еңбегін жарыққа шығарып, бір жыл өткен соң Ыстықкөл экспедициясына қатысып, Қырғыз елін зерттейді. Жастығына қарамай, Шоқанның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы біле­тіндігін сол кездегі орыс ғалымдары жоғары бағалап, құрмет тұтқан.
Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ол 20 жасында «Айқап» жур­налына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасқан. Бірқатар әңгіме, мақалалар жазып, тұрақты түр­де журнал бетіне жариялап отырған. Жалпы, Торайғыров поэма жанрын жаңа арнада да­мытқан адам. Ол сюжетсіз поэ­маларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысқан. Алғашқы поэмасы «Таныстыруда» ол Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеген. Сондай-ақ Сұлтанмахмұт «Қамар сұлу» романында әйел теңсіздігі мәселесін көтеріп, дәуір шындығын әлеуметтік тұрғыда талдаған. «Кім жазықты» романында болса ауыл өмірінің шындығын жан-жақты суреттей отырып, қазақ халқының шаруашылық тұрғыдан жалқаулығын һәм алауыздығын сынаған.
Иә, бұл кешегі жаста болса, бас болып қазақ қоғамына сілкініс әкелген қоғам қайраткерлерінің 20 жасында атқарған шаруаларының бір парасы. Ал, бүгінгі жастар жиырма жасында қандай жаңалық ашты? Әлде сол телефонға телміріп, ертелі-кеш әлеуметтік желінің жетегінде жүр ме? Әрине, сұрастырдық. Таптық. Спорт, мәдениет, білім саласында жастар арасында жеткен жетістік жетерлік. Десе де, тәуелсіз Қазақстанның атын шетелге танытатындай не қоғам үшін пайдалы болған әлеуметтік жобаны жүзеге асырған жастарды әлі де іздестіру үстіндеміз. Егер білсеңіз хабарласыңыз. «Жастар жылы» аясында «Жаңа­қорған тынысы» газетінде «Талантты жастар тұғыры» атты арнайы айдар жүргізілуде. Әлгінде аталған 20 жасында зор жетістікке жеткен жаңақорғандық жастар болса, біз басылым бетінде ақпараттандыруға дайынбыз. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, бәлкім біз білмейтін вундеркинг болашағынан зор үміт күттіретін креативті жастар арамызда жүрген болар.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.


18 маусым 2019 ж. 868 0