Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ: КӨК БАЙРАҚТЫҢ АСТЫНДА...

ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ: КӨК БАЙРАҚТЫҢ АСТЫНДА...

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында заман талабына сай көне мен бүгінгіні қисынды ұштастыра отырып, еліміздің рухани кодқа сүйену қажеттігін ұтымды айтқан. Өйткені, бүгінгідей жаһандану заманына ұлттық жадымен ғана төтеп бере аламыз. Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпайды. Ал тарихи сананың тұғыры қашанда ұлттық болмыстан. Яғни, Тұңғыш Президент мақаласының негізгі өзегі – әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отырып ілесу.


Бүгін біз байраққа қатысты кеңінен тоқталғанды жөн көрдік. Өйткені, ту мен байрақ – егіз ұғым дегенмен, байрақтың туға қарағанда анағұрлым ерте пайда болғанын білеміз. Әрі бүгінгі күні маңызы мен пішіні ту мен жалауға айналғанын байқаймыз. Хош. Қазақ қоғамында тудың көтерілуі, тудың тігіліуі халықтың бір жерге ұйысып, ел болғандығын білдіретін әлеуметтік ұғым. Ту, байрақ көшпелілердің мемлекеттілігін айқындайтын басты нышан. Олардың әскери және мемлекеттік нышандарының қалыптасып, дамуы Еуразия даласындағы этникалық үрдістермен тығыз байланысты. Тарихи жазба деректерде көшпелілердің ордаларында биліктің нышанын білдіретін байрақ, тудың болғаны туралы мәлімет көп. Мәселен, қазақтың қару-жарақтарын зерттеуші ғалым Қ.Ахметжановтың айтуынша байрақ тудан пайда болған. «Байрақ тудан бұрын пайда болған. Ол – хандық биліктің, әскери лауазымның, батырлық дәреженің символдық белгісі. Бұл белгі патшалар, әскербасылар жүрген жерде көтерілген». Бұл ғалым пайымы.
Сондай-ақ байрақты скифтердің қолданғаны туралы дерек көп. Тарихқа көз жүгіртсек, көшпелі далада сақ, ғұн, сарматтардан кейін үстемдік құрған ежелгі түркі тайпаларының жоғары лауазымды әскери қолбасшылары бөрі бейнеленген байрақ көтерген. Бұл жөнінде көк түрік, тіпті одан әрі бағзы бабалардың өздері киелі санаған көк бөрінің басын байрақ етіп жауға шапқандығы туралы Сүйімбай Аронұлының жырынан көрініс тапқан:
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен!
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен!
Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза аламыз,
«Қарасайлап!» шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында,
Ту түсіріп, жау алған,
Қазыбек, Қастек атамыз...
Бөрілі байрақ – қалың қолдың намысын қайрап, жігерін жанитын қастерлі
де киелі зат. Сондықтан да ақын:
Бөрі басы — ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым! –
деп байрақтың жауынгерлік рухты көтеру, жеңіске жетудегі маңызын әйгілеп отыр. Бөріні ұран етіп жырлаған Бөрілі байрақтың таза алтыннан құйылған бір нұсқасы бүгінде Эрмитажда тұр. Баға жетпес бұл мұраны кезінде Оғыз қағанның өзі құйдырыпты деген дерек бар.
Оған қоса, жалауға қатысты да дәйекті дерек жеткілікті. Жалпы, жалау – түркі халықтарының жауға шапқан кезде матадан қиып дулығаға, иыққа, тағы да басқа затқа таққан арнайы айырым белгісі. Айта кету керек, еуропалықтардың погонындағы, жеңіндегі түрлі түсті жапсырмалары осы жалаудан бастау алады. Жалынды жалауға қатысты да жыраулар жырынан көрініс тапқанын байқаймыз.
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екемiз.
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екемiз! –
деп Ақтамберді батыр-жырау жырлағанындай, көшпелі елдің батырлары найзасының тамағына қоңырау байлаған. Бұл – жаудың мысын басып, үрейлендірудің және қарулас, қанаттастарына дем берудің бірі тәсілі.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Өткен жылы іс-сапармен Нұр-Сұлтан шаһа­рына барғанда Қазақстан Республикасының Ұллттық музейіне экскурсия жасаған болатынбыз. Сонда Ұлттық музейдің «Тарих» экспозициялық залында орналасқан Наймантайұлы Байғозы (1705-1803) батырдың боз туы жайлы мәліметті түртіп алғанымыз бар еді. Ендігі кезекте сол туды сипаттап берсек. Батыр ұстаған тудың пішіні төрт бұрышты болып келеді. Алдыңғы бөлігінің екі бұрышы қиылған, ал артқы желбірейтін бөлігі үшбұрышты. Мата бірнеше жерден тесілген. Ақ боз түс байырғы этномәдени ұғымда жеңістің нышаны дегенді білдіреді екен. Ұлттық музей экскурсоводы жалпы батыр Байғозы Наймантайұлы жайлы кеңінен мәлімет айтып берген болатын. Байғозы батыр қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғарлар шапқыншылығына қарсы жүргізілген ұрыста ерлік жасап, исі қазаққа аты жайылған батырдың бірі. Тәуке ханның бас батырларының бірі болған Наймантай баласы Байғозыны жауынгерлікке өзі баулып, әкелі-балалы батырлардың даңқы қатар шыққан. Байғозы батыр Қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған Бұланды, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қызылтау, Қалба, Аңырақай, Хантау, Ерейментау, Қарқаралы, Ыстықкөл шайқастарының бел ортасында болған. Енді батырдың жорық жолдарында өзі ұстаған жауынгерлік туының музейге келіп түсуі тарихына тоқталсақ. Байғозы батырдың ұрпағы әрі осы туды музейге тапсырған қазақтың этнограф-ғалымы Ақселеу Сейдімбековтың айтуынша, «Байғозы батырдың туы, ата дәстүрі бойынша қара шаңырақ иесі саналатын кенже баласынан өрбіген ұрпақтарының қолында сақталып келген. Батыр тікелей өзі басқарған, өзі басшылық еткен қол-қосындарымен соғысқа кіргенде алып шығатын өз туы болған. Туының түсі боз болған. Осыған орай, кезінде «Боз тулы Байғозы», «Байғозының боз тулы қолы» дейтін сөз тіркестері қалған».
Бұл бір. Енді екіншіден, мұндай көне ту біздің жазиралы Жаңақорған жерінде де бар. Бұл жөнінде толығырақ ақын, жазушы Адырбек Сопыбеков өзінің «Жаңарған Жаңақорған» кітабында былай деп жазады. «1995 жылдың күзінде Хорасан атаның 1100 жылдығы аталып өтіп, жүз қаралы киіз үй тігіліп, үлкен ас берілді. Аудан халқы, облыс азаматтарымен бірге Өзбекстан мен Қырғыз елінен, басқа да жерлерден баба ұрпақтары жиналды. Осы жиын-бас қосу үстінде 13 ғасыр бойы сақталып келген Әзірет Сұлтан Әліден сатылап келіп Хорасан атаға мирас боп қалған Туы хорасандық қожа, Қожакент ауылының тұрғыны Берден Төлегенұлын ақсақалға салтанатты түрде табысталды. Бұған дейін бұл ту Ташкент облысының, Янги-Юль ауылында тұратын Патша қожаның қолында болған. Тудың сабы қоладан құйылып, сүйір ұшы мыстан жасалған. Тудың жоғары жағында «Аллаху ахад», одан төменірек «Әли» деген арабша жазуды оқуға болады. Бұл Туды Берден қажы дүниеден қайтар алдында ұлы Әбілғазыға аманаттаған. Ал, Әбілғазы Төлегенов бұл Туды Хорасан ата кесенесі жанында орналасқан мешітке тапсырған. Хорасан ата Туы қазір осында тұр».
Қорыта айтқанда, ел намысы сарапқа салынар байрақты бәсекелерде, елдігіміз сынға түсер сындарлы шақтарды күн астында қыран қалықтаған көк аспан түстес байрағымыз әрдайым биік болғай!

Әбдісамат ӘБДІШ.
04 маусым 2019 ж. 1 370 0