Еңбегіне қарай өнбегі
Өз ісін өрге сүйреп, елге үлгі болып отырған абзал азаматтарды «Еңбек еріне» балайтынымыз бар. Сондай мадаққа лайық, іскер тұлға, білікті кәсіпкердің бірі – «Маржан» шаруа қожалығының төрағасы Құрманғазы Ақбалаев облыстық V Малшылар слетінде Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың қолынан «Құрмет грамотасын» алды. Әуелі еңбек адамының кәсіпті игерудегі іскерлік қабілетіне тоқталсақ.
«Еңбекпен тапқан нан тәтті», «Ер дәулеті – еңбек», «Еңбек ердің несібі» сынды қазақ нақылын өмірлік ұстанымға айналдырып, жастайынан қара жұмыспен айналысып, табысты кәсіпкер деңгейіне көтерілген Құрманғазы Өтегенұлы ең алғаш еңбек жолын 1993 жылы қарапайым дән тартатын диірменнен бастаған. Бүгінде егін мен мал шаруашылығын қатар игеріп, 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Жыл сайын 51 га жерге күріш егіп, 18 га жоңышқа мен 25 га-ны күздік бидайға арнаған кәсіпкердің Жер анадан алар өнімі де жоғары көрсеткіште. Өз қожалығында өсіп-өнген астықтарды асыл тұқымды малдарға жем-шөп ретінде қолданып, шаруасын дөңгелетіп отырған оның жайлауында 240 жылқы болса, төлдейтін ірі қара саны 150-ді құрайды. Ал, 700 бас уақ мал арнайы жұмысшы шопандардың бақылауында. 70 бас малды бордақылауға арналған арнайы алаң да бар.
– Бақыт, байлық – кәсіпкерлікті игере білгеннің еншісінде деп білемін.Шаруа қожалықты кеңейту мақсатында, мемлекеттен бөлінген қолдауларды сезініп, арнайы субсидия алудамын. Мал басына берілген жеңілдікті қажетті жабдыққа жұмсап, еуропалық стилдегі күннен қорғайтын мал қоралар салып, шопандарды заманауи баспана мен байланысқа ыңғайлы теледидар, интернетпен қамтамасыз еттім. Егін егетін түрлі техника мен аппараттарды да өз қаражатыма шетелден алдырдым. Аллаға шүкір, ешкімнің есігін қақпаймын. Себебі, шаруаға қажетті заманауи жағдайдың бәрі өз қожалығымызда жасалған, – дейді әбдіғаппарлық кәсіпкер.
Рас, бүгінде шаруаны шалқытып отырған «Маржан» жеке кәсіпкерлігінде жаңа стандарттағы техникалар жетерлік. Атап айтсақ, Енисей 1200 комбайны, Беларусь МТЗ-82 су жаңа тракторлары мен УАЗ автокөлігі шаруа қожалықтың тіршілігін түгендеп отыр. Шөп жинауға арналған қосымша құрылғыларды қоспағанда, бас-аяғы 10 техника аталмыш қожалықтың еншісінде. Осындай ерекше іскерлігі мен жаңашылдығының арқасында, аудан әкімі Ғалым Әміреев пен облыс әкімінің, ауылшаруашылығы министрілігінің «Құрмет» грамотасына лайықты деп танылған. Іскер азамат жары Бақтыгүлмен екі қызды өсіріп бақса, үлкен қызы Маржаннан немере сүйіп отырған жайы бар.
Шаруа қожалығында мақтана айтар жаңалықтар да баршылық. Соның бірі, күріш ақтайтын зауыт салынуда. Қытайдың Үрімші, Ухан сынды қалаларынан Құрманғазы Ақбалаев арнайы алып келген технологиялық аппараттар бір айдың ішінде іске қосылғалы тұр. Бұйыртса, Әбдіғаппар ауылынан шығатын жоғары сұрыпты «Ақ маржан» күріші республика ғана емес, шетелдік нарықта да сұранысқа ие болмақ.
Түйін. «Бақыт қайда барасың? Ынтымаққа» деген екен халық даналығында. Расында да, кәсіпкердің адамдық келбетін, парасат биігін пайымдай келе, жүрегіне еңбек, отбасы, ынтымақ ұғымын сыйдырған азаматтың ырысы адал еңбекпен келгенін ұғындық. Лайым, өз шаруасын шалқыта білетін Құрманғазыдай еңбек ерлері көп болғай!
Ханзада ДОШАН.