№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әбдусаттар Мырзабаев ауданның «100 жаңа есім» жобасына ұсынылды

Әбдусаттар Мырзабаев ауданның «100 жаңа есім» жобасына ұсынылды

      Сыр өңірі ауыл шаруашылығы саласы дамыған бірден-бір аймақ. Оның ішінде, Жаңақорған ауданының үлесі басым. Тіпті, Сырдың төрт түлігінің үштен бір бөлігі біздің ауданда. Қазір шаруалар мал басын көбейтумен қатар оны асылдандыруға басымдық беруде. Осы ретте, қасиетті қара жерден ризық теріп, мал басын асылдандырып, ауданның экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген еңбек адамы Әбдусаттар Мырзабаев ауданның «100 жаңа есім» жобасына ұсынылды.

 Материалдық өндірістің маңызды түрінің бірі – ауыл шаруашылығы саласы екені анық. Аталмыш сала халықты азық-түлікпен және өнер­кәсіпті шикізаттың түрлерімен қамтамасыз етуімен ерекшеленеді. Әсіресе, мал басын көбейтіп, егін еккен шаруалардың орны бөлек. Мәселен, бүгінде ауданда асыл тұқымды жылқы, ірі қара, уақ мал шаруашылығымен айналысатын 16-ға жуық шаруа қожалық бар. Со­лардың ішінде әлеуеттісінің бірі – Әбдусаттар Мырзабаевтың «Мырзабай» шаруа қожалығы.
– Бүгінде шаруа қожалық егін шаруашылығы және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолға алды. Сиырдың сүтті бағыттағы «Әулиеата« тұқымын өсіріп жатырмыз. Бастапқыда осы сиырдың 100 басын алған едік. Қазір оның саны 400-ге жуықтады. Алдағы уақытта осы шаруаны одан әрі дамытып, шет елдерден басқа да ірі қара тұқымын алып, оны көбейту жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.
Кезінде ата-бабалары тағдыр тәлкегімен ел асқан Әбдусаттар Мырзабайұлы Тәжікстанда дүниеге келіп, 1960 жылдары туған жердің топырағына қайта табан тіреп, алғашында Жетісайда тұрып, кейіннен Әбдіғаппар ауылына көшіп келеді. Мектеп бітірісімен Отан алдындағы борышын өтеуге Ресейдің Кемерова қаласына аттанып, екі жыл әскер қатарында болып, абыроймен елге оралады. Елге келісімен еңбек жолын Задарья кеңшарында жүргізуші болып бастап, күрішші механизатор болып, тынымсыз ізденісі мен еңбекқорлығының арқасында ауыл депутаты болып сайланады.
– Жас кезде жұмыс таңдаған жоқпыз. Кез-келген жұмысты істеп кете беретін едік. Жалпы, қасиетті жер ана еңбек еткеннің бейнетін жемейді. «Еңбек етсең емерсің« демекші қаншалықты тер төксең, соншалықты жеміске кенелесің. Ша­мамен, 1948 жылдары егін бітік шығып, күріштің гектарынан 63 центнерден өнім алдық. Осы жылы ауылға депутат болып сайландым. Содан бері егіннің қыр-сырын игеріп, әлі күнге осы шаруамен айналысып келеміз, – дейді кейіпкеріміз.
Дегенмен, 1992 жылдары жеке­шелендіру науқаны жүрді. Осы жылы желтоқсан айында «Мырзабай» ­ша­р­уа қожалығының негізі қаланды. Бастапқыда 5-6 адамнан құрылған қожалық құрамында бүгінде 20 от­басы бар. Олар күріш егіп, сүт бағытындағы «Әулиеата» тұ­қымын, ет бағытындағы жылқы ма­лын және мыңға жуық ұсақ мал өсіріп, шаруашылықтың жұмысын дөң­гелетіп, 10-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
  Қожалық иесінің айтуынша, бір сиыр тәулігіне 10 литрге дейін сүт береді. Алынған сүтті аудандағы «Жаңақорған май зауыты» ЖШС-не күніне 80-100 литрге дейін өткізіп, қалғанын жұмысшылар мен ауыл халқына бөліп беріп отырады.
Сондай-ақ, қожалық егін егуден де қалыс қалмаған. Мәселен, биыл 74 гектар жерге күріштің «Маржан» сортын егіп, гектарынан 47 центнерден өнім алған. Бұл шаруалар үшін үлкен жетістік.
Айта кететіні, Әбдусаттар Мырзабаев адам­гершілік қасиетінен тайған емес. Ол жылда аза­маттығы мен жомарттығын танытып, ауыл мектептері мен балабақшаларға демеушілік жасап отырады.
– Жалпы, Алла тағала қайырым жасағанға қайыр қылады дейді. Лажы болса, қолымнан келгенше айналама жақсылық жасауға тырысамын. Мектептер мен балабақшаларға және медреселерге, мұқтаж жандарға көмек қолын созу мен үшін үлкен парыз. Бармен бөліскен жақсы. «Кең болсаң – кем болмайсың» деген бар, – дейді ол.
Иә, өнегелі өмірін тынымсыз тірлікке арнаған еңбек адамының асқақ арманы да жоқ емес. Ол ауданда болашақта сүт және ет өнімдерін қабылдап, оны өзімізде өңдеп, сатылымға шығаратын зауыттар құрылса, сонда азық-түлік бағасы халыққа да қолжетімді болар еді, шаруалар да сандалмас еді деп тілейді.
Кейіпкеріміздің әр жылдары атқарған өлшеусіз еңбегі ескеріліп, облыс әкімі мен аудан әкімінің «Алғыс хатымен», Тәуелсіздіктің 10-20 жылдық төс­белгісімен және т.б. марапатталған.
Адал терін жерге төгіп, қара жерден ризық теріп, атадан қалған түрт-түлікті түлетіп, көпшіліктің ілтипаты мен алғысын арқалаған Әбдусаттар ағай жұбайы Шынар апай екеуі перзенттерінен 10-нан аса немере сүйген, өнегелі үлкен шаңырақтың иесі. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бүгінде оның шаруасын ұлы Әлмахан одан әрі дөңгелетіп, ауыл халқына ортақ игіліктің өрісін кеңге жаюға қызмет етіп келеді.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
06 қараша 2018 ж. 1 049 0