САПА БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ
«Жаңақорған тынысының» №38 (8256) нөмірінде жарияланған «Қоғамдық бақылауды күшейтейік» атты мақаланы түгел оқып шықтым. Түйгенім, жол бойындағы ауыз су құбырының құдық қақпағын ұрлау жиілеп барады екен. Шынында қасиетті Рамазан айында мұндай олқылықтың орын алғаны өкінішті. Десе де, бұған неге тосқауыл жоқ? Ел ағалары еңсе көтеріп жатқанымен, аудан азаматтары арсыз әрекеттен арылар емес. Алайда, бізге бәрінен бұрын сапаға мән беру маңызды...
Осы біздің азаматтар неге сонша майдаланып кетті екен?! Қаншама жыл аңсап күткен ауыз суға қол жеткізуге бір қадам қалғанда осындай масқара тірліктің орын алуы ұят жағдай. Осы тұста менің бір ұсынысым бар. Бірінші кезекте, аудандық жергілікті полиция мен кент әкімі бірлесіп әрекет жасау керек. Кент орталығындағы темір қабылдайтын кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, егер осындай жағдай қайталанатын болса, онда қабылдап алушы адамның да жауапқа тартылатынын ескерту қажет.
Өзім де құқық қорғау саласында ұзақ жыл еңбек еттім. Біздің кезімізде милициядан, аяқ тартатын еді. Қазір бәрі басқаша. Тіпті, бірнеше рет құқық бұзған азаматтарға шара көрілмейтінін көріп, естіп жүрміз.
Екіншіден, көше комитеттері, аудандық қоғамдық кеңестің жұмысы жүйеленуі тиіс. Өйткені сапаға мән беруіміз міндет. Тағы да айтамын, мұндай ауыз су енді кентке ғасырда да келмеуі мүмкін. Сондықтан, жауапкершілікпен қарасақ...
Шыны керек, ауыз судың сапасына мән берейік деп шырылдап жүргенде, екінші жағынан ұятқа қалып жатырмыз. Өзіміздің азаматтардан мұндайды күтпедік. Қайта құбырларға қадағалау жасап, дұрыс-бұрысын реттеп отыра ма десек, керісінше ұрлық жасағаны қалай?.
Қолда бар дерекке сүйенсек, Жаңақорған кентінде су құбырларын жүргізу жұмыстарына 3 914,12 млн. теңге бөлініп, 193 шаршы шақырымға су құбыры жүргізілді. Жоба бойынша мердігер компания «Темир-Строй Сервис и Ко» ЖШС ауыз суды жүргізуге қажетті 3056 құдық қазып, тиісті жабдықтарын орнатты. Енді осындай сындарлы сәтте ауызбіршілік танытып, ауыз су жүйесін дұрыс аяқтауда қоғамдық бақылауды күшейтуіміз тиіс-ақ.
Аға буын ретінде айтарым, ұрлық жасау – үлкен күнә. Кішкентай күнә жасауды тоқтатпау үлкен күнәға, үлкен күнә жасауды тоқтатпау иманға қатер алып келетінін имамдарымыз айтып жүр. Пайғамбарымыз (с.а.у) айтқанындай: «Иманы болған адам зина, ұрлық жасамайды». Ұрлық жасағанның ақыреттік жазасы да ауыр болмақ. Басқа басқа, қасиетті ораза айында жасалған ұрлықтың күнәсі де еселене түсетіні анық. Сондықтан ұят әрекетке бару – өте абыройсыз тірлік.
Қысқасы, қақпақ мәселесімен қоса, ауыз су жүйесін тапсырар сәтте алыс-беріс актісін қабылдамастан бұрын біздің атқамінерлер сапаға мән беретініне сенеміз. Яғни, 4-кезеңді қабылдап алар комиссия жұмысты таза, толыққанды атқарғаны дұрыс. Бұл біздің ардагер, аға буынның айтар уәжі болсын. Себебі, құнды құжат болашақ ұрпақ үшін өте маңызды. Мынаны ұмытпайық, осыған дейінгі суландыруға жұмсалған 3-кезеңнің жұмысы нәтижесіз аяқталды. Осыны ескерейік, қадірлі ағайын!
Әлібек СҮГІРБАЕВ,
құқық қорғау саласының ардагері, ауданның «Құрметті азаматы».