№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Енді ауыз су жүргізуде тағы бір мәселе шықты. Ол – құдық қақпағын ұрлау.

Енді ауыз су жүргізуде тағы бір мәселе шықты. Ол – құдық қақпағын ұрлау.

Редакцияға бір топ ел ағалары бас сұқты. Олардың арасында Жаңақорған кентіне су жүргізуші компанияның өкілдері де бар. Жасыратыны жоқ, ауыз су жүйесін жаңғырту, қайта жүйелеу жұмыстары өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Әсіресе, тұрғындарды ойдым-ойдым болған жолдарды қайта қалпына келтіру жайы алаңдатады. Сондықтан арнайы келген қонақтармен ашық-жарқын диалог құрдық.

  Сөзді «Қазақстанның Құрметті құры­лыс­шысы», «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» Алшынбай Тұртанов бастап:
– Облыс әкіміне рақмет! Жаңақорған кентінде ауыз су жүйесін жүргізуге ықпал етті. Қазір құбырлар толық қойылды. Бірақ, мердігер компания жолды тілмей, құбырды астынан өткізуі тиіс еді. Олай істемеді. Енді ойдым-ойдым жерлерді жамау жұмыстарын жүргізуде. Алғашқы Хорасан ата көшесін аяқтады. Сапасы да жаман емес. Енді ауыз су жүргізуде тағы бір мәселе шықты. Ол – құдық қақпағын ұрлау. Қала берді, құдықтың ішіндегі бөлшектерді кесіп әкетуде. Бұған жергілікті полиция қырағылық танытып, ұрыларды ұстап, жазасын бермесе болмайды. Бәрінен бұрын, көше комитеттері мен тұрғындар қоғамдық бақылауды күшейтуі керек – деп мәселенің мән-жайын түсіндірді.
Жаңақорған кентінде су құбырларын жүргізу жұмыстарына 3 914,12 млн. теңге бөлінді. Жоба бойынша мердігер компания «Темир-Строй Сервис и Ко» ЖШС кент ішінде толығымен 193 шаршы шақырымға құбыр жүргізді. Ауыз суды жүргізуге қажетті 3056 құдық қазылып, тиісті жабдықтары орнатылды.
Әңгімеге «Темир-Строй Сервис и Ко» ЖШС-нің жауапты өкілі Нұрсұлтан Андиров араласып: «Құбыр жүргізу жұмыстарын толығымен аяқтадық. Енді құдық ішін сырлау және басқа да құрылғыларын орналастыру жұмыстарын атқарудамыз. Бірақ, құдық қақпағын ұрлау тыйылар емес. Тіпті, қақпақтан бөлек, құдық ішіндегі қосалқы бөлшектерді кесіп әкетуде. Сөйтіп оны қара нарықта болмашы қаржыға сатуда. Ал, ондай заттарды қайта-қайта сатып алуға мүмкіндік аз», – деді.
Ұрыны оқиға үстінде ұстап, полицияға тапсырады. Бірақ, әлгі адам қайтадан ұрлық үстінде ұсталады. Мұны учаскі прорабы Алмасбек Бекмұрзаев дәлелді айтты:
– Алғашқыда Р.А. есімді ұры (Аралбаев көшесінің тұрғыны) МАИ бекетіндегі көшенің бірінен сервистік жүйе жалғанатын құдық ішіндегі бөлшектерді ұрлау барысында қолға түсті. Заң орындарына жеткізіліп, суретке түсіріп, саусақ іздері алынды. Алайда арада біраз уақыт өтісімен Түршеков көшесінен тағы да ұсталды. Әлгі адам қылмыс барысында ұсталып, арнайы шара қабылданса да, үйреншікті ісіне қайта кіріскені таңқалдырды. Қазір құдықтарды ішкі істер бөлімімен бірлесіп күзететін болдық.
Бірақ, барлық көшенің бойындағы құдықтарды бақылау мүмкін емес. Сон­дықтан, кент тұрғындары қоғамдық бақылауды күшейтуге мән берсе, – деп жаңақорғандықтарды жауапкершілікке шақыртты.
Бұл мәселе бойынша полиция бөлі­міне хабарласқанымызда, қоғамның игілігі үшін атқарылып жатқан жұмысқа кедергі келтіруші адам тергеліп жатқанын білдік.
Хош! Полиция қызметі ұрыға тиісті шараларын қолданатыны анық. Енді қақпақ ұрлау секілді «абыройсыз іс» те тыйылар...
Енді екінші мәселеге оралсақ.
Әдетте, іздеп тауып алу қиын маман­дар алдымызға келгендіктен, жолды жөндеу мәселесін де сұрадық.
Жалпы, Жаңақорған кенті көше­лерінің 85 пайызы асфальтталған. Мұнымен мақтануға болады. Алайда құбырларды жүргізу барысында көшелер 50-60 метр сайын тілініп, шұқырға айналды. Бұл жөнінде аудан әкімдігінде талай басқосулар өтіп, жолды қайта қалпына келтіру жөнінде нақты талаптар қойылды. Уәде бойынша мамыр айының басынан жолды жамау жұмыстары басталды.
– Кент көшелерін «Әзірет-жол құры­лыс» ЖШС қайта қалпына келтіріп жатыр. Ойылған барлық жол жөнделді. Хорасан ата көшесінен кейін Сұлтанбек Қожанов көшесі реттеледі. Одан кейін жоспар бойынша Зұлпыхар Мұсаханов көшесі, – дейді Нұрсұлтан Андиров.
Көшелерді қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін мердігер компания Қазсушар» РМК «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бір­лескен дирекциясы» филиалына өткізу жоспарлап отыр. Яғни, ауыз суды пайдаланар күн жақын.
Кездесу барысында «Арал» СЖҚБД филиалы сервистік жүйеге құжаттар дайындап жатқанын білдік. Жоба бойынша әр үйдің тұсына дейін су кіргізіледі екен.

P.S.: Бір анығы бұдан кейін қыруар қаржы бөлініп Жаңақорған кентін ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілмейді. Ендеше, 4 кезең бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызын түсініп, суды сапалы жүргізуде қоғамдық бақылауды күшейтуіміз керек. Жауапты сәтте көше комитеттері үн қосып, көше тұрғындарын жұмылдыра біледі деген ойдамыз...

Лаура БИБАСАРОВА.

21 мамыр 2019 ж. 884 0