№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорған ауданында Билер кеңесі құрылды

Жаңақорған ауданында Билер кеңесі құрылды


Жаңақорған аудандық әкімдігі және аудандық соттың ұйымдастыруымен аудандық әкімдіктің мәжіліс залында «билер кеңесін құру» мақсатында дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға аудандық соттың төраға міндетін атқарушы Ә.Б.Түбекбаева, аудан әкімінің орынбасары Ғ.Ж.Сопбеков, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекемелер басшылары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, АІІБ-нің полиция қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Көпшіліктің ұсынуымен билер кеңесінің құрамына ауданның құрметті азаматтары мен азаматшалары доғарыстағы судья К.К.Көпесова, Жаңақорған ауданы әкімінің кеңесшісі С.Ы.Ыдырысов, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Қыстаубаева, Жеке кәсіпкер П.Тұрғанбаев, ауылшаруашылығы саласының ардагері Ә.Шерімбайұлы сайланды.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сопбеков ашып Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты  бағдарламалық мақаласында қазақтың билер кеңесін ұлттық құндылықтар ретінде танып, халық арасында кеңінен насихаттау қажеттілігін айтып өтті.         
Сонымен қатар аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Ә.Түбекбаева  көшпелі қазақ қоғамының билер соты тарих қойнауында қалса да, оның беделі мен мәртебесі бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып отырғанын, ұлттық тарихымыздағы асыл қазыналарымызды зерттеу, оның шынайы нәтижелерін жарыққа шығару қай ұрпақ үшін де жоғары міндет болып саналатынын, қазіргі қоғамда билер кеңесі азаматтық дау-дамайларды шешіп, істі сотқа дейін жеткізбей әрекет ете алатынын айтып өтті. «Ел ішінде беделі салмақты, ауызы дуалы қариялар бар, сөзбен жанжалды ажырата алатын,  ауыл ақсақалдары бар, солардың басын қосып, билер кеңесін құрып, билер кеңесінің жұмыс істеу ерекшеліктеріне тоқталып, ел ішінде болып жатқан дау-дамай, жанжалдарды реттеп, соларды бітімгершілікке келтіру екенін түсіндіре келе, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен жүргізіліп жатқан «Татуласу, сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы аясында татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану өз септігін тигізуде. Айта кетелік жайт ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында сот ғимаратында қызмет көрсететін кәсіби медиаторлардың қызметіне 248 азамат жүгінсе, олардың 239-ы бойынша тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасып, осы негізде 239 дау бойынша сотқа дейінгі тәртіппен шешілгенін айтты.
Өз кезегінде сөз алған доғарыстағы судья К.Көпесова мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы  Ә.Төлегенов сотта және сотқа дейінгі татуласу институтының қоғам үшін маңыздылығын түсіндіріп, қазақ билер кеңесінің тарихын, бүгінгі таңдағы татуластыру рәсімдерінің шығу тарихын айтып өтіп, мемлекет және құқықтық құрылуындағы билер кеңесінің рөлін атап өтті. Сонымен қатар, дауларды шешудің тәсілдерін және медиация мен Билер кеңесі қызметінің дамуының маңыздығылығы туралы айта отырып, аудан бойынша татуласумен қаралған даулардың үлгісін және статистикалық мәліметтерді келтірді.
Шара соңында Ә.Түбекбаева мен Ғ.Сопбеков өз тараптарынан қатысушыларға билер кеңесінің тыңғылықты, әрі жоспарлы түрде қалың жұртшылық арасында жұмыс істеуі жөнінде пікірлері мен ұсыныстарын айтуды ұсынды.Сонымен, жиынға қатысушылар бірауыздан Билер кеңесін құрудың қажеттілігін қолдап, кеңестің дамуының маңыздылығын айта келе өз тараптарынан бұл бастаманы толықтай қолдап, билер кеңестерінің жұмыстарына барынша атсалысатындарын жеткізді.
Енді билер кеңесі ескі дәстүрді жаңғыртып, ақыл парасатымен қарақылды қақ жаруға күш салады. Билер кеңесі халық үшін қолайлы әрі сот органдарының да жұмысын жеңілдете түсері сөзсіз.

Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.
17 мамыр 2019 ж. 1 143 0