№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Кітап оқуға қызығушылық

Кітап оқуға қызығушылық

Кітап – адамзаттың ортақ құндылығы. Мәңгілік сарқылмас қазына. Адамның озық ой санасынан жаратылып адамның өзіне қызмет жасайтын, немесе жыл, ғасырлар елдің игілігіне жарап, қайталанбас тарихтың теңдессіз тартуы саналар тасқа басылған аса қымбат та қастерлі мұра – кітаптың құны бүгінгі күні айтарлықтай төмендеп барады. Кісінің жан дүниесіндегі кітапқа деген құмарлықты ақпараттық технологияның жетістіктері тықсырып, әр бетін парақтап отырып табиғи қабылдау, шынайы сүйіспеншілікпен оқу дағдысын тарылта түскені рас.
Енді қайтпек керек? Жас ұрпақ бойына рух жасампаздығын ұялататын, мейірім, ізгілік, отансүйгіштік, патриотизм идеяларын дарыта отырып, эстетикалық талғамды қалыптастыратын жетекші құрал-көркем әдебиеттің мәні мен мазмұнын қайткенде ұлт тәрбиесінің ұстынына айналдырамыз. Жалпы, кітап оқудың мәдениеті мен әлеуетін көтерудің қандай жолдары бар? Осы сауал төңірегінде аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде руханият жанашырларының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылған еді. Төменде осы пәтуалы ой-пікір талқысына қатысушылардың пікірлерін беріп отырмыз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ:
– Жаңақорғанда желелі әңгіме, желкенді сөз айтып, көптің көкейіндегі мәселелерді дөп басатын пәтуалы тұлғалар көп. Иә, бірі мазалаған ойын той-жиында ортаға салса, бірі шай үстінде әңгіме өзегіне айналдырып жүр. Әрине, түрлі деңгейдегі жиналыстарда да ойын бүкпесіз айтып, жұрттың алғысын алып жүргендер қаншама. Алайда айтылған сөз қанша салмақты болғанымен уақыт өте естен шығып, көмескілене түсетіні шындық. Осы себепті, аудандық басылымның шығармашылық ұжымы ақылдаса келе келелі ой иелерінің тұжырымды сөздерін қағазға қаттап, көпшілікке ұсыну мақсатында редакция жанынан «Көзқарас» пікір-талас клубын құрды. Ендігі жерде ел аузындағы пікір қалыптастыруға ықпал жасап, көзқарастар толқынын бір арнаға түсіру мақсатын көздедік.
Жасыратыны жоқ, қазақ қоғамының кітаптан алшақтап кеткені алаңдататыны хақ. Сондықтан кітапқұмар азаматтардың басын қосып, Кітап оқуға қызығушылық неге кеншін тартты? деген сұрақтың мән-жайын талқыласақ…

Жасұзақ АМАНБАЕВ:
– Біздің кезімізді қазіргімен салыстыруға болмайды. Ел жағдайы төмен еді. Бұл біздің кітапқа құмарлығымызға кедергі бола алмады. Қайта қол жетпеген нәрсенің қадірі биік болады ма, Максим Горкийдің шатырдың төбесінде тығылып кітап оқығанын еске алыңыз. Біз де май шамның жарығымен әжелеріміздің «пілтені түгесетін болдың» деп кейігініне қарамай, неше түндерді кітап оқумен өткіздік.
Қазір оқимын деген адамға жан-жақты жағдай бар. Бірақ құлық аз. Электрондық оқулық, аудио, видео дейміз бе, жас өркеннің әлемдік кеңістікті еркін кезіп, білім алуын өзіміз жүйелеп отырғанымыз жөн.
Бүгінгі толқынның кітапқа құмарлығының аздығының бір себебі, қазіргі шығып жатқан кітаптарда тартымдылық жоқ, «шөп те өлең, шөңге де өлең», көркемдіктен жұрдай, әшейін ақшасы бар біреулердің бәлдірбатпақ жазбаларынан тұратын жинақтар көп. Баяғыдай «Көркемдік кеңестің» елегінен өтпеген. Өлеңші көп, өнеге жоқ. Сосын жастарды неге кітап оқымайсың деп жазғыру да қате-ау. Осы ретте кітапханашыларымыз әдебиетті жарнамалау мәселесіне қатты көңіл бөлгені дұрыс. Ұлт маңдайына біткен классиктердің шығармалары дүркін-дүркін қайта басылып, сөрелерде қатар түзеді. Бұл үлкен жетістік. Осылар қазақ оқырмандарымен қауышуы керек. Ұлт дәстүрін, құндылықтарын сақтап қалудың мықты тетігі осында жатыр.

Ермағанбет ИБРАГИМОВ:
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны іледі» деген бар. Қарғаны қанша баптасаң да қыран болмайды. Менің ойымша, ата-анасы кітап оқыған үйдің баласы да кітаппен дос болады. Менің жеке кітапханамда 5000 кітап қоры бар. Көбі мамандығыма сәйкес шаруашылық, экономика, ғылыми тақырыптарға арналған. Дін мәселелері де бүгінде өзекті. Қалғандарының барлығы көркем шығармалар.
Кітапқақұмарлығым бала кезден басталды. Манап ауылында кітапханашы Мүтәсан деген апайымыз болды. Бір күні кітап жаздырып алып кетіп, өткізуге қайта алып келдім. Үлкен, жылтыр қағазды кітаптағы батырлардың суреттерін көріп-көріп алып барғанмын. «Не оқыдың, не түсіндің» деп сұрады. Мен оқымағанмын. Кітаппен басымнан бір қойды. «Оқымасаң кітапты неге аласың?» Мен ұялып, безіп кеттім. Жазғы каникулда кітапханашы апам үйге келді. Қолында бір бума кітап, түгелімен маған берді. «Оқы» деп басымнан сипады. Бірінен өткен бірі қызық. Ертегі, хикая, әңгімелер. Мен содан бастап кітапты іздеп оқитын болдым. Бүгінде төрт кітапхананың тұрақты оқырманымын. Қазірде ұлтымыздың тарихын түсінуге індете кірістім. Қазақ тарихын моңғол деректері бойынша, түрік деректері бойынша зерттеу еңбектерін, шежірелерді салыстыра оқып, зерделеп, үлкен ізденіс үстінде жүрмін.
Әр ата-ана баласына кітап оқуды әдет еткені дұрыс. Тәрбие үйішілік әдеп-дағдыдан басталады. Руға бөлінушілікті қоюымыз керек. Қайта балаларымызды биік мәдениетке баулып, жалпыадамзаттық құндылықтармен қауыштыруды мақсат еткеніміз дұрыс.

Жеңіс ТАЛАС:
– Кітап оқуды насихаттау керек. Мәселен, шоу-бизнесті алайық, жаманды-жақсылы деңгейде эфирге шығып, мақтауды да, сынды да көтеріп жүр. Бірақ түптің түбінде ұлттық тілді, өнерді, халықтың әндерін солар насихаттап жүр.
Кітапқұмарлар ортасы қалыптасуы керек, мектептерде, арнайы оқу орындарында олар насихатталуы тиіс. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам. Қараңғылықтың кегіне күн болмағанда кім болам? – деп ұлтын оқу-білімге үндеді. Бұндай мақсат, ықылас, әрбір көзі ашық, көкірегі ояу, зерделі жанға парыз.
Мұсылманшылықта да «Білімді жайыңдар» деген. Өзім ғана болдым, толдым демей, әрбір ақыл иесі жалпы әлеуметті алға қарай жетелесе елдің өрлеуіне үлес қосқаны. Қандай салада болмасын сапа мәселесі басты орында тұруы тиіс. Шетелдерде солай. Кәсіби маман мәселесіне қатты көңіл бөлінеді. Жақсы жұмыстың өзі – жарнама. Бізде бұл жағы ақсап жатыр. Мәселен, біздің уақытымызда еліміз бойынша 17 ғана университет бар еді, кейін олар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Мұны қағаз жүзінде қаттауға болар, бірақ кадр мәселесінсіз, ғылыми әлеуетсіз сапаны қалай қалыптастыруға болады!
Қазір кітап оқуға көзқарас кемшін. Уақыт жоқ деген бұл сылтау, құнт жоқ. Жалпы өнімді оқу кезеңі 20 жасқа дейін деп есептеймін. Осы кезді тиімді пайдаланып қалу керек. Кеңес өкіметі кезінде сыртқы ақпаратқа есік тарс жабылды. Өз-өзімізді дәріптеп, өзгенің бәрін жау санаған саясат салтанат құрды. Ал, ақиқатына келгенде, халықпен халық жау болмайды. Олардың арасындағы жабық шекара да ашылды. Бірінің озық техникасының жетістігін екіншісі пайдаланып отыр. Халықтардың ортақ арман-тілегін, мұң-мүддесін айқындайтын ұлы өнер мен мәдениет-достықтың да тірегі.

Маржан АЙЖАНОВА.
– Аудандық кітапханада 37807 кітап қоры бар. Оқырман саны 4612. Балалар кітапханасында 25675 кітап қоры, 2448 кішкентай оқырманымыз бар.
Баланың кітапқа деген қызығушылығын 6-7 жаста қалыптастыру керек. Бұған әсіресе балабақша тәрбиешілері баса мән беруі тиіс. Науай айтқандай, «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына». Бала кітап арқылы білімге жол ашумен қатар зейін-зердесі қалыптасады. Сұлулықты түсінеді.
«Кітап оқудан тиылсақ ой ойлаудан да тиылар едік» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, кітапты таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу әрбір адамның білімі мен білігін, пайымы мен парасатын айқындайды. Кітап – адамның жан азығы, рухани байлығы. Кітаппен дос болған адамның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы, жанжақты танылары рас.
«Кітап – әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі» дейді М.Горький. Онда біз әлі білмейтін, естіп оқымаған нешеме сыр бар. «Артық білім – кітапта». Ерінбе оқып көруге дейді ұлы ақын Абай.
Мектеп жасындағы оқушылардың кітаппен дос болуында үлкен тәрбие мектебі жатыр. АҚШ кітаптанушыларының зерттеуі бойынша 10 жасқа дейін кітап оқуды дағды еткен бола түрмеге түсу, нашақор болу секілді жағымсыз әдеттерге бармайды деген қорытынды жасаған.
Кітаппен шыңдап жұмыс істей алмау біреулердің кітапқа деген сүйіспеншілігін мұқалтса, енді біреулерді жүйесіз, ойланбай оқуға әкеліп соқтырады. Сондықтан басылған шығарманы дұрыс пайдаланып, ақпарат алу үшін бір ғана оқудың техникалық дағдысы жеткіліксіз. Ол үшін оқу мәдениетін игеру керек.
Мектеп оқушылары оқу бағдарламасына байланысты оқулықтарды пайдалануды ұнатады. Дегенмен, көпшілігі материалды меңгеруіне байланысты электронды оқулықтарды, интернетті пайдаланады. Кітапханада ерекше көп оқылатын жанрлар – детективтер, қазіргі жас жазушылардың шығармалары. Дегенмен, классикалық шығармаларды, тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи романдарды, өлең-жырларды оқитындар аз емес.
Көп оқырмандардың үйінде өздерінің жеке кітапханасы бар екенін білдік. «Бір ел – бір кітап» акциясы ұйымдастырылды. Аталған жоба бойынша бір әдеби шығарманы бір мезгілде оқуды ұсындық. Соған орай біз сауалнама жүргізген едік. Соның негізінде оқушылар Жырау, ақын Дулат Бабатайұлының «Өсиетнама» кітабын, М.Жұмабаевтың жырлары мен дастандарын, М.Әуезовтың «Абай жолы», І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романдарын, М.Мақатаевтың лирикалық жырлары мен поэмаларын, тәуелсіздік кезеңінде жазылған әдебиеттерді оқуға ерекше ықылас қоятынын байқадық.
Кітапхананың алдында өз оқырмандарына кітаппен, ақпаратпен жұмыс істеуге көмектесу, іс-шараларды өткізудің жаңаша түрлерін қолдану, оқу мәдениетін тәрбиелеу міндеті тұр. Кітапхана өзінің күн сайынғы жұмысында оқырмандармен жұмыс істеудің әртүрлі әдістерін пайдалана отырып, оқу мәдениетіне, өсіп келе жатқан жас ұрпақты ақпараттық мәдениеттілікке тәрбиелеуге міндетті.
Жастардың арасында детектив, фантастика жанры көп оқылады. Бұдан бөлек, қандай нарық заманы болмасын, мемлекеттік идеология кітап оқу болуы керек. Қазіргі біздегі идеология – қаржы. Кез келген бала «Мен бай болсам». Ал ата-анасы «Менің балам бай болса» деп ойлайды. Ұжымдық емес, жекелеген нарық заманында негізгі құндылық ақша болып тұрғанда кітап оқу мәселесі қалып отырады.
Маман ретінде жаңа инициатива көтеріп отырмын. Бұл әлеуметтік жобаның маңызы зор.
Жобаны іске асыру нәтижесінде жүріп-тұруы шектеулі мүгедектігі бар адамдар кітапханаға түсетін жаңа кітаптар мен баспа шығарылымдарын оқуға мүмкіндік алады. Кітапхана қызметшілері кітаптар мен баспа шығармаларын оларға жеткізумен қоса әрқайсысымен жеке әңгімелеседі, жаңаларын ұсынып отырады, яғни қызмет көрсететін адамдардың ақпараттық қажеттілігін толық қанағаттандырады.

Ақтұйғын ЮСУПОВА:
– Мен айтар едім, бүгінгі күні адамдарымыздың кітап оқудан тысқары қала бастауының бір себебі – аттаған әр қадамыңыз ақша керек болатын күнделікті тіршілік қамы руханиятқа деген ынтасын төмендетіп жіберді. Бала кітап оқып, ойын қорытудың орнына теледидардан дайын өнімдерді көруге бейім. Мұның барлығы балалардың кітап оқуына үлкен кедергі келтіреді. Ал ата-аналар тым жұмысбасты. Баласына жете көңіл бөлуге олар уақыт таппайды.
Қазақ балаларын қазақ әдебиетінен алыстатып алмаудың амалы қандай? Кітапқа деген баланың қызығушылығын қалай арттырамыз? Менің ойымша қазіргі кезде оқырман баланың қызығушылығын арттыру үшін «балабақша, мектеп, кітапхана, мұғалім, ата-ана» деген ара-жігі ажырамайтын схемамен жұмыс жасау қажет. Балабақша табалдырығын аттаған күннен бастап кітаппен достасуы керек. Жыртпауға, сызбауға, боямауға үйреніп, құрметтеуі керек. «Әліппені» бітіріп, әріп таныған баламен кітапхананың қарым-қатынасы тығыз бастау алса нұр үстіне нұр.
Кітап оқымайды деп байбалам салғаннан гөрі жан-жақты қызмет жасауымыз қажет-ақ. Қазақтың көркем тілі – қазақтың көркем әдебиетінде. Ал әр ұлттың әдебиеті мен тілі ең алдымен әр ұлттың өзіне керек.

ТҮЙІН: Иә, жас таңдамайтын, шекара талғамайтын адамзаттың ұлы мұрасы – рухани қазынамызды ұлт игілігіне жатаруда жан-жақты жанашырлық қажет-ақ.
Кітап оқу – зияткерліктің ең биік үлгісі. Ал кітапхана тек көркем әдебиеттің ғана емес, ақпараттың, зияткерлік-ғылыми зерттеу орталығы. Тіпті әлемде кітапханасы арқылы даңқы мәңгілікке жайылған рухани орталықтар бар. Мәселен, Мысардағы Александрия кітапханасы. Сол сияқты ІХ-ХІ ғасырлардағы Бұқара, Самарқанд, Отырардың тарихта қалуы бай мәдениетінің, кітапхананың арқасында.
Кітап – қоғамды ғана емес, өзіңді өзің тану үшін де керек.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
13 мамыр 2019 ж. 5 271 0