№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КӨШЕ КІТАПХАНАСЫ: ТАЛҒАМ МЕН ТАНЫМ КӨРСЕТКІШІ

КӨШЕ КІТАПХАНАСЫ: ТАЛҒАМ МЕН ТАНЫМ КӨРСЕТКІШІ



Кітап – ақылына ақы сұрамайтын қазына десек, енді жаңақорғандықтар «көше кітапханасынан» қазыналы кітаптармен сусындай алады. Иә, кент тұрғындары Халыққа қызмет көрсету орталығының маңында «көше кітапханасының» ашылуына куә болды.

Тың бастамаға мұрындық болған аудандық орталық кітапхананың директоры Әсем Тілеубергенова жаңақорғандықтардың кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, жастардың кітапқа қызығушылығын арттыратын жобаға белсенді қатысуға шақырды.
Салтанатты шараны ашқан Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми кітапхана директорының орынбасары Бақытнұр Мырзаханова:
– Адамның оқыған кітабы өмірлік ойларының көрінісі, көрсеткіші екені рас. Мұны ресейлік ғалым Николай Пирагов қуаттап «Сен қай кітапты оқығаныңды айтшы, мен сенің кім екенінді айтып берейін» депті. Енді жаңақорғандықтардың талғамын арттыруда «көше кітапханасы» көмектесе алады. Қазақ әдебиетіне классик ақын-жазушылар сыйлаған өлкенің тұрғындары игілікті іске лайықты үлес қосатынына сенемін, – деді.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосова Жаңақорған ауданында кітапқа құмар оқырмандар шоғыры қалыптасқанын, олар «көше кітапханасының» дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.
Жасыратыны жоқ, нарықтық қоғамда рухани қажеттілікке қарағанда материалдық құндылықтарға басымдық берілуде. Соның салдарынан кітап оқу мәдениеті дағдарысқа ұшырап, жастар еркін ойлауға, ауызекі тілде көркем сөйлеуге қабілетсіздік таныта бастады. Сондықтан, әлемнің озық елдер кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды мықтап қолға алды. Оған АҚШ, Испания, Италия, Жапония, Корея және т.б. елдерде бір кітапты жалпы қала болып оқу идеясын көтерген «Бір ел – бір кітап», «Кітап оқуға құмар қала» акциясының өтуі мысал болады.
Кітапқа құмарлықты, қызығушылықты арттыратын тағы бір жоба – көше кітапханасы. ХХ ғасырдың 90 жылдары Австрияның Грац қаласында «ашық кітапхана» атауымен пайда болған кітапхана кейінірек Германияның Гамбург және Майнцте қаласында қолданысқа енеді. Бүгінде АҚШ, Нидерландия, Швейцария, Ресей сынды елдерде аялдамада, жағажайда т.б. қоғамдық орындарда тасымалды кітаптар жүйесі күндіз-түні жұмыс жасайды.
Осындай кітапхана Жаңақорған кентінде ашылуын үлкен бастамаға баладық. Кітапхананың артықшылығы жайлы №110 мектеп-лицейдің оқушысы Ролан Біржанов пайымы жеткенінше түсіндіріп берді.
Талапты оқушының сөзінше, француз оқымыстысы Пьер Бауст «Наданмен қас болғанша, Кітаппен дос бол» десе, орыс жазушысы Лев Толстой «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей» депті. Ал, Абай Құнанбайұлы «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп кітаптың қуатын айтады. Оны Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқыған сайын куә боласың. Сондай тағылымды кітаптарды көше кітапханасына қойып, жастардың білімді меңгеруіне бағдаршам етуге болады.
Айта кететіні, көше кітапханасының ерекшелігі кез келген тұрғын өзіне ұнаған кітапты алып оқуға мүмкіндігі бар. Тек, сөредегі туындыны қайта орнына әкеп қоюға немесе басқа кітаппен алмастырса болғаны. Оқырмандардың белсенділігіне қарай кітап қорын толтыруға да болады.
Жиналушылар мұндай кітапхана аудандық аурухананың жанынан да ашылса дұрыс болатынын жеткізді.

Түйін. Ұлттың сана-сезімінің көкжиегін кеңейтетін құралдың бірі – кітап. Оған қаншалықты қызығамыз? Жастарды кітап оқу мәдениетіне үйретуге қаншалықты құлықтымыз? Бұл сұрақтарға көше кітапханасының жүргізу деңгейі арқылы бағамдауға болады. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.

Қайбулла РҮСТЕМОВ.

09 ақпан 2019 ж. 1 298 0