Азаматтың бір қанаты – Қазанат
Біздің мемлекетіміздің Елтаңбасында қанатты қазанат бейнеленген. Ол халқымыздың қиялы мен арманы, мақсаты мен мұраты, тарихы, тағдыры, жарқын болашағының жарқын белгісіндей әсер қалдырады.
Қазақтың бүкіл өмірі, тағдыры, тыныс– тіршілігі жылқымен тікелей байланысты. Елтаңба елдің елдігін, халықтың халықтығын, оның бүкіл болмысын бейнелейтін белгі, таңба. Бұл таңба қазақтың мінезі, куәлігі, құжаты, тіпті алдағы кезеңдегі сара саясатының символы да іспеттес.
Қазақ жылқы үшін жаратылған, жылқы қазақ үшін жаратылғандай. Екеуі ажырағысыз егіз ұғым. Қасиетті, кең, дархан, жомарт даламыздың киесі де, иесі де қазақ және оның қос қанаты – қазанаты десек қателеспейміз.
Жылқы бейнесі қазақтың ауыз әдебиетіндегі жырларында, дастандарында, қиссаларында, ертегілерінде, айтыстарында, өлең-жырларында анық көрініс тапқан. Тіпті адамдардың да жақсы қасиеттері жылқы арқылы бейнеленген. Қазақ тілінде дүлдүл, тарлан, арғымақ,тұлпар деген теңеулерді адамның шешендік, тапқырлық, алғырлық, ақылдылық қасиеттерін танытатын көркем балама етіп пайдалану ерте заманнан бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан үлгі. Халық мақалдарында жақсы аттың жақсы адаммен, сұлтан жігіт, сұлу қызбен қатар айтылатыны де тегін емес. Мысалы:
Жорға жалына тоқтар,
Жақсы жөніне тоқтар.
Хас жүйрікте сын болмас,
Хас сұлуда мін болмас деген жолдар осының дәлелі.
Қазақта тұлпарды жырға қоспаған ақын жоқ. Түркі тіктес халықтардың ортақ жыры – «Көрұғлы» дастанын алып қараңыз. Қобыландының «Тайбурылы», Алпамыстың «Байшұбары» асқақтықтың символы, ортақ шежіресі емес пе? Жауынгер жырау Ақтамберді армандаған арғымақтарды қалай айтпасқа? Ал Абай сипаттауындағы «Аттың сыны» тіптен басқаша. Аттың болмысын, қадір-қасиетін көз алдымызда тірі тұрғызады. Сәкен Сейфулиннің «Қызыл ат» поэмасында аттың сұлулығын, мүсін-сымбатын, қимыл-қозғалысын бейне бір сұлу жар іспетті жарқыратып жырға қосады:
Сүйріктей аққу мойын, алма сабақ.
Безенген шыбық дене, кербез сағақ.
Наз сұлу, наз қимылды құралайым,
Садақтай ұзын кірпік, гауһар қабақ»
Қазақ әдебиетінде «Жыр құлагері» атанған Ілиястың «Құлагер» поэмасындағы ат бейнесі қазақ елі тіршілігіндегі аттың алған орнын ерекше танытады.
Қай қоғамда да қазақтың алдында жүрген, арбасын сүйреп, бірге қайғырып бірге күлген ақыны мен жазушысының арғымақты асқақтатып, ішінде жатқан бар арман-мұңын соған теліп, соған шағынып, сонымен шаттанып, сонымен бақ тауып, серпілуінің, жігерленуінің сыры неде?
Бір ой келеді, бүгін неге сондай отты жырлар тумайды. Әлде, арғымақ аттан арамыздың алшақтап, ажырап қалғандығымыздан ба? Өңшең көк жасық жыр, көңілсіз жазбалардан көз жаза алмай жүргеніміз. Өлең-жырды былай қойғанда, жеке адамдық қалпымыз, өмір сүру әдет салтымыздың өзі жанымызға жал бітірер қазанатымыздан қол үзіп қалған соң қаражаяу қалғандай, азаматтың бір аты - қазанатпен достығымыздың кемігені қазекемнің алдынан қайта-қайта кесекөлденеңдеп, қанатын кең жаза алмай келе жатқаны ақиқат.
1995 жылы шілде айында Абайдың 150 жылдық тойы өтті. Бұл – дүниежүзілік, бүкіладамзаттық маңызға ие оқиға еді. Осы салтанаттың құрметіне ұйымдастырылған мәдени шаралардың ең айтулысы қазақтың сүйегіне сіңген ұлттық бәйгесі болды. Аламан додаға республиканың барлық облыстарынан, таяу көрші елдерден жүздің үстінде сәйгүліктер қатысты. Бәйгеде Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Алғабас ауылынан Ахметов Орынбай қосқан Ызғар арғымағы топ жарды. Сол кезде осы тойға біздің аймақтан барып қатысып қайтқан өкілдің әңгімесі әлі есімізде: "Бәйгеге қатыстырылатын жүйріктердің аттарының өзінен ат үркеді. Оларды микрофон арқылы самбырлап, сап түзетіп сайыс алаңына шығарды. Брег дейді, Эверест дейді, кілең керемет атаулар. Соның барлығынан қара үзіп, мәрені сызып Сырдың сәйгүлігі, сар желіп алдымен жетті. Бренд емес, аты қарапайым – “Ызғар қасқа”. Жаңақорғанның Ызғарында туылған құлынға "Ызғар қасқа" деп атты қоя салған. Оның өзіндік қызық тарихы бар: Орынбайдың айы, күні жетіп тұрған биесі бір күнде қолды болады. Иесі биені барын салып, жер-көктен іздейді. Аралдан бастап Шымкент, Арыс, Созақ, Төрткөлдің базарларына адам жібереді. Із-түз жоқ. Сол Сарықасқа жоғалған күні көршісі Наужан қария Сарыағаштағы балаларына пойызбен бара жатқанда вагон ішінде үш-төрт қазақ жігіттері Шиеліден асыл тұқымды бие мен ат әкелгенін әңгімелеп отырғанын құлағы шалып қалады. Қария қулығын асырады. Сол жігіттердің біріне: Шырағым, Түркістанда қонатын үйім жоқ, мекен-жайыңда бір түнеп шығуға рұқсат етесің бе, – деп жақауратып аналардың тоқтайтын жерінің, жап-жапсарын біліп алады.Содан іле-шала пойыздан түскен соң ауылға кері қайтып, жоғалған малдың хабарын жеткізеді. Ішкі істер бөлімі қызметкерлері дереу ізге түсіп, құлындаған Сарықасқаны Шиеліге жеткізеді. Кейіннен белгілі болғаны, ұрылар түн ортасында жылқыны жетектеп, Жаңақорғанның "Ызғарына" жеткенде бие құлындайды. Қауіптенген ұрылар дариядан жүзіп өтіп, құммен Түркістанға тартады. Содан да құлынның аты Ызғар деп қойылған екен.
Ызғар дүбірлі жарыстарда оза шауып, бірнеше рет бас жүлдені жеңіп алды. 1995 жылы Абайдың тойындағы Бас жүлдесіне Татарстан президенті М.Шәймиевтың қолынан супер "КамАЗ" автокөлігін, 1997 жылы Кіші жүздің атақты әулиесі Қарабураның асында бас бәйгеге "Нексия" автокөілігін, 1998 жылы Астананың тұсаукесер тойында "Волга" автокөлігін қанжығасына байлады.
Осынау атақты аламан бәйгелерде Сыр аймағының тұлпарының үздік келуі тегін емес, бұл аттың, баптың, бақтың, әруақтың аты озуы еді.
***
Желмен жарысқан жылқы түлігінің үстінде отырған иесінің де сана-сезімі желдей ұшқыр, жанары қияда, көңілі ұяда болуы әбден заңды.Тақымы қасиетті жануардан ажырамаған адам тал бойына тазалықты, тәкаппарлықты сол астындағы атынан алуы әбден мүмкін. "Ат иесіне тартады" деген мақал бар. "Ат – ер қанаты" деп те айтылады. Ендеше, қазір ер азаматтарымыздың айрықша ұсақталып, әңгімесінің бәкүн-шүкін отбасы айналасынан ұзай алмай жатқаны баяғы ұзын арқан, кең тұсауға ерік беріп, сал-серілерше ғұмыр сүрген еркіндіктен айрылып, етек басып, еңісте қалғанының көрінісі болса керек. Атқа мініп шаппақ түгілі, төрт түліктің қарасынан үркетін қала баласы туралы әңгіме бір бөлек.
Қазақы болмысымызбен бір жаратылған қаражорғадан қол үзу қадыр-қасиетімізді жоғалту екенін түсінетін кез жетті.
Иісі қазақ жылқы түлігінсіз тіршілік етпеген. Желден жүйрік жануар халқымыздың қанаты, бабалардың аманаты, сарбаздарымыздың сенімді серігі болған. Жүйрікке мінгеннің желі екпіні болады демекші, жылқы туралы әңгіме қозғап, пікір тудырғанның өзінде өр кеуде, жалынды жігер, ерекше намыс қамшылайды бойыңды. Атбегі емеспін. Оның көп тілін түсінбеуім мүмкін. Бірақ қазақпын. Сонымен де мақтанамын.
Баян ҮСЕЙІНОВА.