№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЖЫЛҚЫ – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ БІР БӨЛШЕГІ

ЖЫЛҚЫ – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ БІР БӨЛШЕГІ


Төрт түліктің төресі – жылқы жайлы көкемнен бала кезімде естігенім көп-тін. Әкем бәйгеге ат қосып, көкпардың атын баптайтын. «Ақ төбел» мен «Қызылкүрең» деген бәйге мен көкпардың атына ерекше көңіл бөліп, баптап, күтетін-ді. Жастайымнан әкемнің жылқыға деген көзқарасы, сүйіспеншілігін жаныма тоқып өстім.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақтың қасиетті жеті саны іспеттес маңызды, ұлттық тәлім-тәрбие ұлағатын ұғындыратын рухани құрал. Ендеше, қанымызға сіңісті әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізбен жастарды сусындату, оны жаңғырту міндетіміз. Міне, мақаланың аясында сырбаздық, парасат белгісі болған, өмірімізге қоян-қолтық енген жылқы түлігі жайлы өрбітсек.
Жылқы жайлы жазып тұрудың басты мақсаты – тарихымыздағы орнын қайта беру, ат баптау, күту, жарату, таңдай білу сияқты азаматтық қасиеттерге ұрпақты баулу. Өйткені, жылқының қасиет-қабілеті халқымыздың өмірімен біте қайнасқан.
«Дүние – тіршілік адаммен, адам күні малменен» дейді халқымыз. Жылқының жақсы жаманын ажырата қою оңай нәрсе емес. Оны таңдау үлкен өнер. Атбегілердің айтуынша, жақсы аттың сырт тұлғасы да жақсы болады. Жақсы аттардың тістері жиі, жіңішке, шоқтығы жазық, сирақты, тықыр жүнді, қара тұяқ және дөңгелек өкше болып келгені дұрыс. Аттың торы, күрең түстісі жақсы. Мұндай ат әрі көрікті, әрі төзімді. Егер шаты, құйрығы қара болса, оның жақсы ат болғаны. Көзі, арт жағы, құйрығы бозғыл, арқасында қара жолағы бар сұр жылқы да жақсы. Аттардың жақсысын танумен қатар, осал тұстарын білу керек. Иә, тебеген, тістеуік, үркек, ұрыншақ, сүріншек, асау болып келетін жылқылар да бар.
Арабтар мен парсылар аттың қылилығын жақсы белгі деп санайды. «Дүлдүл де, қыли екен» деген сөз бар. Егер аттың екі көзі де көк болса – ештеңе емес, бір көзі ғана көк болса –кемістік. Шегір көз, тік мойын атты да мақтамайды. Мұндай ат аяқ астына дұрыс қарай алмайды. Артқы аяғымен алдыңғы аяғының ізін басып, жүре алмайтын жылқыны да көз көрмейді. Сирақтары ұзын ат жиі ақсайды.
Қазақтың батырлар жырында аттың екінші кейіпкер ретінде жүруі жайдан-жай емес. Мәселен; Қобыланды жырындағы «Тайбурыл» өз иесімен жаны да, тәні де бір кие ретінде суреттеледі.
Осы орайда, Асқар Оразақынның «Жылқы жылы» поэмасынан үзінді келтіре кетсек:
– Қобыландыдай елге қорған айбынды ұл,
Ерттеп мінген ер серігі-Тайбурыл
Қарғыған сан қабат-қабат қамалдан,
Әлемде оған тең келеді қай дүлдүл?
Алпамыстың бәсіресі – Байшұбар
Жау көрінсе қос құлағын қайшылар
Қан майданға бір бүйірден кіргенде,
Дерсің бейне жарқылдаған жай шығар.
Белгі беріп ,аттануға шақыра,
Ат сезеді шабар жауды қапыда,
Бағытынан айырылып адасса,
Қазақ сенді жөн табар деп атына – деген өлең жолдарынан жылқы өткен өміріміздің айнасы, жаудан қорғауда таптырмас серігі екенін білесіз.

ЖАҚСЫ АТТА ОН БЕС ТҮРЛІ БЕЛГІ БАР

Қай атбегіне, сыншыға құлақ түрсеңіз де, жылқы бойынан мынадай белгілерді айтады: омыртқа шығыңқы бітеді, кең тынысты, сағақты болып келеді. Сондай-ақ, жуан сіңірлі, томардай болып біткен шоқтығы да көзге бірден түседі, тұтаса біткен кең кеудесі бақайын қысқа сияқты көрсетеді. Жайылса желдеп жайылатын, су ішсе – тұнығын қуалап, ағысты өрлей ішетін, оттаса – көк құрақты қомағайлана қарбытып, дәл түптеп қауып отыратын,жетектесең – еріп жүре беретін жетекшіл мінезін,мінсең – тақымыңнан көңіл-күйіңді танып лыпып отыратын,сүрініп-қабынып апырақтамайтын,жар астынан жалп етіп жапалақ көтерілсе де селт етіп сыр бермейтін қасиетін нағыз атбегілер тамсана сөз етіп отырады. Қазақ халқында сыншылар өте көп болған.
Тарихқа зер салсақ, Бөкей Ордасына әйгілі болған Ауқатым, Шеркеш руынан Айдабол, Жәңгірханның төңірегінде Абылғазы сияқты сыншылардың білгір-зеректігі жайлы әңгіме көп. Ақанның Құлагерін шаппай танитын атбегі Күреңбайдың көрегендігін де айтуға болады. «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» сынды өлеңді дүниеге келтірген Абайдың, «Құлагерді» жазған Ілияс Жансүгіровтың да талғампаз сыншы екені айтпаса да түсінікті-ақ.
Маршал Семен Буденный бала жасынан ат баптап, жылқының қыр-сырына қанығып өседі. Сондықтан болар, ол жылқының қай түрі шаруашылыққа қолайлы, әскерге қайсысы жарамды, шаршы топта оза шабуға қабілеттісі қандай екенін жақсы білген. Тіпті, «Буденный жылқысы» деген тұқымын шығарған. Әйгілі сыншы «жақсы атта он бес түрлі белгі бар» депті. Осы он бес түрлі белгіні үш-үштен бөліп, бес төркіннен алады. Жақсы ат сынының бірінші төркіні – ер мінезді еркек. Еркектен алынатын үш белгі; – жайдары мінез, күш, шыдамдылық. Шыдамдылықты көнбістік деп те атайды. Атқа күш пен шыдамдылық қандай керек болса, жақсы мінез де сондай қажет. Жақсы аттың иесіне сенімді серік болуы жайдары мінезден туады.
Екінші төркіні – әйел. Әйелден де үш белгі алынады. Ең алдымен, өкпе мен жүректің ұясы – кеуде кең болуы тиіс. Кеудесі шығыңқы, шалқақ келген әйелдерді қораз төс дейді. Бұл әйелден алған бірінші белгісі. Екінші белгісі – әсем жүрісі. Жақсы аттың әрбір қозғалысы ерке әйелдің қозғалысындай ыңғайлы да, әсем болуға тиісті. Өйткені, ат – сәнді көлік. Ол көңіліңді көтеріп, бойыңды сергітеді. Әйелден алынатын үшінші сипат – шашы. Аттың кекілі, құйрық жалы әйел шашы қандай әдемі болса, аттың түгі де сондай болуы керек.
Ендігі үш белгі – қояннан алынады. Етсіз жеңіл бас, кең ашылған көз, ұшқырлық. Басы етті жылқы кейде күшті көрінгенімен, өнерсіз, ыңғайсыз болады және бастың еттілігі күштің де белгісі емес. Басы етсіз жылқының бар мінезі көрініп тұрады Екінші белгісі – кең ашылған көз.Аттың көзі жұмық болмай, үлкен болуы керек Айналасын еркін көріп отырса, аяғын да ойнай басады, жүрексінбейді.
Үшінші белгісі – ұшқырлық. Ұшқырлық оның бар жүрісінде болғаны абзал.
Төртінші төркіні – түлкі екен. Азулы аңның ішінде атқан оқтай тік жортатын түлкі. Онан оқтай тік жүріс, құлақтың дұрыс бітуі, құйрығы алынады. Аттың құлағы қояндікіндей қатар бітсе – жақсы емес. Дәл, дұрыс біткен құлақ – түлкінікі. Онан алған үшінші сипат – құйрығы. Аттың құйрығы да түлкінікіндей түбінен ұшына қарай бір тегіс жіңішке бітсе,сұлу көрінеді. Артқы мүшелері жасырынбай,өзінің әдемі түрін табады. Жақсы аттың бар мүшесі тең келуін көп іздеген маршалдың көзіне есек байғұс та түспей қалмапты. Бұл жануардан алынатын үш белгі – етсіз жақ, тең біткен төрт аяқ, қобыланып дөңгелек біткен тұяқ екен. Түрлі аң мен мал ішінде бастың астыңғы жағы айқын көрініп тұратыны осы момын жануардыкі. Бұл жақтың етсіздігіне байланысты. Етсіз жақ жақы аттың белгісі. Екінші белгі – аяқтарын тең басуы. Тең басатын хайуан есек қана. Бұл – аяқтардың тең бітуіне байланысты. Үшінші белгі-төрт тұяқтың дұрыс бітімі. Табаны өмірде «қазтабандап» жерге тимейтін дөп-дөңгелек қобы тұяқ есекте ғана. Қандай асыл тұқымды деген жылқының тұяқ бітімі есекке әлі жете алған жоқ.
Жылқы мен қазақ егіз ұғым. Өйткені, қазақтың өмірі мен тарихы жылқы үстінде өткен. Жылқының Елтаңбамыздан орын алуы осының айғағы. Ұлттық теңгемізден де орын алды. Сондай-ақ жеті қазынаның бірі. «Жабы ат, жаман әйел, өтпес пышақ, үшеуі ер жігітті қартайтады» дейді халық өлеңінде. Мұнан ержігіттің ажырамас серігі екенін ұғасыз. Өскелең ұрпағымыз жылқы тарихын танып өсуі тиіс.
Атты күтіп-баптау, ат құлағында ойнау ұлттық құндылығымыз. Онсыз ұлы даланы, туған жерді тану, Отанды қапысыз сүю мүмкін емес. Жылқы – тарихымыздың бір бөлшегі.

Ұлғаным ӘРІПХАНҚЫЗЫ.
20 ақпан 2019 ж. 2 636 0