№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әсет ЖИЕНҚОЖАВ: «ТАҚЫМЫМДАҒЫ КӨКПАРДЫ ЕШКІМГЕ БЕРМЕЙТІНМІН»

Әсет ЖИЕНҚОЖАВ: «ТАҚЫМЫМДАҒЫ КӨКПАРДЫ ЕШКІМГЕ БЕРМЕЙТІНМІН»

  Көкпар – Ұлы Дала елінде көшіп-қонып жүрген көшпелілердің нағыз халықтық думаны. Зерттеушілер оның тарихы сақ, ғұн дәуірінен бастау алатынын дәйектейді. Ғасырлар көшінде жастардың жауынгерлік рухын асқақтату мақсатында дәріптеліп, кешеден бүгінге жалғасып келеді. Соңғы жылдары тіптен тынысы ашыла түсті. Осы ретте, қожакенттік қарт шабандоз Әсет Жиенқожаевты сөзге тартып, көкпар өнерін әңгіме өзегіне айналдырдық.

  Әсекең жастайынан ат құлағында ойнап, сәйгүліктің қыр-сырына қаны­ғып өскен азамат қой. Таң боза­ра көк бестіні жетектеп, сергуді әдетке айналдырыпты. Шіркін, жыл­қы тазалық пен тектіліктің нақы­шы болғандықтан адамның ішкі дүниесін жанарынан түсінбей ме? Сондықтан болар қарт көкпаршы көк бестісіне мұны мен қуанышын айтып, сырласады.
  – Бала кезімізде есеккөкпардың қызығын көрдік. Алғашқы кездері тулақ, сосын лақпен тартыстық. Көбі­не жайдақ көкпар шабатынбыз. Он бес жасқа келгенімде әкем жылқы әперді. Содан бері 60 жылдан асыпты, – деп еске алды балалық шағын ол.
Көкпаршының сөзінше, Сыр беткейде халық аз шоғырланған кез. Октябрьде 40-50 түтін болса, Сауса, Қазақбайда – 50-60, Өзгентте – 20-30 шаңырақ қана. Осы елді мекендерден 40-50 шабандоз жиналып, көкпар шабады. Аттары да аралас: арасында тай мен құнан, дөнен мен бесті жылқылар бар. Сол кездері Әсекеңмен бірге көкпар шапқан өзгенттік Көбей, Қантөре, Бектөре, түгіскендік Әлхан, Әбжан, Жұмахан, Балтабай, Оралбай және т.б. бүгінде жастарды көкпар өнеріне баулитын қарт шабандоздар.
– ХХ ғасырдың 60 жылдары аудан­ның өзге аймақтарында өтетін көкпарларға қатыса бастадық. Ол кезде көлік қайда? Көкпар бола­тын жер алыс болса ара қонып баратынбыз. Сондай ірі-ірі көкпар­ларда Дәу Сыздық атанған Қожабаев, Пірназар Құлманов, Сағындық Маматов, Өтеп Жақыпов, Әділбек, Абыт, Яхия, Оңғарбек, Өмірәлі, Әламан, Байсын, Асанхан, Айтбек, бірліктік Қуатбек пен Адым секілді жасы үлкен ағалармен тартысып, олардан көп нәрсе үйрендім. Әсіресе Абыт ағамыз көкпарды өте шебер тартатын.
Көкпар – жігіттің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен епті­лігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастыратын өнер. Сондай-ақ, аттың қалай бапталып, үйретілгенін және жүйріктігін сынайтын спорт, – деді Әсет Жиенқожаев ағамыз.
– 1966 жылы болса керек-ті наға­шылы-жиенді Асанхан мен Пірназар көкпарда жолы түйісіп, тартысты. Екеуі де құрыш білекті, тақымы мықты шабандоздар еді. Жерден көкпарды Пірекең алып, жүйітки жөнеледі. Асекең атына қамшы басып, артынан жетіп, қос қолдап көкпарға жармасады. Оның көкпарға қатты тарақтап жармасқаны соншалықты қолы қарысып қалады. Пірекең де көкпарды оңайлықпен бере қоймайдытыны белгілі. Бірақ, тартыс жалғаса берсе біреуі жарақат алатыны белгілі. Осыны сезінген қарт көрпаршы Пірекең тақымын жазып, көкпарды Асанханға берді. Міне, содан кейін Асекең Пірекеңмен ешқашан тартыспай кетеді. Бұл да көкпар тазалығы ғой. Ал, қазір көкпаршылар тартыс барысында бірін-бірі қамшымен сабап жата­тынын көріп жүрміз... – дейді қарт көкпаршы.
– Көкпар жылқысын баптау және таңдау жөнінде не дейсіз?
– Бізде көкпардың атын бап­тай­тындар аз. Өйткені, көкпар атын баптау күрделі өнер. Оны меңгеру кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Бір ғана жайтты айтсам, атын дұрыс баптай алмағанның аты семіз бола тұра қызыл май болып, зорығып өледі. Мұндай жағдайлар көкпарда жиі кездесіп жатады. Жалпы, көкпардың атын баптағанда ұйқысын қандыруға, таза су ішуіне мән беру керек. Әр атбегі жүйрікті баптауда бабын қандырудың тәсілін дұрыс таңдай білуі керек.
Ал, көкпар жылқысын таңдағанда айғырға басымдық беріледі. Себебі, айғырдан басқа жылқы түлігі дода-дуды жарып кіре алмайды, кіргеннің өзінде ұзақ тартысқа шыдас бермейді. Сондықтан тәжірибелі ат бапкерлері көкпарға айғырды таңдайды. Сосын көкпар атының негізгі ерекшелігі жүрегі жақсы болуы шарт. Одан кейін көкпар атына тән сипат икемді әрі жылдам болуы керек. Көкпар аты ақылды болғаны абзал. Яғни, ақылды жылқы көкпаршының тақы­мы арқылы маневр жасап, жеңіс­ке жетелейді.
– Жаппай көкпар мен спорт­тық көкпардың айырма­шылы­ғы неде?
– Жаппай көкпар тартыста сер­кенің салмағы нақты белгіл­енбейді. Теке тарта ма, тана тарта ма, өздері шешеді. Сосын жүз ат шаба ма, мың ат шаба ма – шектеу қойылмайды. Ал, спорттық көкпар белгілі ережеге сүйенеді.
Соңғы жылдары жаппай көкпар даму үстінде. Өйткені, спорттық көкпар жылына екі-үш өткізілсе, жаппай көкпар аптасына бір рет. Оның үстіне, жаппай көкпардың жүлде қоры жақсы. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын.
– Сіздер шапқан уақыт­пен бүгінгі көкпардың айырма­шы­лығы көп болар?
– Салым алып, оны межеге жеткізу көкпардың ортақ ережесі. Дегенмен, ертеректе көкпарға сойылған серкені бір күн бұрын бұлақ суына салып қоятын. Мұндай серке ұзақ шабыста жыртылмайды. Бұрындары кі жақтағы мәрелерін арасы 1,5-2,0 шақырым болатын. Дода кезінде қалың шаңнан сытылып шыққан аттар тақымын жазып көсіле шабатын. Командалық көкпар ережесі бекігеннен кейін бұл қашықтық бірнеше есе қысқартылып 300 метрге жетті. Ең соңында кеш болып көкпар бітерде ауылға алып қашушы едік. Көкпарды алып ауылға жеткенде оны өз үйіңе апармай, жаңа келін түскен үй, болмаса шілдехана болған шаңыраққа түсіруші едік. Сол үй көкпар етінен қуырдағын жасап көкпаршыларды күтетін.
– Сізді ауданда құрылған тұң­ғыш командалық көкпардың шабандозы екеніңізді көпшілік біле бермейді. Сол жайында ай­та кетсеңіз...
– 1991 жылдың көктемі болатын. Космонавтиканың 30 жылдығына орай Байқоңырда Одақтық дәрежеде ауқымды рухани-мәдени шара өтті. Қала сыртына екі жүзден астам киіз үй мен жүздеген шатырлар тігілді. Ән-жыр фестивалі, түрлі спорттық жарыстара ұйымдастырылды. Көп­шіліктің көңілі аламан бәйге мен көкпарға ауды. Командалық көкпарға ауданнан екі команда қатысты. Яғни, Түгіскен пен Қожакент 5 шабандоздан команда жасақтап барды. Аламанға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп қатысты. Президент алдында екі команда көкпар тарттық. Жалпы есеп 3:0 болып қожакенттіктердің пайдасына шешілді. Жарыс соңында Ишанбек, Тұрмахан, Смахан, Абыт, Бектас және мен бір-бір «Романтик» магнитафонымен марапатталдық.
Сол жылы тұңғыш рет Шымкентте командалық көкпардың жаңа ережесі бойынша республика чемпионаты өтіп, соған қатысып жүлдемен орал­дық.
– Есте қалған көкпар дүбірі бар ма?
– Ұмытпасам 1978 жылдың күзі. Егін-тегін жиналған кез. Шиелі ауданында көкпар болды. Онда алты салым берілді. Жүлде қорлары қой-ешкі, шапан, костюм шалбар, көйлек тұғын. Салымнын бәрін мен салып, ауылға абыроймен қайттым.
Кейін Жаңауылда тұратын Әлжан Баязов есімді кісі салым берді. Осы көкпарда Жаңақорғанның ең мықты шабандозының бірі Мамат Түйменовпен тартысқаным әлі есімде. Осы көкпардағы салымның денін мен салдым...
– Көкпарды қай жасқа дейін тарттыңыз?
– Алпыс жылдай көкпар шапқанда тақымымдағы серкені ешкімге берген емеспін. Қандай бір қиын жағдайда болмасын аттан түсіп қалмаппын.
– Ұрпағыңыздан көкпар­шы­лар бар болар?
– Шарап деген ұлым көкпарға құмар еді. Алланың үкіміне шара бар ма, ат құлағында ойнайтын кезінде бақилық болды. Қазір 11-сынып оқитын Бақдәулет есімді немерем шауып жүр. Салым да салып, көзге түсе бастады. Күрестен әр түрлі деңгейдегі додаларға түсе бастаған немеремнің мықты шабандоз болатынына сенемін. Көк бестіні немереме бола алдым.

P.S.: Әсекеңнің жасы жетпістен асса да тақымы әлі мығым екен. Аттың үстіне қарғып мініп, еңсесін тіктеп отыруынан әлі шақырымдарды шабуға қауқарлы екенін байқадым. Ел ағасын көк бестінін үстінен суретке түсіріп, кері қайттық...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.


24 наурыз 2019 ж. 1 081 0