№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ШАБАҚ ШЫҒЫНЫ

ШАБАҚ ШЫҒЫНЫ


Диқандар күздік ораққа қамданып егіс алқабындағы жерге еткен ырзығын жинауға жұмыла бастады. Осындай қарекетпен қоса шаруалар күріш алқабында шабақтарды құтқару ісімен де қоса айналысуда. Бұл «міндет емес, адамзаттың бір борышы» деп қараған дұрыс болар. Себебі, шабақ та табиғат байлығының бірі. Сондықтан, Сыр беткейдегі ауылдар шабақ құтқару жұмысына жылдағы дәстүрден жаңылмай жұмыла кірісті. Байыпты бастаманың басынан шар­уа қожалықтарының төрағалары да т­абылды.
Жалпы, облыс әкімінің аймақ көлеміндегі күріштік алқаптардағы балық шабақтарын құтқару бойынша іс-шаралар жоспарына сай ауданда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Оның бір парасына бүгін өзіміз де куә болдық.
Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ербол Күшкінбаев төрағалық еткен құтқару жұмысына Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәбит Алдоңғаров, «Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің» бас маманы Жасұлан Тұрапов, «Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің балық маманы Қуаныш Әбілқасымов пен мекеме инспекторы Қалберген Асанбек және «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің Арал филиалының маманы Ғани Исханов осы іске білек сыбана кірісті.
«Қойлақы-Ата» көлінен бастау алған жұмысқа «Сырбек», «Нұрбақыт», «Төлеу», «Жашыкөл» мен «Гүлімбетов» және «Рахым» қожалығының төрағалары да осы істің басы-қасынан табыла білді.
Тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басынан бастап елді мекен тұрғындары егіс алқаптарындағы шабақтарды дер кезінде құтқарып, көлге қайта жіберу жұмысын қарқынды жүзеге асыруда. Ауыл халқымен бірге облыстан келген осы саланың мамандары да жоспарлы шараға белсенділік танытты.
– Жыл сайын күз мезгілінде басталатын шараның басты мақсаты – су астындағы байлықты сақтап қалу. Яғни, шабақтардың жойылып кетпеуін қадағалау. Осы мақсатта іске кіріскен жергілікті ауыл тұрғындары белсенді. Біздің міндет тек бақылау, түсіндірме жұмысын жүргізу. Биылғы жылы ауданға жоспарланған 900 000 балық шабақтарын құтқаруға қосымша мамандардың қатысуымен барлығы 20 бригада 1-кезекете 498 050 балық шабақтарын құтқаруға атсалысты, – деді Е.Күкінбаев.
Иә, енді қалған жоспар жүйелі орындалып жатса онда еңбектің еш кетпегені. Табиғатқа деген қамқорлықтың қарекеті қашанда назарда екенінің дәлелі. Сонымен, «бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші «Баспақкөл», «Ислам», «Битанов Ш» және «Шанжархан» шаруа қожалығы белсенділік танытып жатты.
– Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып атқарған істің берекесі де мол болады. Сондықтан, барлық ауылдың тұрғындары игілікті іске мұрындық болуда. Бұл жұмыс осымен тоқтап қалмайды, әрине. Әлі де жалғасын таба береді, – дейді қожакенттік шаруалар.
Қорыта айтқанда, бұл жасалынып жатқан игі іс Сыр балығына деген қамқорлық. Бұл табиғат сыйлаған тіршілік иесін құтқару әрбір азамат алдындағы үлкен жауапкершілік болуы тиіс. Табиғат өзі жүктеп отырған маңызды міндет дер едік. Сондықтан, бұл тіршілік иесіне де мейірімділік танытқан абзал.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
11 қыркүйек 2018 ж. 1 706 0