ОТЫНДЫ ШАПҚАНҒА ЖАҚТЫР...
Жаңақорған кентіндегі тұрғындар көгілдір отынның игілігін көргелі бері, асарлатып отынға баруды ұмытты. Бұлда бір қызығы мен шыжығы мол естелік ретінде тарих қойнауына еніп бара жатқандай. Ауылға бара қалсаң, ағайындардың айтатыны «Бұрынғыдай отынға асарлатып ешкім бармайды. Тіпті жастар теңгесіне де қызықпайды. Тек, дайын отынды сатып аламыз» дейді. Расында нарықтық қоғам келгелі, қара күшке емес, пұлға арқа сүйейтін заман туды. Десе де, кент орталығынан бөлек, барлық ауылдық округ тұрғындары отын жағып отқаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан бүгін біз қатты отынның (тораңғыл, жиде, ешкітал, жыңғыл, шеңгел, баялыш, т.б.) сатылу бағасы мен мемлекеттік рұқсат беру мәселесін зерттеп көрдік.
Әуелі осы мәселеге орай аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме директорының орынбасары Бақытжан Абдусаметовке жолығып, мән-жайға қаныққан едік.
– Тұрғындардың отын тұтыну мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Кент орталығындағы үйлері мен мекемелеіне газ, сұйық отын кіргізіп алғандардан өзгелердің бәрі ағаш отынды пайдаланады. Ал, Жаңақорған және Шалқия кентінен басқа ауылдық округтер дайын отынды сатып алмайды. Мемлекеттік антиманополияға қарсы күрес аганттігінің бекіткен әр текше метр отынға қойылған баға-тарифы бар. Мәселен, отынға кесілген тораңғыл, жиде мен ешкіталдың 1 текшеметрі 1888 теңге 70 тиыннан, ал, жыңғыл, шеңгел, қарабарқын, баялыш пен изеннің 1 текшеметрі 694 теңге 37 тиыннан босатылады. Негізі отын алуға рұқсат беретін құжаттыорман күзетшілері мен орман шеберлері береді, – деді Бақытжан Әбенұлы.
Сондай-ақ ол сексеуіл отыны жайлы да айтып өтті. Бұрын сексеуіл арасынан санитарлық тазарту есебінен жасы жетіп қураған немесе түбі шіріген сексеуілді алуға рұқсат етілетін. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сексеуілдің шірігіне дейін отынға босатуға ел Үкіметі тарапынан тосқауыл қойылды. Яғни, мүлдем шабуға болмайды.
Жалпы өткен жылы 2024 текше метр отын алуға рұқсат беріліп, одан 2 125,8 млн. теңге қаржы бюджет тайқазанына түсіпті. Ал, 2019 жылға 3888 текше метр отын алуға рұқсат беріліп отыр екен.2018 жылы орман шеберлері мен орман күзетшілерінен тиісті құжат алмай отын алған 2 жүк көлігі жүргізушілері ұсталған. Оларға тиісінше 35 700 теңге көлеміндеайыппұл салынған.
АУЫЛДА ОТЫН ҚАНШАДАН?
Мұнан кейін қойыпдәптерді алып, аудан орталығындағы Құрманғазы көшесі бас жағындағы арнайы орынға бардық. Көлік егелерінен сұрастыра келе, Газель автокөлігіндегі отын бағасы 17-18 мың теңге, ал, Газ-52 автокөлігі 22-25 мың, ал Газ-53 автокөліктері 24-27 мың теңге екенін білдік. Жеңіл автокөліктермен келетін баялыштар 10 мың теңге. Қысқасы, ақшаң болса отын дайын.
«Отынды шапқанға жақтыр» демекші, бұл жөнінде ауылдағы ағайынның пікірін білмекке қыркеңселік Пернебек Мырзахановқа хабарластық.
– Жасыратыны жоқ ауылда отынды сатып алмаймыз. Орман шеберіне жолығып, отын артатын көлікті көрсетеміз. Сосын ол көліктің қанша тонналық немесе қанша текше метрлік екеніне қарап, төлейтін қаржы мөлшерін айтады. Төлеген қаржыңа сай қолыңа алатын отын мөлшері көрсетілген түбіртек береді. Сол түбіртек бойынша отынға барамыз. Асар әдісімен кезек-кезек көрші-қолаң, ағайын-туысқа бір-бірімізге отынға барамыз, – деді Пернебек Мырзаханов.
Сыр беткейден бөлек, Қыр беткейдегі ауылдарға да хабарласып, отынның жайын білдік. Барлығы да асарлатып, не сатып алатынын жеткізді. Белгілі болғандай, негізінен Жаңақорған мен шалқия кенті тұрғындары отынды көп сатып алады. Ал, ауылдағы ағайын сол баяғы асар әдісін жаңғыртуда.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК.