№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕСЕПКЕ ЖҮЙРІК АРУЖАН

ЕСЕПКЕ ЖҮЙРІК АРУЖАН

Бүгінде аудан жастары білімділігін әр салада дәлелдеп, талабын ұштауда. Әсіресе, соңғы кездері жастар жаратылыстану бағытына бейімделіп, физика мен математикаға қызығушылығы артып келеді. Тіпті, осы пәндер бойынша жүйріктігін көрсетіп жүргендері де аз емес. Солардың қатарында Аружан Қыдырбайқызын атауға болады.

Аружан Қандөз ауылындағы №240 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы. Бастауыш сыныптан есепке жүйрік оқушы уақыт өте келе математикадан алғырлығын көрсетіп, түрлі деңгейдегі байқауларда жүлде алып, аудан абыройын асырады. Мәселен, жуырда аудандық пәнаралық олимпиададан бірінші орын алып, «Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың» облыстық кезеңіне жолдама алды. Онда да жүлдеге ілігіп, білімін дәлелдейді.
– Жалпы, көп адам жаратылыстану саласын қиын санап, гуманитарлық бағытты таңдап жатады. Негізі, математиканы басынан бастап ұғып алсаң, оның еш қиындығы жоқ. Өзіме есеп шығарған ұнайды. Есеп шығару – ой-өрісін кеңейтіп, пайымын тереңдетіп, парасатын биіктетеді, – дейді есепке жүйрік оқушы.
Есепке жүйрік талапты да талантты Аружанның алға қойған мақсаты мығым, мұраты асқақ. Ол жаратылыстану бағытындағы пәндерді өзгелер секілді қиынға жатқызбайды. Керісінше, есеп-қисапқа жаны құштар. Академик Асқар Жұмділләев «Математиканы үйрену ағылшынды игеруден қиын. Ал, физиканы үйрену одан да қиын. Биология мен физика математикадан да қиын» демекші ол болашағын химия-биологиямен байланыстырып, дәрі-дәрмек өндіруді қолға алсам дейді.
– Фармацевт болғым келеді. Дәріханадағы дәрі сатушысы емес, дәрі-дәрмекті өзім дайындап, әлі емі табылмаған дерттерге дауа болатын отандық дәрі-дәрмекті жасап шығарсам деймін, – деді жігерлі жас.
Дарынды оқушының бойындағы қабілетін аңғарып, оны шыңдай түсуде ұстазының да еңбегі елеулі. Өйткені, жастарды өзінің қайратына сендіріп, қабілет-қарымын дамытпаса таланты ашыла бермейді. Олай болса, Аружанның ұстазы Әскербектің еңбегі елеулі...
– Аружан жастайынан қабілетті. Оқуда озат. Әсіресе, есте сақтау қабілеті жақсы, есепке жүйрік. Айтқаныңды тез түсініп, әп сәтте үйреніп алады. Оның болашақта бағындырар белестері көп екеніне сенімім мол. Есепке ептінің келешегі кемел, – дейді математика пәнінің мұғалімі Әскербек Шегенов.

PS.: Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау мақсатында білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқытып, оның сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталды. Демек, мемлекеттің озық отыз елдің қатарына қосылып, мәңгілік елдің болашаққа даңғыл жол салуында Аужандай жастардың қосар үлесі басым.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

22 қаңтар 2019 ж. 1 477 0