№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ирандық пештер қауіпті екенін назарда шығарма!

Ирандық пештер қауіпті екенін назарда шығарма!


Ел арасында камин пеш атанып кеткен ирандық каминдердің еркін айналымда сатылуы қаншалықты заңды? Қолжетімді пештің қауіпсіздігіне кім жауапты? Сұрақ көп. Жауабын біз айтамыз. ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңына сәйкес ішкі газ қондырғыларын заман ағымына қарай еркін нарыққа өтіп кеткен. Тұрғындар иран, қытай пештерін қолданса, оған ешкім тосқауыл қоя алмайды. Тыйым салатын мекеме де жоқ. Бірақ, ирандық пештердің құрылымында мұржа қарастырылмаған. Ал «Газ және газбен жабдықтау» Заңының талабына сай тұрғын үйде мұржа болмаса, ол үйдің газ жүйесін өшіруге жауапты газ мекемесінің құқығы бар.
Жасыратыны жоқ, бүгінде көгілдір отынның игілігін көргісі келетін халық қалтасына қарап, әрекет етеді. Газ пешін орнатуға шамасы жетпегендіктен, арзанына қарекет жасайды. Кішкене тұрмыс түзелгенше, тиыннан теңге құралғанша, «камин пешін қолдана тұрайық» деп, аяғы созыла береді. Соңыра, оқыс оқиға орын алса, жергілікті биліктегілер атқа қонады. Себебі мен салдарын іздеп, дүркін-дүркін жиналыс өткізеді. Беті аулақ, әзірге ирандық пештен зардап шеккен отбасы жоқ ауданда. Біз мұны аудандық төтенше жағдайлар бөліміне хабарласқанда білдік. Яғни, газден улану фактілері бар, бірақ ирандық пешке қатысты төтенше жағдай тіркелмеген. Лайым, тіркелмесін. Десе де, елемеген бұтақтың көз шығаратынын ел жақсы біледі. Біле тұра, заңсыз әрекетке барады. Аудан бойынша қанша тұрғын аталмыш пешпен жылынып отырғаны бір Аллаға ғана аян. Жауапты мекемелерге беймәлім. Қолда бар мәліметке сүйенсек, қазіргі таңға дейін кент орталығында 4224 үйге көгілдір отын кірген. Негізгі абонент саны-5200. Камин пештің күйін күйттеп, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жаңақорған газ шаруашылығы мекемесінің есігін қақтық. Мекеме басшысы Сұлтан Сәрсеновпен тілдесіп, тақырыпқа тұздық болатын дерек таптық.
Заң бойынша елімізде сертификатталмаған ирандық пештерге рұқсат жоқ. Турасын айтқанда, тыйым салынған. Бұл мекеме басшысының сөзі. Ал, енді нақты қандай Заң екенін толығырақ Сұлтан Сәрсенов айтып береді.
– Бүгінгі таңда өз еркімен немесе пер­со­нал­мен тұрғын жайларда ирандық ка­мин­дер­ді орнату Заңға қайшы. Бағасы қолже­тімді болғанымен қауіпсіздігіне кепілдік жоқ. Яғни, біріншіден газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік қағидасына сай келмейді. Екіншіден, Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының 30-бабы, 4-тармағында: «Ғимараттардың, үй-жайлардың түтіндік және жел­дет­кіш арналарының, инженерлік коммуни­кацияларды қосу нығыздамаларының иелері олардың жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті» делінген. Сондай-ақ, аталмыш Заңда түтіндіктердің түзулігі жөніндегі негізгі қағидалардың орындалмауы салдарынан түтіндікте тартылыс күшінің болмауы және құрылыс нормасына сәйкес келмейтін деңгейде орнатылатыны айтылған, – деді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жаңақорған газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Сұлтан Сәрсенов.
Өз кезегінде мекеме басшысы: «Егерде ирандық пешті орнатқан тұрғын үйді анықтасаңыздар қандай шара қолданасыздар?» деген сұрағымызға: «Ондай жағдай тіркелсе, көгілдір отыннан ажыратамыз» деп кесіп айтты. Десе де, мекеме тарапынан тұрғын үйге құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізгенде 2 нүкте қойылады екен. Соның газ плитасына шығарылған нүктесіне тұрғындар камин пешті жалғай салатыны белгілі болды. Әрине, бұл қауіпсіздік жағынан өте қауіпті. Мәселен, бір жыл ішінде Түркістан облысында ирандық каминдердің салдарынан 36 адам улы газбен зақымданып, оның 17-і өліммен аяқталған.
Мақаланы жазу барысында әлеуметтік желі арқылы камин пештердің бағасын білмекке жаңақорғандық жарнама желілеріне сұрау салып көрдік. Табылды. Құны 30-35 мың теңге аралығында. Пайдаланылған пештері 20-25 мың теңге. Яғни, іздесеңіз ауылданда табылатынына көз жеткіздік.
Түйіндей айтқанда, тұрмыс-тіршіліктегі барлық саланың қызметі тұрғындардың игілігі үшін жасалады. Газ да, су да, электр қуаты да халықтың коммуналдық тұрмысына жеңілдік туғызу үшін пайдаланылады. Ол олардың қауіпті жағдай туғызуы адамдардың өзіне, яғни жауапсыздығына байланысты орын алып жатады. Біздің мақсат – сақтық шараларын ескеру әрбір адамның өмірінің кепілі екенін насихаттау. Тақырыптан ой түйіп, сана сарабына салуды бұқараның түйсік-түсінігіне қалдырайық. Ал, аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия бұл мәселені алдағы кезекті отырысының біріне күн тәртібіне қойса деген тілек бар.

#Жаңақорған #Газ
13 қазан 2018 ж. 1 791 0