Алғашқы мұраптың арманы
Су – өмір өзегі. Табиғаттың таңғажайып тегін тартуы. Бірақ осы бір көл-көсір байлықты елдің кәдесіне жарату кәсіби білімсіз мүмкін емес. Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңдерінде осыны терең зерделеген көкірек көзі өяу азаматтар атамекеннің тағдырын ойлап, жас түлекті оқытуға ден қойыпты. Осы өзіміз өмір сүретін аймағымызда гидротехника мамандығын игеру үшін Петерборда білім алып қайтқан жас талап Раушан Әбенқожаевтың есімі тарихта қаттаулы.
Раушанның әкесі Әбенқожа Сауран өңірінде болыс болған кісі. Ұлын оқыту үшін малын аямаған екен. Ұлы Петербордағы қызыл профессура институтын тәмамдап, алғашында Ташкент қаласында сот болып қызмет атқарған көрінеді.Мұстафа Шоқаймен, Сұлтанбек Қожановпен қанаттас, мұраттас болған екен. Ташкентте құрылған Орта Азиялықтар Одағы құрамында Тұрар Рысқұлов, Міржақып Дулатовтармен бірге ұлтқа қызмет жасауға кіріседі.
Орта Азиядағы үлкен мәселе – жер бөлісу мәселесінде Раушанды пара алды деп жала жауып түрмеге жаптырады. «Менің кінәм жоқ, дәлелі табылса атса да дайынмын». Осылай деп Ворошиловқа хат жазған екен. Раушан түрмеден босап шығады, бірақ «байдың тұқымы» деген айыптау адымын аштырмай, елге қайтады.
Раушан Құмиянның тарихымен Ташкентте жүрген кезінде танысты. «Құмиянда бір каналдың артықшылығы болмайды, өңірден су шығарсақ, ел- жұрт жағасына сағалап, егін егіп, молшылыққа кенелер еді» деген асқар тау арманын арқалап келген тастүлек талапқа Алаш ардақтыларының ақыл-кеңесі дем берді. Ол алдымен елдегі малы бар дәулеттілерге үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. «Ертең кәмпескеде қолдарыңдағы тұяқ түгел санап алынады. Одан да қолда барда игілікті іске жұмсап, канал қазып алайық. Қолынан малы кеткен барынан айырылып, тақырға отырып қалмас үшін су шығарудың қамын қылайық. Қара жерді тырмалап, еңбек қылып, егін еккеннің өзегі талмайды», – деп ол үшін канал қазу мәселесін шешуге белді бекем буады.
Дария суын шығырмен шығарып немесе шелектеп тасуды ғана меңгерген қарапайым елге судың маманының бағыт-бағдары ауадай қажеттігі анық-ты. Раушан осы міндетке бел шеше кірісті.
Ол 1926 жылы жаңа канал құрылысының сызбасын дайындаған екен. Қазіргі Қандөзден бастау алатын канал сағасы Абызтөбеге дейін 25-27 шақырымға дейін қызу қарқын алуына әсіресе түркістандық шонжар Нұрмұхамедтің үлкен үлесі бар. Ол малын түгелге жуық сарп етіп, канал құрылысына жабылған 1600-дей жұмысшыны ас-ауқатпен жабдықтап, еңбек ақысын мойнына алады. Ташкент, Самархандтан дәулеттілер қаражат құяды.
Сыр бойына су жүйелерін жүргізудің тәсілі ретінде мұраптар табиғаттың өз күшін пайдаланған. Қазіргідей техниканың күшімен пәленбай текшеметр топырақ шығаратын қауқар ол кезде жоқ, сондықтан арықтың арнасын салуда судың өз күшіне арқа сүйеген. Ол үшін болашақ каналдың өне бойын қуалай қос қатар топырақ үйеді де, сағадағы дария суын сол екі дамбаның арасымен орып, қоя беретін болған. Су кейде бос топырақты кеулеп, дарияны аунатып әкетуі мүмкін. Кезінде Құмиян мәдениетін жоқ етіп, шайып кеткен осындай жағдайлар болуы да мүмкін. Сондықтан бұл тәсіл аса сақтықты талап етті. Геодезист-гидротехник маман бұл жерде аса сақтықпен әрекет етті.
Жұмыс қарқынды жүрді. Көптің толағай қайратымен қара тасты да орнынан қозғап, мақсатқа жетуге болар, бірақ көкіректің қараңғылығы қандай да бір жарқын мұраттың жігерін құм қылып, қиянаттың құрбаны ете алады екен. Раушанның жарқын мақсатының тағдыры да осындай болды. Дария жағасындағы әр рулы елдің кішкене арықтарының үстімен басып өтіп, кең алапқа асыққан каналдың құрылысына іші тарланып, қызғанушылар бой көрсетті. «Аталарымыздың арығын бұзып, атын өшіріп, бар атақты, беделді жалғыз Раушан иеленіп кетуі мүмкін» деген сасық көкірек пыйғылдылар бұл жұмысты жеріне жеткізбеудің амал-айласына кіріседі. Ел арасына іріткі салу үшін ойлап тапқан сойқандары мынау екен: Оншақты жылқыны шілденің күнінде айналдыра шаптырып, май тері шылқып, қан сорпа қалжыраған халде пышаққа іліктіріп, қызған етті қазанға пісіріп, жұмысшыларға таратқан. Оны жеп, іші кетіп, әлден айрылғандарды «сүзек» шықты деп шошытқан. Күректерін, зембілдерін тастай қашқан көпті тоқтатуға дәрмен жоқ еді. Бұл туралы 1931 жылы Жаңақорғанда өткен сотта қастандықтың сыры талқыланып, жария болған екен. Бұл жөнінде кейін Батырбек деген кісі кінәсін Зұлпыхар Мұсахановтың алдында мойындапты.
Осы іске айыптылардың бірі: «Раушан қарағымның ойы дұрыс екен. Оны кешегі ашаршылықта бір-ақ білдік қой. Бізді құртқан – надандық. «Раушанарық» бітіп қалғанда ашқұрсақ бала-шағаға нәпақа болар еді ғой. Бәрін қойшы, ертең о дүниеге барғанда Раушанның, кешегі ашаршылықта тозып кеткен ағайынның бетіне қалай қараймын?» – деп еңкілдегенде басу айтқан жан болмапты.
Өз-өзін жерлеп, атарға оғы болмай отырған қарияның өкініші жаныңды аяздай қариды. Атқа мініп, алдыға түсіп, жол көрсеткен ізгі ниетті қолдап, қуаттап кетудің орнына аңысын аңдып, аяқтан шалып, омақаса құлатудың айла-шарғысынан аса алмайтын іштарлық мінезімізден бүгін де арылып біткеніміз жоқ. Ақырында опық жейтін өзіміз. Оған ізгі әрекетке тұзақ құрғыш қорқау ниетімізден тапқан кешегі зарлы заман куә. Құдай енді ондай күндерді басқа бермесін.
Бұл туралы Әбен қария: «Жиырмаға толмаған кезім, ақша төлейді деген соң жатпай-тұрмай канал құрылысында жүргенбіз. Екі-үш айда еңсеріп-ақ қалдық. Шілде айында ауру тарады деген үреймен жұмыс басындағылар жан-жаққа бытырады. Сонда күректі бір, зембілді бір ұстап, істің түбін түсінетін қара таппай түнеріп кеткен Раушанның түрі адам шошырлық еді» деп еске алады. Осы күйзеліс оны ұзаққа апармады 1929 жылы қайран азамат қаза болыпты. Сол кезде ол бар болғаны жиырма сегіз жаста ғана екен.
«Раушанарық» кейін ақыры елдің кәдесіне жарады. Арықтың сағасы алпысыншы жылға дейін пайдаланылып келді. Кезінде қазылып қалған осы тұста 5-6 шақырымға дейін көтерілген су төменіректегі «Қашқынкөлге» құлап кететін. Екі арада отырықшы ел қауын-қарбыз, тары еккен.
Жақсының аты өлмейді
1998 жылы, яғни осыдан 20 жыл бұрын Жаңақорған кентінде тұратын Раушанның туыстары болып келетін ағайынды Бердіхан және Аманхан Исахановтың отбасында есіл ерді еске алуға үлкен ас беріледі. Асқа жиналған ағайындардың бас болуымен ел халқы Раушанның рухына құрмет көрсетіп, көшеге есімін беру туралы бастама көтерген еді. Қазірде Жаңақорғанда Раушан атында көше бар.
Раушан есімін ел жадында жаңғырту мақсатында «Раушанарықтың» сағасымен салынған каналға оның атын беру мәселесі айтылып жүргенімен аяқсыз қалып кетіп жатыр. Тіпті ол жатқан төбе ешкімнің қаперінде жоқ, қараусыз қалып келеді. Жақында елге келген ұлтжанды азаматымыз, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, алаштанушы, кинорежиссер Қалила Омаров жанына ағайындарды ертіп, ескі Сауран қаласынан 8 шақырымдай жердегі «Қоңыртөбедегі» жатқан Раушанның бейітін тауып белгі қадап қайтты. Осы мәселені жоғары орындар назарына ұсынып, мемлекеттік бағдарламаға ендірді. Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы қолдап, ардақты ағаның, басын қарайтуға қадамдар жасалуда екен. Ал шығармашылық өкілінің өзі болса «Раушан» пьесасын жазу үстінде.
Өткенді білу, оның тағылымынан тәлім, қателігінен сабақ алу – міндетіміз. Ұлт Көшбасшысының кешегі халыққа жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне өзіндік белгісін қалдырады. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ» деген сөзінде терең көрегендік жатыр.
Раушан тағдыры – бір рулы елдің, немесе бір ғана дәуірдің трагедиясы емес, ол тұтас ұлттың ұжданын пасық пыйғылмен улаған ауыр сынымен арқамызға әлі де аяздай батады.
Ұрпақ ұлт қаһармандарын үлгі тұтқанда ғана келешек халықшыл азаматтар өсіп шығады.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
Пікір 2