» » №28 «Алпамыс» санаторлық бөбекжайында

№28 «Алпамыс» санаторлық бөбекжайында

 Сәбилерді жеке-дара оқшауламай топтық ортада тәрбиелеу олардың келешекте көпшіл, қайырымды болып өсуіне мүмкіндік туғызады. Бүгінде жеткіншектерді 100 пайыз балабақшамен қамту жолға қойылып, шешімін табумен қатар мектепке дейін оқыту мен тәрбиелеу талабында тың үрдістер қалыптасты. Осының нәтижесінде бүлдіршіннің зияткерлік, адамгершілік, эстетикалық тұрғыда жеке басы қасиеттерінің негізі қаланады екен.
 Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маз­мұны «Денсаулық», «Коммуникация», «Та­ным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік ор­та» деп аталатын бес білім беру сапасына негіз­делген. Балдырғанның жеке тұлға болып қа­лыптасуында мұның әрбірінің өзіндік мән-мазмұны бар.
Жеткіншек тәлім-тәрбиесінің үздік маманы болу осы үлгілі үрдістерді өз табиғатына сіңі­ріп, оны балаға бере білуімен ерекшеленеді. Осы бағытта орталықтағы №28 «Алпамыс» санаторлық бөбекжайында өткен «Үздік тәр­биешілер» байқауы бала бағбандарының таным деңгейін сараптауға мол мүмкіндік беріп, келешектегі кәсіби бағдарларын белгіледі.
Сайыста бақ сынаған екі команда – «Астана» тобы мен «Болашақ» тобы өнер және білім-білік бәсекесінде сынға түсіп, бойларындағы қарым-қабілетін жарқырата ашып көрсетуге ұмтылды. Одан әрі баланың денсаулығын сақтауға жә­не нығайтуға, мінез-құлық дағдыларын қа­лып­тастыруға бағытталған іс-әрекеттері бойын­ша сынға түсті. Бал тілді балдырғанның сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, зейінділікке баулу, сауат ашу негіздері, орыс, ағылшын тілінде заттық атауларды жаттату, бүлдіршін санасында математикалық ұғымдарды, сандық есептеу дағдыларын жетілдіру бағытында іс-әрекеттер бойынша тәрбиешілер түрлі ойын элементтерін де шебер ұйымдастыра білді. Бала бағбандары бұл тұрғыда шығармашылық ізденістерімен танылды. Бала қиялына жақын қарапайым көрініс түрлерін сахналау арқылы адамдардың ортақ мекені – Жер планетасы, оның табиғаты туралы түсініктерді қамтыса, шығармашылық білім беру бағыты бойынша сурет салу, мүсіндеу, аппликация, музыка өне­рінен өз бойларындағы шеберліктерін таныта білді.
Тәрбиешілердің ортақ міндеті – баланы дербестікке тәрбиелеу. Сәби өз отбасын жақсы көрумен қатар, туыстары мен жақындарын құрметтей білуі қажет. Ортақ Отанымыз, ортақ үйіміз – Қазақстан деген патриоттық сезім оның кішкентай жүрегінде бүршік жаруы тиіс. Бұл бағытта Отаншылдық, елдік, ерлік рухтағы әндерді жаттату, қазақтың «Батырлар жырынан» бастау алатын аңыз әдебиетінің құндылықтарын бала құлағына құйып, жаттап өсуіне жағдай жасау да тәрбиешінің міндеті.
Сайып келгенде, тәрбиенің бұл аталған бағыттарының барлығы тәлімгердің жан бай­лығынан тамыр алып, жас буынның өзе­гінен өрнек табары анық. Осындай қарым-қабілеттерін таныту үшін сынға түскен бала бағбандарының ең алдымен адами болмысын айқындап берген аталмыш сайысқа қазылық еткен аудандық білім бөлімі бас маманы Фатима Тұртанова тәрбиелеудің жаңаша технология талаптары тұрғысында тәжірибеге енген жоғарыда айтып өткен бес түрлі бағыттың шарттары бойынша шынайы бағасын беріп, шараны қорытындылады.
Нәтижеде «Астана» және «Болашақ» то­бы­ның жетекшілері Лаура Баймұратова мен Маржан Рысованы аудандық білім бөлі­мінің «Дипломымен» марапаттап, алдағы еңбек­теріне сәттілік тіледі.
Қандай мамандық иесі болмасын, өз кәсібін жан-тәнімен сүйетін тұлға оның барлық ерекшелігін еңсеріп, жаңалығын жүректен өткізіп, бесаспап білгірлігімен сапа биігінен табылса керек. Балабақша меңгерушісі Дина Ахметова осы сайыста шын қабілет-қарымымен танылып, шығармашылдық әлеуетімен айрық­ша көзге түскен үздік тәрбиешілерге ұжым басшылығы атынан «Алғыс хатын» тапсырды.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
19 қараша 2018 ж. 875 0