БІЛІМ САЛАСЫНА СЕНІМДІ СЕРПІЛІС
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі жақсартуға бағытталған құнды құжат. Мәселен, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы кезекті Жолдауында халықтың тұрмыс деңгейінің өсуіне басымдық көбірек берілген.
Елбасы Жолдауды алты тарауға бөліп, әрбір саланың жаңару жолында бірқатар тапсырмалар міндеттеді. Ең бірінші бізді қуантқаны 2019 жылдан бастап жалақының өсімі. Яғни, келер жылдың 1-қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есеге өсетін болады. Бұл өз кезегінде білім ошағындағы техқызметкерлер, зертханашылар, іс жүргізушілер мен қарауылдардың жалақыларының көбейтінін көрсетеді. Енді негізгі бөлімге көшсек.
Президент Жолдауда білім саласында алдымен мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі өзгертуді тапсырды. Себебі, ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілет, жаңа дағдылар бала кезден басталады. Сондықтан, құнды құжатта білім беру ісінде 4К моделін тереңдете түсіндіруді міндетті. Осы тұрғыда алғанда №110 мектеп-лицейде 2013 жылдан бастап даярлық тобы жұмыс жасайды. 7 топ бойынша 180 оқушы қазір білім алуда. Даярлық тобынан өткен әрбір бала 4К моделі бойынша креативтілікті, сыни ойлауды, командада жұмыс істей білуге қабілетті болады. Қазір жаңартылған білім беру мазмұны 1-ші сыныпқа енгендіктен даярлық тобынан өткен оқушылар бағдарламаларды игеруде қиналмайды. Осы жағдайларды ескерген Ұлт көшбасшысы биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеу керектігін айтты.
Одан кейін Елбасы орта білім беру жүйесіндегі белгіленген тәсілдердің орындалуын қадағалауды қолға алу керектігін ескертті. Оның негізі Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандартты болуы керектігі баса назарда болды.
Бұл бағытта біздің мектеп 2015 жылдан бері Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемелерін енгізіп келеді. Айта кететіні, 2015 жылы облыс әкімінің тапсырмасымен дербес білім беру ұйымдарының президенті Күләш Шәмшидинова өңірдегі 26 білім ошағы меморондумға отырған болатын. Соның ішінде ауданнан №110 мектеп-лицейі енген болатын. Осы жүйе арқылы жүйелі жұмыс жасап келеміз.
Сондай-ақ, Жолдауда орта мектептің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби жүргізу жүктелді. Бұл мектептердегі бағдар алды жұмысты күшейтуге және кәсіби салаға сай тереңдете білім беруді мұғалімдерге жүктеп отыр. «Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді» – деді Президент. Демек, келер жылдан бастап оқу жоспары өзгертілетін болады.
Сонымен қатар, құжатта балалар қауіпсіздігіне бей-жай қарамай, бейне бақылаулар орнатуды нақтылады. Әрине, бұл ең алдымен оқушылардың алаңсыз білім алуына көп мүмкіндік туғызады. Әрі, құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс делінді.
Әділмырза ТАЖДИНОВ,
№110 мектеп-лицейдің директоры.
Пікір 4 638