№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Руслан Садықов: Өмірге келетін ұрпақты табиғи жолмен әкелгені дұрыс

Руслан Садықов: Өмірге келетін ұрпақты табиғи жолмен әкелгені дұрыс

   Нәзік жаратылыс иесі – әйел-аналардың өмірге дені сау ұрпақ әкелуіне бірден-бір жанашыр және жауапты, жаны қысылғанда жанынан табылар шипагерлер қауымына ел ықыласы қашанда ерекше. Бүгінгідей дүниежүзілік озық білім жүйесі бір арнаға тоғысқан, кәсіби мамандар заманауи ең прогрессивті әдіс-тәсілдерді меңгеруге жаппай ұмтылып жатқан жаһандану кезеңінде өмірге ұрпақ әкелетін әйел-аналар өз денсаулығына салмақты сана қалыптастыруы тиіс. Өкінішке орай салауатты өмір, салтына салғырт қарап, етекбастылыққа салынған енжарлық еркімізді жеңіп, жарқын өмірді күңгірттендірер тұстары көп. Осы орайда аудандағы туу жасындағы әйел-аналардың таным деңгейіне қандай баға беруге болады. Біздің аудандық аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі Руслан Садықовпен әңгімеміз осы тақырып төңірегінде өрбіді.
– Гинеколог мамандығын таңдауыңа не себеп болды?
Әңгімемізді осыдан бастасақ.
-Негізінде бұл мамандықты ерлердің таңдауы өте сирек құбылыс. Ақтөбе қаласындағы медициналық академияда оқып жүргенімде ұстаздарымның талабымен гинекология саласына мамандандым. Облыс орталығында ОМЦ мекемесінен интернатурадан өттім. Еңбек жолымды туған жерім-Жалағашта бастамақ болғаныммен Жаңақорғанда маман жетіспеуінен жолдамамен осында келдім. Биыл дәрігерлік қызметіме он жыл толады екен. Жаңа ортаға келсем де құшағына тартқан елмен етене араласып, алдымнан жаңа бір белес басталды. Жанұя құрып, жарым Тоғжан екеуміз ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз.
– Соңғы кездері ауданымызда ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Өңірлендіру саясаты нәтижесінде жағдайы ауырлау жүкті аналарды облыс орталығындағы екінші деңгейлі ауруханаға және «Ана мен бала» орталығына жіберіп отырмыз.
– Он жыл еңбек жолыңда есте қалатын ерекше оқиғалар бар ма?
– Бүгінге дейін мың жарымға жуық баланың «кіндік әкесі» атандым. Шыбын жанымызды шүберекке түйген тар жол, тайғақ кешудің талайын бастан кештік. Кейде алғыс алсақ, кейде өкпе, реніш, көз жасын арқалап қалатын кезіміз де бар. Бірақ сәттіліктің кілті-өз саулығымызға сергек қараудан басталады. Соны ұмытпасақ екен.
– Қазір әйелдер арасында аурушаңдық деңгейі қандай?
– Өкінішке орай, жоғары. Жүкті әйелдер арасында түсік тастау басым. Баланың іште жатып бұғып қалуы, әйелдердің қан қысымы жоғарылығы, ісік, қаназдық екінің бірінде кездеседі. Бұған бір жағынан экологиялық факторлардың әсері бар. Сондықтан әр ана денсаулығына сергек қарап, отбасын жоспарлау мәселесін де ұмытпағаны жөн. Сонан кейін босану процесінде әйелдер ешқандай жасанды әдіске дүгінбей, өмірге келетін ұрпақты табиғи жолмен әкелгені дұрыс. Өйткені ағзаның бір мүшесінің зардап шегуі тұтас адам денсаулығына кінәрат әкеледі.

  Түйін. 20 төсектік әйелдер паталогиясына арналған емдеу бөлімінің дәлізіне бас сұққанымызда бір үміт, бір күдікпен алмасып, қабағына мұң кіреукелеген келіншектердің жүзіне көзіміз түскенде «бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» дегендей, тағдырына сиынған жан дүниелерін жазбай танығандай болдық. Ал аяғы ауыр аналарды емдеумен қатар жылы қабақ, жылы сөзбен сарыуайымды сейілтіп, көңілдерге ден беруді мақсат тұтқан ақ халаттыларымыздың өз міндеттерін адал атқаруға тырысқан тыныс-тіршіліктеріне көңіліміз сүйсінді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
01 қараша 2018 ж. 916 0