БІР АРТЫҚШЫЛЫҚ – ҮШ КЕМШІЛІК
Кіндік қаным тамған атақонысқа келгеніме төрт жыл толты. Осы жылдары жаңақорғандықтардың артықшылығы мен кемшілігін жадыма тоқыдым. Жалпы, сыртта ұзақ жыл тұрып келгендер мұны бірден танып, біледі.
Алдымен жақсысына тоқталсақ. Шыны керек, Қазақстанның солтүстік облыстарымен салыстырғанда оңтүстікте ағайын-туыстың қуанышында бірге қуанады, қайғысында бірге мұңаяды. Көрші-қолаңы да туысындай қызмет етеді. Яғни, ағайынның жоғын асырып, жаманын жасыратын береке-бірлігі бар. Тіптен, белгілі бір рудың намысы үшін жаман әдет пен дағдыдан тыйылғандар жайлы естіп жүрміз. Мұндай ағайынгершіліктен қалай ғана айналмайсын?!
Ал, енді кемшілігіне тоқталсақ. Біріншісі, кезекке тұруды жөн санамайтындар көп. Нағашы-жиен, құда-құдаша, көрші-ауылдас деп түтесінен кабинетке енетіндерге ренжитіндер аз емес. Сірә, олар қаншама адам сарылып кезек күтіп тұр дегенді әдейі елемейді-ау. Болмаса ауданда кесе-көлденең белден басуды әдетке айналған ба?
Екіншісі. Кіммен таныссаң да алдымен «руын қандай?» деген сұрақты қояды. Шыққан тегінді айтқаннан кейін, туыстық жақындығын саралай бастайды. Егер шен-шекпінділер көп шыққан рудың өкілі болсаң абыройын асқақ болары хақ. Әрине, шыққан тегінді, руынды білу маңызды. Ол қан тазалығы, рух асқақтығы үшін өте қажет. Бірақ, рулық деңгейде емес, ұлттық деңгейде ойлайтын жағдайға жетпесек, жаһандану заманында алпауыттар жік-жікке бөліп, оңай қақпандарына түсіреді. Ендеше «бауырым», қазағым» деуді үренсек асық алшысынан түсеіні хақ.
Үшіншісі. Мұндағы жұрт әлі ұйқы үстінде. Тіптен, жұмысты «жатып» істейді. Мәселен, біреуден қайдасыз десеңіз: – бара жатырмын, келе жатырмын, – деген жауап аласыз. Яғни, бір жерге бару үшін де жастанып жатып келуі керек. Уақыттың қадірін жете түсінбейтіндер қаншама? Неге десеңіз, той екі сағат кешікпей басталмайды. Алғашқы кездері тойға сәл ерте барғаным үшін талай өкінгенім бар. Біреумен кездесу керек болса, күткен адамын міндетті түрде кешігіп келеді. Әлгіге «Қайдасын?» десеңіз: «Міне, 5 минутта барамын» дейді. Қайдағы, екі сағаттан кейін әлгінің қарасын әрең көресін. Шынымды айтсам, алғашқы кездері осындай әдеттер оғаш көрінетін.
Ал, қазір қоғамның бір бөлшегі ретінде осы әдеттерді өзімде орындай бастаппын. Егер жастық шағым өткен Павлодарға осы әдет-дағдыммен барсам, бәсекеге ілесе алмай «Қаратауым қайда? Сыр қайдасың? Одан да ұйықтап өмір сүргенім жақсы екен» деп бір айдан кейін-ақ қайтатын шығармын.
P.S.: Бәлкім менікі бұрыс болуы мүмкін. Бәлкім, мен атаған кемшіліктер жаңақорғандықтардың артықшылығы болар. Себебі, ағайынгершілік пен нарықтық қоғам осына талап ететін болар. Жалпы, үш жылда түйген ой осы.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.