Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚОСҮЙЕҢКІЛІК ҚАҚПАНШЫ

ҚОСҮЙЕҢКІЛІК ҚАҚПАНШЫ


Қазақ халқы тұмса табиғатты жанындай аялаумен қатар сол табиғаттың төл тумаларына тұзақ құра білген. Түз тағыларын аулау үшін қақпан құрып не ұра қазып та ұстаған. Бізді қызықтырған бұл тақырыптың жауабын Қосүйеңкідегі Ағадилов Адым атаның әңгімесі қанағаттандырды. Ол ертеректе Қарт Қаратаудың етегін қоныстап, қойшы әрі қақпаншы болған. Оның құрған қақпанынан ешқандай қасқыр қашып құтыла алмаған. Бұл туралы біз ауылдастарынан сұрастыра жүріп білдік. Хош. Қарашаңыраққа бас сұғып, келген мән-жайды түсіндіргеннен кейін Адым ата алғашқы да ашылып әңгіме айта қоймады. Оның себебін кейіннен білдік. Таяуда тәртіп сақшылары атаның мылтығын алып кетіпті. Ертесіне сотқа шақырып, суық қаруды неге құқық қорғау органдарына өткізбегендігі жөнінде тергеген. Әкесінен қалған мұраны қимаған ақсақал бізге де жауап беруге тартынып отырғаны осы екен. Десе де, бұл тақырып жанына жақын болғандықтан болуы керек «Өзім ұзақ жылдар қойшы болдым. Үйде екі-үш күн отырсам зерігіп кететінмін. Ал, тауға шығып саф ауамен тыныстап келсем, бір жеңілденіп қаламын» деп әлқиссаны әріден бастады.

–Ілгеріде Аманбай дейтін құрдасым екеуміз түлкіге шықтық. Ол кезде «Ынтымақ» атрабында қоныстанғанбыз. Менің атым жаралылау еді. Қарда қалың жауды сол жылы. Кенет төменгі беткейде бір топ қабан жайылып жүр екен. Жүйрік тазыларым айтақтаған күйі бір қабанды ұстап қалыпты. Қарап тұрғаным сол әлгі жабайы шошқа маған шауып келе жатыр. Он метрдей жақындап қалғанда тобылғының түбі бос екен, кейін қарай бұрыламын деп құлап түстім. Үстімде әскерден киіп келген шинелім бар. Арсылдап келген қабан белуардан бастап көкірегіме дейін шинелімді тістелеп, парша-паршасын шығарды. Құлақ шекеден ұстап, төмен қарай тықсыртқаным сол тазыларым тартып, ары қарай  алып кетті. Өзім уһ-деп енді тұрсам, құрдасым Амантай атпен келіп, үстімнен тарқылдап күліп тұр. Содан үйге жеткенше Амантайға болған оқиғаны шалға айтпа, ол шинелді өртейді не құртады дедім. Үйге жеткен соң, атымды байладым. Жем-шөбін беріп, үйге кірсем, құрдасым шалға айтып қойыпты. Үйгекірген бойда әкем «ай бала, шинеліңді көрсет» деді. Көрсеткенім сол, өртеткізіп тастады–деді сексеннің сеңгіріне шыққан Адым ата. Сондағысы тектіліктің белгісі ғой деп топшыладық. Арам шошқаның сілекейі киіміңе тиді деп, өртетіп жібергені.
–Ата, қасқырмен бетпе-бет келген сәтіңіз болды ма?
–Болды. Бірде өзім құрып кеткен қақпанға дәу қасқыр түсіпті. Сымға оралып, тасада тығылып жатқанын байқамай басып кете жаздағанмын. Кері бұрылып, үш метр қашықтықтан атып тастадым. Көбіне қасқырдың терісі бүлінбесін деп, тұмсықтан ататынмын.
–Түз тағысының осал тұсы бар ма?
–Бар. Қасқырдың ең осал тұсы–тұмсығы. Себебі, бетпе-бет келгенде тұмсығынан ұрсаң, есеңгіреп қалады. Айтқандай, бұрынырақта мынадай қызық болған.  «Шәкен» дейтін жерде тоқты бағатынмын. Қасымыздағы төбеде Омар деген кісінің қойы жайылатын. Кенет, төбенің арғы жағынан үш аттылы кісі дала тағысын қуып келе жатыр. Алдарынан жаңағы айтқан Омар қосылды. Бір қарасақ төбеден Омардың аты шықты ойнақтап, өзі жоқ. Атымды ерттеп, шауып бардым. Сөйтсем, барған бойда үстіндегі тонымен қасқырдың үстіне құлаған екен. Бірақ тура түспей қасқыр қулығын жасап кетіпті. Әлгі үшеу қасқырды қуып ары кетті. Түз тағысыда шаршаған болуы керек. «Құлаған тас» деген жерге барып, тасалапты. Содан ауылда Үсенбек деген шал бар еді. «Нәяті» иттен қорқып деп, тобылғы қамшысын екі бүктеп, тұмсықтан ұрып сұлатып түсірді қаншықты. Әңгіме деген жерде қалсын ба. Кейіннен бұл оқиға ауылға жетті. Халық Омарға күліп жатыр ғой: «Қасқырдың үстіне түскеніңде не істер едің» деп. «Азар болса, тонымды тістер» деп, Омарда қайтар емес.
–Ата, осы қасқыр айлакер болады дейді ғой...
–Иә, оның рас. Өте сезімтал. Түз тағысы тірі жануардың иісін бір жарым шақырымнан сезеді. Есту қабылеті де өте зор десе-ді. Ілгеріде талай қуылқтарының куәсі болдық.
–Қақпанға құрудың да өзіндік тәсілі бар шығар?
–Әрине, оның өзіндік ерекшелігі көп. Теріскейден әкелген оннан астам қақпаным болған. Жалпы, қақпанды қасқыр жолдарының аттама жеріне, жалғыз аяқ жолға, жар жалайтын жерге құрады. Бұдан басқа түз тағысын баурау үшін жартастарға борсықтың майын жағып, соның жағалауына қақпан құрантын әдіс бар. Негізі қақпан құрғанда із-таңба салмай, қақпанды қоя салсаң оны баспайды да, жоламайды. Сондықтанда қақпанды жасыра көмгенде, үстін шөппен жауып, жылқының әбден кепкен тезегін сепсең болады. Жаңада айттым ғой олар сезімтал болады деп. Иіс, із қалдырмас үшін аяққа шөп байлап жүретін кездерде болған. Қарлы не жауынды күндері іс кесу оңай. Дала жыртқышы  бір аяғының ізін екінші аяғымен басып отырады. Ал, жаралы түз тағысы сүйретпе іс тастайды. Қасқыр тобын қаншығы бастап жүрсе, соңында арланы жүреді.  
–Ақсақал қазір қақпан құруды қойған шығарсыз?
–Қазір ұлдарым құрып жүр. Осыдан он шақты жыл бұрын ауылда Амантұр деген ініміздің жетпіс қойын қасқыр қырып кеткен. Содан ауылдың балдары ізінен түсіп, алты қасқыр төскейде жатыр деген хабар жетті. Дереу қақпандарымды сайлып, жүретін жолдарына қойып шықтым. Не керек, сол күні алты қасқырды да алдым. Ұлым Мәди біреуін атып алды–деп, ауық-ауық еске түскен оқиғаларын түйіндеді.
Әңгіме арасында ақсақалдың ұлдары  Мәди қасқыр алған қызықтарымен бөлісті. Айтқандай, адуынды Адым ата әлі де қуатты. Өзінің бір сыдырғы мінезімен бізге сабырлықтың үлгісін паш етті. Табиғат тамыршысы, қанжығасы майлы қақпаншы атаның айтқан естеліктерінен оның бойынан біз өжеттілік пен балуандық өнердің бекзат болмысын байқадық. Байқадық дегеннен шығады. Әңгіме арасында Ұлы Дала елінің картографиясына тәнті болдым. Жер-су аттарының көптігі соншалық арнайы бір тақырып жазуға тұрарлық. Мәселен, «Сопының сазы», «Қақпа», «Жамансаз», «Ботасоқты», «Айғыржал», «Дарбаза» сынды атаулар дала жағрафиясының даму деңгейінің озық үлгісін көрсетеді.
                                                                      
                                       Әбдісамат ӘБДІШ.
 
07 тамыз 2018 ж. 2 527 0