ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ НЕГІЗІ

Биыл елдігіміздің басты заңдық құжаты, Тәуелсіздігіміздің шамшырағы болған Конституциямыздың қабылданғанына 30 жыл толады. Әділетті Қазақстанды құруда заңның тегеуріні мықты болуы керек. Осы тұрғыда соңғы кезде уақыт пен кеңістіктің жаңаша даму, өркендеу заңдылықтарына орай 2022 жылы 5 маусымда республикалық референдум арқылы жүзеге асқан конституциялық реформаны айтуға болады. Реформа аясында Ата Заңның 33 бабына 56 түзету енгізілгені де өздеріңізге белгілі. Конституциялық жаңартулар адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын, азаматтық қоғамның демократиялық құндылықтарын нығайтып, «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың берік құқықтық іргетасын қалады. Ендігі мақсат қабылданған заңдық негіздердің сақталуына әлеуметтің жауапкершілігін арттыру. Ол әрбір азаматтың жеке басы мәдениеті мен жалпыға бірдей заңдылықты құрметтеуінен басталады.
Жаңақорған аудандық сотында қылмыстық іс жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету шараларын басты назарда ұстап келеміз.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы 1 шілдеден бастап дербес кассациялық сот жұмыс істей бастады. Мұндағы басты мақсат – халықтың сот жүйесіне сенімін нығайту және сот төрелігінің сапасын арттыру бағытында тиімділікке негіз қалайды.
Қоғам дамуына тежеу болумен қатар жеке азаматтардың құқы мен правосына қол сұғушылық көріністерін айқындайтын сыбайлас жемқорлық мәселесі әлі де тиылмай келе жатқан құбылыс десек қате айтпағанымыз. Мұндай заңсыздыққабілместікпен, құқықтық сауаттылығының кемшіндігімен қадам жасау бір бөлек, қасақана, саналы түрде, пайда табу мақсатымен барған лауазымды тұлғалардың үстінен сотта қаралған істер соның айғағы.
Ауданда соңғы кездері білім саласында орын алған келеңсіз құбылыстар болашақ инвестициямыз – баланың игілігіне аяусыз қол салған қорқаулық пиғылдың тамыр жайғанының көрінісін дәлелдеді. Заңбұзушылықтар уақтылы ауыздықталып, тиісті жаза белгіленді, десек те қазына тиынын қажетті мақсатқа ғана жұмсаудың алғышарттарына берік негіз қалау – тиісті органдардың ортақ міндеті.
Елдің ертеңі – жас жеткіншектерді біліммен қанаттандырып, парасатты ұрпақ тәрбиелейді деп үміт күткен қасиетті білім ошақтарында жең ұшынан жалғасқан сыбайластық пен жемқорлық көріністерінің байқалуын ұстаздық қастерлі мамандыққа қиянат деп санауға болар еді. Аудандық сотта ҚР Қылмыстық Кодексінің 24 бабының 3-бөлігі, 190 бабы 3-бөлігінің 2 тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыпталған А.Ю-дың үстінен жүргізілген істі осындай санатқа жатқызуға болады. Сотталушы А.Ю.мектеп директоры қызметін атқарып жүріп мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген лауазымды адамға теңестірілген тұлға бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдаланумен ұштасқан алаяқтық, яғни пайдакүнемдік мақсатта бөтеннің мүлкін алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен жымқыруға оқталып, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылыққа барған. Нақтылап айтқанда, мектеп директорының кәсіби бағдар беру жөніндегі орынбасарының басқа жұмысқа ауысуына байланысты оның босаған орнына тағайындалуға тілек білдірген информатика пәні мұғалімі Ш. М-дан 1000 000 теңге сыйақы талап еткен. Ол өзінің қызмет бабын пайдаланумен ұштастырған алаяқтық іс-әрекетін жүзеге асыру мақсатында талап еткен ақша қаражат мөлшерін ақ параққа қаламсаппен жазып көрсеткен.
Мектептің «Фейсбук» әлеуметтік желі парақшасында формальді түрде мектеп директорының кәсіби бағдар беру ісі жөніндегі орынбасарының бос орнына конкурс туралы хабарлама жариялап, артынан қайтып өшіріп тастайтынын алдап айтқаны құжатталған.
17.09.2024 жылы сағат 18.46 шамасында жүргізілген жасырын тергеу әрекеттерінің барысында А.Ю. өзінің қызметтік кабинетінде Ш.М-ны алдау және оның сенімін теріс пайдалану арқылы мектеп директорының кәсіби бағдар беру ісі жөніндегі орынбасары бос орнына тағайындаймын деген желеумен 1 000 000 теңгені алғаны жөнінде құжатталып, оқиға орнында әшкереленген.
Басты сот талқылауында сотталушы А.Ю. кінәсін толық мойындап, сотқа дейінгі тергеуде берген жауабын қуаттап, жәбірленушіден 1 000 000 теңгені алғанын, қызметке тағайындауға құзіреті жоқтығын, конкурс негізінде тағайындалуы тиіс екенін білетінін, өзінің қатерлі науқасқа шалдығып, қажетті еміне қаржы қажеттіліктен осындай қадамға барғанынашын жүректен өкінетінін айтып жазаны жеңілдетуді сұрады.
Сотталушы А.Ю. ҚР Қылмыстық кодексінің 24 бабының 3-бөлігі, 190 бабы 3-бөлігінің 2 тармағымен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте, жергілікті өзі-өзі басқару органдарында. ҚР Ұлттық Банкінде және оның ведомостволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субьектілерінде лауазымдарды атқару құқынан өмір бойына айыра отырып ҚК-тің 55, 56 баптарын қолданып 7500000 (жеті миллион бес жүз мың) теңге айыппұл жазасын тағайындауға сот үкім етті.
Әділетті қоғам – әрбір азаматтың ар-ождан тазалығынан тіктеледі. Ал Конституция үстемдігі заң және тәртіп қағидаларын іске асырудың негізгі өзегі болып қала бермек.
Айдос ЖОЛДЫБАЕВ,
аудандық сот төрағасы
аудандық сот төрағасы




