Солтүстікке көш: Жаңақорғанның жайы қалай?

Көш. Бұл – халқымыз үшін қасиетті ұғым, қастерлі сөз. Ертеден-ақ алаш жұрты көшіп-қонып, елдігін сақтады. Тәуелсіздіктің таңы атқалы жаһан қазақтары атажұртқа бет түзеді. Соның нәтижесінде өзге этностардың құрамы басым солтүстік облыстарды қазақыландыру үрдіс алды. Ақмола орталық ретінде таңдалып, көш жаңғыра түсті. Осылайша, ішкі миграцияның арқасында Астана қазақы қалыпқа енді. Алайда солтүстік пен шығыстағы облыстарды ұлт игілігіне икемдеу күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Сондықтан да ағайын, солтүстікке көш түзеп, қазақтың ұлан-ғайыр даласын игеріп, кәдемізге жарату қажет-ақ.
Осы мақсатта, ел көлемінде “Болашаққа бағдар” бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Аталған жәрмеңкеге Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай, Ұлытау облыстарының өкілдері бас түйістіріп, өздеріндегі бос жұмыс орындарын жарнамалап, өңірлерді аралап жүр. Бұл - жұмыссыз азаматтарға нақты қолдау. Аталған топ дүйсенбі күні ауданымыздағы «Руханият» орталығында жергілікті тұрғындармен кездесті. Осы топтың құрамында болған Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы, Жезді кентінің әкімі Мұратбек Досымбекұлы былай деді:
– Бұл жәрмеңке еңбек ресурстарын тиімді үйлестіруге, азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған маңызды шара. Ұлытау облысында еңбек күші тапшы болып отырғанын жасыруға болмайды. Бірақ жұмысқа тұруға ниетті азаматтарға есігіміз әрдайым ашық. Келушілерге жұмыс берумен қатар, жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты өмірге бастар жол ұсынып отырмыз. Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті. Атап айтсақ, жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік бейімделу – осының бәрі біздің басты назарымызда. Жаңа ортаға тез үйреніп, өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасалады. Ұлытау облысы – тамыры терең, табиғаты көркем, болашағы зор өңір. Сіздерді осы қасиетті аймақтың дамуына үлес қосуға шақырамыз. Әлеуметтік төлемдер тағайындау, балаларды мектепке немесе балабақшаға орналастыру сияқты жан-жақты қолдау қарастырылған. «Болашаққа бағдар» жобасы – тек бос жұмыс орнын ұсыну ғана емес, бұл – жаңа өмірге жол ашу, отбасы үшін тұрақты тұрмыс пен жарқын келешекке бастар жол, – деді ол.
Қатонқарағай ауданының «Мансап» орталығының басшысы Гүлфайруз Тоқтасынованың да өз айтары бар:
– Қатонқарағай ауданы – әлеуеті зор, кәсіби мамандарға сұраныс жоғары өңір. Жаңадан құрылған бұл облыс бүгінде даму қарқынына ие, тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуда. Елімізге қоныс аударып, өздеріңізге лайықты жұмыс тауып, жаңа ортаға сәтті бейімделіп кетесіздер. Бұл – өзара сенім мен жүйелі жұмыстың нақты жемісі болары сөзсіз, – деді.
Расында, соңғы жылдары солтүстік өңірлерде тұтас ауылдар жойылып, жер иесіз қалуда. Статистиканы сөйлетер болсақ, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысының 38 ауылы санаттан шығарылған екен. Енді осы қарқынмен жалғаса берсе 118 ауылдың болашағы бұлыңғыр. Ал, соңғы жылдары оңтүстік өңірлерде демографиялық көрсеткіш жоғары.
Халық санының көптігі әлеуметтік өткір мәселелерге алып келуде. Яғни, тұрғын үй салатын жер кезегінің жылжымауы, жайылымды жерлердің азаюы сынды мәселелер артып отыр. Енді не істемек керек? Әрине, солтүстікті иегеру керек. Үкімет осы бағытта «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, қоныс аударған азаматтарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастыруда. Оларға көшіп барған мекендегі «Жұмыспен қамту» орталығы жан-жақты қызмет көрсетеді. Өңірмен танысу сапары, көшіп-қону шығыны, жұмыс беру және баспанамен қамту мәселесін түгелдей көшіп баратын өңір өз мойнына алады. Бұл жерде әрбір азаматқа өмірін өзгертуге деген батылдық қана қажет.
Хош. Жаңақорғанда «Солтүстікке көш» бағдарламасының бағы жанды ма? Бұл жөнінде маман пікіріне ден қоялық.
– Бүгінге дейін біздің ауданнан солтүстікке 13 отбасы көш түзеген болатын. Олар түгелдей жұмыспен қамтылып, тиісті көмектерін алды. Тағы да ниетті азаматтар жоқ емес. Тек, көбінің мамандығы сәйкес келе бермейді. Кейбіріне орыс тілін білмеуі де басты кедергі болып отыр. Осы кедергілерді жою үшін тілді меңгеруге нақты мүмкіндік қарастыру керек – дейді жауапты маман.
Мамандардың пікірінше, табиғи жағдайы мүлде кереғар себептер де ескерілуі тиіс. Оңтүстіктің жылы ауа-райына бейімделген азаматтар қысы алты айға созылатын аймаққа жерсінуі қиын. Соның дәлелі, жылы жақтан барған азаматтар буын ауруларымен шағымданған. Сол себепті «Көш» бағдарламасының әлеуметтік пакеттеріне денсаулығына қосымша сыйақы төлеуді қарастырған дұрыс. Сондай-ақ, көшіп келушілердің жалақысы мен жәрдемақы көлемін арттыру маңызды. Сол кезде ынта-ықылас артады. Бүгінде Қандөз, Көктөбе, Қаратөбе ауылы жастарының көбі Ресейде жұмыс істеп тұр. Тіпті ауыл жастары тұтастай көрші елге көшіп кеткендей әсер қалдырады. Мақсат біреу. Бір айда 500-700 мың теңге табыс табады екен. Егер Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында осыған деңгейлес жалақы белгіленсе, жастар тұрақтап, өз елінде өркен жаяр еді.
Жұмыс күші тапшы, халық саны аз теріскейдегі тұрғын санын ішкі көші-қон арқылы реттеу оның территориялық тұтастығын сақтауға, ұлттық салт-санадан ажырамауға, тіл мәселесінің оң шешілуіне ықпал ететіні белгілі. Осы ретте қазір сол жақта тұрып жатқан аудан тұрғыны Тілеубергенова Нұрсұлумен тілдестік.
– Солтүстікке көшіп барып, жұмыс істеп, нәпақа табуға болады. Осы бағдарламаны естіп – білген соң тәуекел еттім де жолға жиналдым. Қазіргі уақытта «Шоқан Уәлиханов» ауданында тұрып жатырмыз. Жағдайымыз жақсы, мемлекет тарапынан берілетін көмектің бәрін алдық, жұмысқа орналастық. Үй берілді, барлық жағдайы жасалған. Былтыр менен кейінгі інім де көшіп келді. Олардың да жағдайы жақсы. Жалпы, жұмыс істеймін деген адамға бұл жақта мүмкіндік өте көп, – дейді бүгінде солтүстік-қазақстандық азамат.
Ал кент тұрғыны Жалғас Байдолла Өскемен қаласына қоныс аударып, жеті жылдан бері сонда қызмет етіп келеді екен.
– Мен Өскемен қаласына оқуға түсіп, осында жұмысқа қалып қойдым. Қазіргі уақытта үлкен кәсіпорында энергетик маманы болып қызмет етіп жүрмін. Ауылға барғанда маған жұмыс көзі табыла қоймайды. Үйде қол қусырып, ата-анама масыл болғаннан гөрі, жұмыс көзі табылған жерде еңбек еткен дұрыс деп есептеймін. Өскеменде жұмыс көзі өте көп, ауданның азаматтары да баршылық. Өйткені ауданда жұмыс аз, бар болғанымен ақшасы мардымсыз ғой. Сондықтан да түрлі сылтауды желеу етпей, мүмкіндік бар жерде жұмыс істеген дұрыс, – дейді.
Байқасақ, солтүстікке көшіп барған отбасылардың жағдайы жақсы. Оларды сөзге тартқанымызда, әлеуметтік жағдайларының толық шешілгенін және жұмыспен қамтылғанын алға тартады. Демек, солтүстіктегі шұрайлы жерлерді игеріп, елдігімізді, тұтастығымызды сақтау жолында атаулы бағдарламаның маңызы зор деуге болады. Мұның астарында үлкен идеологиялық мән жатыр.
Демографтардың сөзіне сенсек, 2050 жылға қарай солтүстіктегі халықтың саны миллион адамға қысқарса, оңтүстік өңірде 5,2 млн. адамға артады. Осындай болжамға сүйенген Үкімет табиғи көшті оңтүстіктен солтүстікке бұрғандай. Өйткені экономикалық өсім халықтың шоғырлануы жоғары аудандарда ғана орын алады екен. 1989 жылғы санақ нәтижесі бойынша, Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарында славян ұлтының үлес салмағы 70-80 пайызды құраған болса, 1999 жылы олардың үлес салмағы 50 пайыздан аспайтындай дәрежеге жетті. Бұл – жаңа Елорданың қосқан үлесі.
Ал «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Павлодар, ШҚО жоғары оқу орындары оңтүстік өңірдегі түлектерге мемлекеттік грантқа орындар беріп отыр. Мұндағы басты мақсат, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасына қажетті мамандар дайындау.
Мұны біз неге айтып отырмыз? Себебі несие алып, баласын оқытып жатқан ата-ана солтүстікке мемлекеттік грантта оқуына болатынын білсін деп айтып отырмыз. Дәл қазіргі уақытта да, азаматтарды жұмыс күшін қажет етіп отырған солтүстік өңірлерге көшіру бағдарламасы жалғасып жатыр. Халық және еңбек әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылы көшуге дайын азаматтарға арналған жергілікті квотаны бекітті. Биыл солтүстікке көшемін деген 9 653 адамға квота қарастырылған. Олардың 7 344-ы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушы қазақстандықтарға, 2309-ы қандастарға арналған. Азаматтарға Павлодар (3050), Солтүстік Қазақстан (2969), Қостанай (535), Шығыс Қазақстан (372), Қарағанды (38) және Абай (255), Ұлытау (125) облыстарына көшу ұсынылып отыр.
Осы ретте айта кетейік, солтүстікке көшетін азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтсақ, көшіп-қону үшін әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде ақша беріледі, бұл – әр адамға 275 240 теңге, баспананы жалға алу ақысы мен коммуналды қызметтерді төлеуге субсидия – 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін яғни 58 980 теңгеден 117 960 теңгеге дейін, баспана сатып алу үшін сертификаттар беріліп, жұмысқа тұруға, кәсіп ашуға көмек көрсетеді, қысқа мерзімді оқудан өткізеді. Яғни, мұнда берілетін сертификат баспана құнының 50%-ын жабады, бірақ ол 1 160 АЕК-тен немесе 4 561 120 теңгеден көп болмауы керек. Сондай-ақ қоныстанушыларға көмек берген жұмыс берушілерге де 400 АЕК немесе 1 572 800 теңге көлемінде субсидия беріледі. Солтүстік пен оңтүстік өңірлердегі халық санындағы айырмашылық көбейіп жатқандықтан мемлекет бұл бағдарламаға үлкен сенім артып отыр. Былтыр Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік-демографиялық және экономикалық теңгерімсіздіктің сақталуын сын-қатерлердің бірі деп көрсеткен. «Соңғы жылдарда Солтүстік Қазақстан облысы халқының саны – 22,43 пайызға, Павлодар облысының тұрғындары – 5,76 пайызға, Қостанай облысының тұрғындары – 8,3 пайызға азайды», – деген еді Мәулен Әшімбаев.
Түйін. Солтүстікке көш – елдік, мемлекеттілік үшін қажет. Сондықтан аттың басын сонда бұрған абзал. Ең болмаса, жұмыссыз жүрген жастардың солтүстікте жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажет-ақ.
Әсел РЗАЕВА