Егінге су жеткілікті ме?

Сыр диқандары түгелдей дерлік күріш дәнін егіс даласына тастап, суға бастыру жұмысын тиянақтады. Өткен аптада егіндігіне су жетпей қалудан қауіптенген бірнеше диқан қауымның әкімшіліктің есігін жағалағаны рас. Олардың өтініші аяқсыз қалмады. Қалай сараласақ, аяусудың бүгіні мен болашағы әлемдік мәселеге айналды. Сондықтан осы бастан суды аз қажет ететін егіске көшуге барынша басымдық берілуде. Осы бағытта еліміздегі және аудандағы ахуалды бағамдадық.
Қазақстан су секторын ауқымды реформалауды жүзеге асыруды жалғастыруда. 2025 жылы су ресурстары және ирригация министрлігі жалпы сомасы 184 миллиард теңгеге 138 жоба аясында 2,5 мың шақырым су құбыры желісін салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжілісте ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов мәлімдеген болатын.
Министрдің мәліметінше, жоспарлы жұмыс нәтижесінде орталықтандырылған сумен жабдықтауға 1,3 миллионға жуық адам тұратын 468 елді мекеннің тұрғындары тұрақты қол жеткізе алады. Бұл, ең алдымен, су тапшылығы мәселесі ерекше өткір сезінетін ауылдық аймақтар туралы.
– Ағымдағы жылы Түркістан облысында «Қарақуыс» су қоймасының құрылысын аяқтау жоспарлануда; Жетісу облысында – «Қызылағаш су» қоймасын реконструкциялау, Солтүстік Қазақстан облысында – «Биопруд» жинақтағышының қоршау бөгетін салу; Ақмола облысында – «Жабай» өзенінде, Балқаш ауылы жағалау сызығының бойында, Жамбыл облысында «Андас 1, 2» – тоған құрылысының аяқталуы күтілуде, – деді министр.
Нәтижесінде, ағымдағы жылдың соңына дейін су қоймалары пайдалануға беріледі, бұл қосымша 180 миллион текше метр су тасқыны мен еріген суды жинақтауға мүмкіндік береді. Қаржыландырудың жалпы көлемі – 184 млрд теңгеге-жаңа су құбырларын салу ғана емес, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, ескірген желілерді ауыстыру, сорғы станцияларын, тазарту құрылыстарын және су сапасын автоматтандырылған бақылау жүйелерін орнату іске асырылады. Ал, өткен апта соңында Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысына арнайы ат басын бұрып, аймақ диқандарымен кездесті. Биыл өңірде 60 мың гектарға жуық егіс алқабы лазермен тегістелді. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр 55 мың гектарды лазермен тегістеудің нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемделген болатын. Ал орташа өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін ұлғайды.
Еске салсақ, Үкімет ауыл шаруашылығы кооперативтерінің лазермен тегістегіштерді сатып алу шығындарын 50%-ға дейін субсидиялайды.
– Сіздермен ең алғаш кездескенімде бірнеше ұсыныс айтқан едіңіздер. Өтініштеріңіз бойынша біз кооперативтерге арналған субсидия мөлшерін 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайттық. Осыған дейін субсидия егістік алқабы 200 гектардан асатын шаруашылықтарға ғана төленеді деген талап бар еді. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, бұл шектеуді де алып тастадық, – деді Су ресурстары және ирригация министрі.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында лазермен тегістейтін 123 техника бар. Бұл 100 мың гектарға дейін егістік алқапты қамтуға мүмкіндік береді. Биыл ауа райының ерекшеліктеріне байланысты Қызылорда облысында да суару маусымы әдеттегіден ертерек басталды. Жауын-шашын болмағандықтан суармалы суға сұраныс екі есе артып отыр. Бүгінде өңір диқандарын сумен қамту үшін Шардара су қоймасынан секундына 600 текше метр су жіберіліп жатыр.
– Министрлігіміз Президенттің тапсырмасы бойынша судың «көлеңкелі нарығын» жою үшін маңызды шешімдер қабылдады. Енді «Қазсушар» филиалдары келісімшартқа отырған шаруа қожалықтарына ғана су береді. Заңсыз су алуға рұқсат жоқ. Жаңа Су кодексінде де осы мәселеге баса назар аударылып, жауапкершілік күшейтілді. Құжат 10 маусымнан бастап күшіне енеді, – деді ведомство басшысы.
Аудандағы ахуал
Жоғарыда айтқандай, өткен аптада дария бойына қоныстанған ауыл халқы еккен егісіне алаңдаушылық білдіріп, әкімдіктің есігін қаққан еді. Олар суды ертерек алу және жазда қажет су болса деген талап-тілегін жеткізді. Осы жөнінде «Жаңақорғансушар өндірістік учаске» бөліміне бас сұқтық. Мекеме басшысы Әбдімажит Ахметовпен тілдесіп, мән-жайды білдік.
– Халықтың суға алаңдағаны түсінікті, өйткені, су деңгейі келешекте қандай болары белгісіз. Шыны керек, Шардара мен Көксарайдан келетін судың көлемі көңіл көншітпейді. Өзіміздің 5 магистральді каналымыз бар, соған иек артамыз. Дегенмен биыл су межелі деуге болады. Былтырғыдан су көлемі аз болғанымен, шаруаларға жетеді. Бүгінгі күнге дейін 318 шаруа қожалық келісім-шартқа отырып, қажетті деңгейдегі суды алуда. 5960 гектар күріш алқабының 5436-сы суға бастырылды. Қосымша 10 текше метр су да диқандарға дер кезінде жеткізілді.
– Тариф өзгерді ме, қарызы бар шаруалар бар ма?
– Иә, былтырдан 2 млн теңгеге жуық қарыз қалды. Оны өндіретін боламыз, ал, тариф бойынша биыы сәл өсу бар. 1 текше метр суға – 176 теңге төленуі тиіс. Жалпы судың мәселесінде көп жаңалық бар, үмітіміз жоғары жақта.
Міне, аяқсудың аудандағы ахуалы осылай. Әзірге су жеткілікті, дарияға келіп жатқан судың деңгейі де көңіл қуантады. Тек суды ұзаққа ұстап тұратын тоспа салу ісі әлі де кейінге шегерілуде. Оны уақыт еншісіне қалдырайық.
Айта кететіні, ағымдағы жылы аудан бойынша 35 453 гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 449 гектарға ұлғайды. Биыл күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 245 гектарға азайтылып, егістікті әртараптандыру бағытында суды аз тұтынатын малазықтық дақылдар, оның ішіндегі жоңышқа мен жүгері және бидай дақылдарын егуге басымдық берілуде.
Керек ақпар, қазір аграрлы салаға қолдау аз емес. Субсидиядан бастап, грант, жеңілдетілген несиеге дейін мүмкіндіктер қарастырылған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы «Кеңдала-2» бағдарламасы аясында бізде 9 шаруашылық 190,5 млн теңге қаржы алса, 20 шаруашылықтан 421,8 млн теңгенің өтінімі мақұлданып, 3 шаруашылықтың 63,0 млн теңгені құрайтын өтінімдері қаралуда. Сонымен қатар «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы «Кең дала - 1» бағдарламасы бойынша барлығы 20 шаруа қожалығы 200,0 млн теңгеге өтінім берген. Бүгінгі таңда 4 шаруа қожалығы 88,0 млн теңгемен қаржыландырылды. Қалған шаруашылықтардың құжаттары қаралып, қосымша өтінімдер тапсырылуда екен.
Әли ТЕМІРБЕК