ТЕГІН ДӘРІ КІМДЕРГЕ ТИЕСІЛІ?

Елімізде жыл сайын дәрі-дәрмекке сұраныс артып отыр. Бүгінде отандық медициналық препараттар нарығы 350 млрд теңгеден асады. Оның 3/1 бөлігін мемлекет төлеп, науқастарға тегін дәрі-дәрмек береді. Бүгінде 49 ауру түрі бойынша 400 түрлі дәрі-дәрмек азаматтарға тегін беріледі. Бұл мақсатта жыл сайын 150 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Мұндай көмек кімдерге тиесілі? Тегін дәрі-дәрмекке кімдер қол жеткізе алады? Қандай науқас түрлеріне ақысыз дәрі алуға болады? Бұл сұрақтың жауабын іздеп аудандық емханаға бардық. Емхананың тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету провизоры Сайлау Түгелбайұлынан білдік.
Амбулаториялық деңгейде тегін рецепт алу үшін науқас емханада тіркелген, диспансерлік есепте тұруы керек. Яғни, ақпарат тіркеу реестрінде болуы қажет. Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы ҚР ДСМ бұйрығына сәйкес аудандық емханада диспансерлік есепте тұратын азаматтарға тегін дәрілік затты ұялы телефондағы е-гов қосымшасы арқылы QR-кодпен, рецепт арқылы босатылуда. Амбулаторлық кезеңде дәрілерді беру тегін, ал тізбе негізінде амбулаторлық-емханалық ұйымдарға бекітілген дәрігердің рецепті бойынша жүргізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап артериялық гипертензия және аритмия аурулары бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС шеңберінде жүзеге асырылады. Яғни, осы сырқат бойынша дәрі-дәрмектерді алу үшін сақтандыру мәртебесі болуы керек.
Сондай-ақ МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдірілген көлемі шеңберінде тегін дәрі-дәрмектермен диспансерлік есепте тұрған жекелеген жағдайлары бар азаматтар, мысалы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар пациенттер, органдар мен тіндерді трансплантациялаудан кейінгі пациенттер, қант диабеті, бронх демікпесі, өкпе гипертензиясы, жүректің ишемиялық ауруы және басқа да сырқаттарға шалдыққан пациенттер қамтамасыз етіледі.
– Аудан бойынша 2024 жылы 13085 диспансерлік есепте тұратын науқасқа 48293 рецепт жазылып, «Самұрық-Қазына» Біріккен фармацевтикалық ақпараттық жүйесі порталы арқылы 647 810 950,19 теңгенің дәрілік заттары босатылды.
«ДЗҚАЖ» дәрілік заттармен қаматамасыз ету ақпараттық жүйесі бағдарламасы бойынша дәрі-дәрмектер әр айға бөлініп, диспансерлік есепте тұратын науқастарға рецепт арқылы босатылуда.
Сондай-ақ провизор маманнан қандай ауру түрлеріне ақысыз берілетін дәрілердің тізімін білдік.
Бірінші кезекте, ағза мүшелерін ауыстырған науқастар, психикалық жүйке аурулары, онкологиялық қатерлі ісік ауруларына жүрек-қан тамырлары ауруы, созылмалы бронхит, пневмония, , асқазанның ойық жарасы, бауырдың гепатит созылмалы В, С түрлеріне, өкпенің демікпе науқасына, жүректің созылмалы жетіспеушілігіне, сүйек буын ауруларына және де гемотологиялық, неврологиялық ауру түрлеріне тегін дәрі-дәрмек беріледі.
18 жасқа дейінгі балаларға /бұйрықтағы тізім бойынша/ МӘМС арқылы дәрілік заттар тегін босатылса, жүктілік кезеңіндегі созылмалы қан жетіспеушілігіне байланысты ауру түрлеріне шалдыққан жүкті әйелдер тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі екен.
«Самұрық Қазына-Фармация» сайтының арнайы құрылған бөлімінде емделушілер бірыңғай дистрюбитр жүйесі арқылы дәрі-дәрмекті сатып алу жағдайы туралы және дәрі-дәрмекті тегін рецепт бойынша босататын дәріхана туралы қажетті мәлімет таба алады. Яғни, ашықтыққа негізделген ғаламтор сайтында пациенттер өздерінің аймағында қажетті дәрі-дәрмектің бар-жоғымен қоса, өзге де қажетті ақпараттарды алу үшін шұғыл байланыс телефоны көрсетілген. Түптеп келгенде, мұның бәрі мемлекет қамқорлығының бір ғана айшықты көрінісі, – дейді аудандық емхана провизоры Сайлау Түгелбайұлы.
Қорыта айтқанда, қазына қаржысы барлық тұрғындарды ақысыз дәрімен қамтамасыз етуге шамасы келмейді. Оған қоса, дәрілердің басым бөлігі өзге мемлекеттен сатып алынады. Сондықтанда, ауырып, ақысыз дәрі іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, салауатты өмір салтын серік еткен абзал.
Мақпал МАРҚАБАЙ