№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кене бар жерде кесел бар

Кене бар жерде кесел бар


Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – адам өміріне аса қауіпті ауру. Улы кене шағу фактілері көктем, жаз және күзде тіркеледі. Осындай қауіпті індеттің алдын алу мақсатында әлеумет ерте көктемде қам-қарекетке кіріседі. Маусымдық науқан Жаңақорған ауданында қалай жүзеге асырылуда? Дәріленген аумақта кене қанша уақытта жойылады? Егер дәрі әсерін бермесе қандай шара жасалады? Осы секілді мал ұстаған көпшіліктің сұрағына аудан әкімінің мәжіліс залында бас қосқан жауапты мамандар тәжірибесімен бөлісті.


Жиынға «Жұмылдыру және шұ­ғыл жұмыстар орталығы» КММ басшысы Ерлан Тұтқабайұлы арнайы келіп, кенемен күрестің көктем­гі науқанын баяндады. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, биылға КҚГҚ ауруынан облыс бойынша 106 елді мекен қолайсыз болып танылса, оның 15-і Жаңақорған ауданында анықталды. Оларды кенеден залалсыздандыруға облыстық бюджеттен жыл сайын тұрақты түрде қаржы бөлініп, залалсыздандыру жүргізіліп келеді екен. Тұрғылықты халық аса қауіпті аурудың зардабын тартпау үшін бөлінген осы қаржыны тиімді әрі нәтижелі пайдалану мақсатында мал қораларының көң-қилары уақытылы алынып, механикалық-санитариялық тазаланып, жүйелі түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі қажет.
Былтыр облыс бойынша мал иелерінің өз қаржысы есебінен 177,4 мың бас малға кенеге қарсы ветеринариялық препараттар алдын ала егілді. Бұл препараттарды пайдалану үнемді әрі тиімді. Мал жайылымдары мен далалық жер­лерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенеден сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жең, ашық түсті киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Дененің барынша жабық болғаны дұрыс. Малды күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныш киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңын­да аса сақтықпен денені, киімді кенеден тазартып отыруды әдетке айналдыру керек.
Есіңізде болсын, кене шаққанда өздігінше емделуге болмайды. Себебі, денеге жабысқан кенені дұрыс алмаса, жағдай тіпті на­шарлап кетуі мүмкін. Кенені май тамызып алуға болмайды, қанға тойып алған соң тұншығып, оны жараға төге салуы мүмкін. Өзіңіз жұлып тастасаңыз, тұмсығы теріде қалып қояды. Оны байқау өте қиын. Ең дұрысы – денедегі кенені пинцетпен немесе ілмек жасап жіппен сағат тіліне қарсы бағытта бұрап отырып алу. Шаққан жерді тек антисептик немесе спиртпен өңдеу керек. Егер өзіңізді кене шаққа­нын байқасаңыз, мазасыздансаңыз немесе күдіктенсеңіз міндетті түрде уақытылы дәрігерге көрініңіз.
Жаңақорғанда залалсыздандыру жұмысы 11-сәуірде басталады. Ауа-райы 15 градустан аса жылы болуы маңызды. Қора іргесіне шашыла­тын дәрінің дозасын әзірлегенде мердігерлер жергілікті билік өкілі мен ауылдың белсенді азаматта­рын куәлікке алып, бейне жазба түсіретін болды. Дәрі себілгеннен кейін 4 күн ішінде әсерлілігін тек­серуші коммисиясы да жергілікті халықпен бірге жүзеге асыруға уағдаласты. Себебі, бұлай етпесе халықтың дәрінің сапасына күдігі сейілмейді. Сондықтан әр ауылдың жанашырлары науқандық жұмыста әділ көзқараста болып, ағайынның амандығы үшін іске араласуы керек-ақ. Ал, дәрі 4-9 күн аралығында әсер бермеген жағдайда мердігер тарапы қайта дәрілеуді ұйымдастыратын болады. Залалсыздандыру тиімді жүру үшін қыстық қи-қоңнан қо­раңыз таза болуы шарт.

Мақпал МАРҚАБАЙ
19 сәуір 2023 ж. 224 0