№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жайылымдық жер қашан, қалай реттеледі?

Жайылымдық жер қашан, қалай реттеледі?


Қаратау тауы мен Сырдария өзенінің бойында орналасқан Жаңақорғанның жазиралы жері мал шаруашылығына қолайлы. Жазда – жайлауы, қыста қыстауы бар. Қажет болса көктеу мен күзеуіне «орын табылады». Тырнақшаның ішіндегі сөздің мәні терең. Өйткені ауылдағы ағайынның қолындағы малын жаятын жер тапшы. Яғни жайылымдық жер мәселесі ушығып келеді.


Кент түсінікті, Сыр мен қырдың жағасындағы жұрт та жайылым таппай әбігерге түскенін талай көз көрді. Әсіресе, қыстауға қайтқан малдың дені өзгенің егісін елемей, соңы айқай-шуға айналғаны да естен кете қойған жоқ. Бұл біздің аудан үшін үлкен мәселе.
Ара-тұра ауданнан Түркістан немесе Қы­зылорда қаласына жолға шыққанда, жүргізуші­лер мен қарапайым халық жол бойындағы жерлер­дің иесін атап, түсін түстеп береді. Мұнда қарапай­ым халық қорадағы 2-3 сиырын жаятын жер тап­пай, аядай ғана ауласының бір бұрышын панала­тады. Сондағысы өлместің күйі ғана. Гектар-гектар жерді бауырына басып, үйір-үйір малына адам жалдап отырған көп қожайын заңды жақсы біледі. Табиғаттың тегін тартуын ауыл тұрғындары емес, сол қалталылар жекеге алып, өзгеге өгейсіте беретін болса, онда мал асыраудың болашағын болжау қиын.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ?

2023 жылы мемлекет 5 миллион гектар пай­даланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығы­мен өткен Үкімет отырысында Ауылшаруашы­лығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.
– Былтыр 5,2 млн жерді қайтардық. Биыл да тағы 5 млн гектар жер қайтарамыз. Ол жұмысты жандандырып жатырмыз. Кез келген бөлімшені басатын болсаңыздар, мемлекеттің резервінде болмаса кімнің жері, қай қожалықтың жері екені анық жазылады. Бұл бұрын болмаған жұмыс. Біз заңға сәйкес жұмыс істейміз. Сот арқылы қайтарып жатырмыз, өз еркімен қайтарып жат­қандар да бар.
Жалпы жергілікті халықты жай­ылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында кешен­ді шаралар қабылдау қажет. Бүгінгі таңда жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге деген немқұрайлықтарынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 млн гектардан асады, оның 29,3 млн гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жем шөп алқаптарын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізілуде, – деді министр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 млн гектар алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жүргізілді, бұл республиканың 272,5 млн га аумағының 75 пайызын құрады. Қалай десек те министрлік бұл істі мықтап қолға алды. Уақыт өте өзгерістер толық орын алып, мәселелер шешіледі деген үміт бар.

МАЛ БАР, ЖАЙЫЛЫМ ЖОҚ!

Жаңақорған ауданының жер қоры – 1543,3 мың гектар, оның 130 мың гектар аумағы мал жайылымдыққа бағытталған. Жарамсыздау жер де аз емес. Жылдар бойы мал тұяғының астында қалып, күтім көрмеген жайылымның күйі де кете бастаған. Елдің қай қиырында топырақ қыртысының құнары азайғанын ғалымдар растап отыр.
Қазіргі уақытта, малдың дені ауыл маңында жайылады. Бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі өңірде 827 шаруа қожалық мал бағып, күнін көріп келеді. Сондықтан жекеге өткен жайылымдық жерлерді еңбеккердің еншісіне беру мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс. Әуелі жауапты мамандардан қажетті ақпаратты алмастан бұрын, қожалық иелерімен сөйлесіп, жағдайларын білгенді жөн көрдік. Алдымен Сыр беткейге жол жүрдік. Келінтөбе ауылына келгенде айналаға зер салып, мал жайылып жүрген атырапқа қарай бардық. Бір отар қойды ерттеп жүрген қожалық иесінің есімі Алтай Ағаділов екен. Өзі Қосүйеңкі ауылының тұрғыны, Келінтөбеге малдың жайымен қысты өткеруге келіпті.
– Менің де ащатұяғым аз емес, тауда 1780 гектар жерім бар. Алайда, қыс уақытында Сырдың бойын жағалаймыз. Қыстауда өзгенің жерін 4 айға жалға алып, есесіне 5 бас мал беремін. Екінші отарым біреудің 180 гектар жерінде жүр. Оған да берешегім бар. Иелерінде жер болғанымен жаятын малы жоқ. Сол себепті, біз олардан жерлерін уақытша ақыға алып, қыстап шығамыз. Бірақ жазда Сырдағы ағайынның малы тауға барып жайыла алмайды. Біріншіден, тау баурайында мал өте көп болады. Екіншіден, шаруақожалықтарға ауыл мен жайылымдық жердің арасы 7 шақырым болу керек деп шектеп қойды. Ауылдан ұзаққа кете алмаймыз, себебі судың бәрі ауылдың маңайында. Ал, құдық қаздырайын десек тағы болмай тұр. Кемі 100 метрден су шығуы мүмкін. Үсті тас, асты керіш. Оған кемінде 4-5 миллион қаржы кетеді. Ол ақшаны салып, құдық қаздырғанның өзінде су шықпаса жұмсаған ақшаң далаға кетеді, – деп көңіліндегіні жайып салды.
Бағамдап қарасақ, біздің кентте де, ауылдық округтер де жайылымдық жердің жетпейтіні айтылып та, жазылып та жүр. Түгіскен ауылының әкімі Серік Туғанбаевқа хабарласып, жайылымдық жердің жайын білдік.
– Шын мәнісінде бізде жайылымдық жер жоқ. Ауылда 17 мыңның үстінде мал бар, бірақ жер жоқ. Осы жағы үлкен мәселе болып тұр. Тұрғындар төрт түлігін үйлерінде ұстап, жан бағуда. Қазір малдың шығыны аз емес, жем-шөбі қымбат. Осы мәселелердің оң шешімі табылса жөн болар еді, – деді ауыл әкімі.
Иә, көпшілік ата кәсіпті дөңгелетуге ден қойған. Жыл өткен сайын төрт түліктің саны артып келеді. Үйір-үйір жылқы мен отар-отар қойдың жайылып, маңғаздана жерден шөп жеп жатқанын көргенде көзің қуанады. Мәселе мұнда емес, мәселе – мал өсіріп, күнделікті нәпақасын тауып отырған қарапайым еңбеккерлердің төрт түлігін қайда апарарын білмей жүргендігінде. Оның үстіне ауылдағы егін шаруашылығымен айналысатын қожалықтар да жайылымның тапшылығын тудыруда. Ауыл маңындағы азын-аулақ көкті талғажау еткен малдың бүйірі шыға қоймасы анық. Шынында да, шағын ауылда малдан басқа күнкөріс көзі жоқ.

МАМАНДАР ПІКІРІ

Бұл тақырып төңігерінде сала мамандарын сөзге тарттық. Аудандық жер қатынастары бөлімінің маманы Серік Төлендиев бірінші жауап қатты.
– Мемлекет басшысының елді мекен­дерге жақын орналасқан шаруа­шылық жерлерін ауыл халқының жайылымдық мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жер учаскелерін алу керектігі жөнінде Үкімет пен Бас прокуратураға нақты міндет қойды. Сол бойынша тапсырмаға сәйкес жұмыстар жасалуда. Бүгінде ауданға қарасты 34 елді мекен­нің айналасынан мал жайылымдығы үшін қажетті жерлердің аумағы белгіленген сызбалары мен сол аумақта орналасқан шаруашылық субъектілерінің тізбелері әзірленді. Сызба бойынша белгіленген мал жайылымдығы үшін қажетті аумақ, жергілікті қауымдастық мүшелері, ауыл әкімдері және ауыл шаруашылығы саласы бойынша хабары бар ауыл тұрғындарымен келісіп іске асыруда. Облыстық жер қатынастары басқар­масымен бірлесе жоғарыда аталған жұмыстар жүргізілуде. Аудан көлемінде орман қоры жерлерінің сызбалары әзірленіп, елді мекенге 5 шақырым ішінде орналасқан шаруа қожалықтармен ауыл әкімдері арасында екі жақты меморандум жасақталды.
– 5 шақырым радиус бойынша жайылымдар елді мекен теңгеріміне қайтарылды ма?
– Бізде тек мерзімі біткен жерлер ғана мемлекет теңгеріміне қайтарылып, қайта айналымға енгізілуде. Жалпы қай­тарып алу дерегі тіркелген емес, өйт­кені, олардың барлығын артында малы бар. Игеріп отыр деген сөз. Жоғарыда айтқандай 5 шақырым радиус ішінде мал жайылым шекаралары белгіленді, – деді бас маман.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегеновтің де ойы орынды, көңілге қонымды.
– Сыр өңіріндегі төрт түліктің негізгі бөлігі біздің ауданда. Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын мал басы артып, жайылымдық жер мәселесі өзектене бастады. Бізде тауда мал қыстай алмайды. Сол себепті Сыр беткейге қыстап шығады. Біздің ауданның ерекшелігі осында. Сыр беткейдегі ауылдарға да мал жайылымдық аз. Қыркеңсе, М.Нәлібаев, Жаңарық, Өзгент, Қожакент, Аққорған ауылдарына жер жетіспейді. Оларда дарияның жағасында 5000-6000 гектар егістік жерлері бар. Ол егістік жерлер жылдың наурыз, сәуір айынан бастап қара күзге дейін жабық болады. Өйткені, егін жұмыстары басталады. Осы 6-7 ай аралығында төрт түліктің жайылымы тарылып, біраз қысылады. Одан бөлек бізде мемлекеттің орман қорының жері бар. Сол орман шаруашылығындағы жерлерді ауданның жеріне енгізіп, шалғайдағы мал жайылымдықты сол құмға ұштастыруымыз керек. Сонда елді-мекеннің ішіндегі жерлер ауылдағы ағайынға жеткілікті болады, – дейді бөлім басшысы.
Мемлекет басшысы осы мәселені ескеріп, «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр» деп ашық айтты. Аталған мәселеге қатысты Талап ауылының тұрғыны Ермек Сәкенұлы былай дейді:
– Төрт түлікті ертеден таудың етегіне жаятынбыз. Ол жердің шөбі шүйгін, суы сарқырап ағып жатады. Малымыз салмақ қосып, семіріп шығатын. Кейін ол жердің барлығы жеке адамның қолына өтті. Бізге жайылымдық жер жолдың бойынан бұйырды. Су жоқ, шөп жоқ, жерде малдың бәрі азып бітті. Енді тиісті мамандар нақты жұмыстар жасап, жекеге өткен жерлерді қайтарып берсе деген ниеттеміз, – дейді.
Кент тұрғыны Айдар Есіркепұлының сөзі де осы мәндес.
– Мал біткенді қораға қамап, алаңсыз шығынға батып отырмыз. Оның шөбі бар, жемі бар, қыруар қаржы кетеді. Алдымыздағы 4-5 сиырды бағу кәдімгідей салмақ салып отыр, – дейді ол.
Бір айта кетерлігі, малды да шама-шарқымызға қарай баққанымыз абзал. Өйткені, кенттегі көше кезіп жүрген ірі қаралар елдің қазынасын құртып, жасыл желектерді жымқырып барады. Одан да мал басын азайтып, орнына белгілі кәсіп ашса дегеніміз ғой. Бұл бөлек тақырып...
Міне, барлық өңірлер үшін жайылымдық жерлер тапшылығы үлкен мәселеге айналды. Ауыл-аймақ маңайындағы жерлердің жекеге сатылып кетуі мен пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару процесінің сағызша созылуы бәрінен бұрын шаруаға батады. Сондықтан тиісті органдар заңда бекітілген міндеттерін лайықты орындап, өз жауапкершіліктерін арттырса нұр үстіне нұр. Жайылымдық жерлерді шешу – уақыт күттірмейтін мәселе.

Әсел РЗАЕВА
04 ақпан 2023 ж. 199 0