№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жердің жайы қалай?

Жердің жайы қалай?

Аудан тұрғындарына тұрғын үй салу үшін берілетін 10 соттық жердің жайы өзекті мәселеге айналды. Ал жайылымдық жердің жайы тіпті күрделі. Шыны керек, үмітін үзген жаңақорғандықтар өз қаражаттарымен жер сатып алып, басым бөлігі үй тұрғызып үлгерді. 5-6 жылдан бері берілуі тиіс жерді күтіп отырғаны қаншама. Яғни 2014 жылы тіркелгендер тұрғын үй салуға қажетті жердің кезегін күтіп отыр. Осыны ескерген аудан әкімі Руслан Рүстемов жер мәселесіне басымдық беріп, тезірек шешуді тапсырды. Жауапты сала мамандары не дейді, біз соны зерделеп көрген едік.
Статистикаға сүйенсек, Жаңақорған ауданы бойынша жыл сайын бала туу көрсеткіші аймақта алдыңғы қатарға шықты. Шаңырақ көтерген жастармен қатар, туған жерді түлетуге келген отбасылардың да саны артып келеді. Нәтижесінде халық саны 85 мыңға жуықтады. Бірақ пәтер жалдап тұрушылар саны артып келеді. Әсіресе еншісін алған жас отбасылар пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Өйткені үй салуға жер кезегі келмей жатыр, нақты ақшаға үй сатып ала алмайды. Сосын амал жоқ пәтір жалдайды. Оның үстіне, туысының атынан жерді рәсімдеп алғандар сатып жатады. Мәселен, МАИ бекетіне аумағындағы 10 соттық жерлер 1 миллион теңгеге бағаланса, орталықта 2-3 миллион теңгені құрайды.
Алдымен жер кезегінде тұрған тұрғындардан бастайық. Ол үшін кент әкімдігінің есігін қақтық. Нақты мәліметке сүйенсек, жер кезегі 2014 жылдың қыркүйек айына келіп тұралапты. Содан бері тіркелген тұрғындар саны 5 мыңнан асып жығылса, жалпы жер кезекте тұрғандар 7 200-ге жуықтады. Әкім орынбасары Серік Сейдуалиевтен мән-жайды сұрағанда:
– Бұл мәселе шынында өзекті, өйткені кезегін күткен аудан халқы сауал жолдап шаршады. Кез келген мәселе қаржыға келіп тіреледі. Өйткені бос жатқан жерді беру үшін инфрақұрылымын шешу керек, яғни жол салу, электр жарығын, ауыз су, газды жүргізуі тиіс. Кенттің бас жоспарына сәйкес «Саяжай-1», «Қаратау-1», «Қаратау2» атауымен аталатын аумақта тұрғын үй салуға жер беру белгіленген. Алайда инфрақұрылымның жүргізілмеуі себепті тоқтап тұр. Қазір Саяжай, Ипподром, МАИ бекеті аумағында жерді пайдаланған адамдардың жерін қайтарып, кезекте тұрғандарға берудеміз, – деді жауапты маман.
Қарап тұрсаңыз, бір жылда кем дегенде мыңнан аса тұрғын жер кезегіне тіркелу үшін өтініш береді екен. Демек кент әкімдігі бұл мәселені тікелей шешу құзырында емес. Келесі кезекте аудандық жер қатынастары бөліміне аяңдадық. Бізге бөлім қызметкерлері алдымен кәсіпкерлік мақсатта аукцион арқылы табысталған жер учаскелері туралы мәлімет берді. Бұл аса маңызды емес, өйткені бізге керегі мемлекеттен тегін берілетін жердің жайы еді. 19,2 гектар болатын 16 жер учаске 31 млн-нан аса қаржыға сатылған. Қаражат аудан бюджетінің қазанына құйылды. Сол секілді ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер де конкурс арқылы беріліпті.
– Жыл басынан бері тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден барлығы 15 жер учаскесі табысталды. Ал конкурс өткізу арқылы ҚР Жер Кодексінің талаптарына сәйкес 17,3 мың гектар болатын 53 жер учаскесі ағымдыағы жылдың басында табысталды. Әлі тұлғалардан келіп түскен өтініштер бойынша жерлерді конкурсқа шығару жұмыстары атқарылуда. Алдын ала газетке әдеттегідей хабарландыру береміз, – деді бөлім басшысы Нұржан Қарақожаев.
Бұл бөлімінің де жауабын түсіндік, осы ретте бір құнды мәліметті келтіре кетейік. Тақырыптың бір ұшы жайылымдық жер болған соң, қазір қойшылар таудағы жайлаудан Сырдағы қыстауға қоныстанды. Сондағы олардың айтпағы ауыл маңындағы жайылымдық жерлердің басым көбі жекенің құзырында. Ол түсінікті, бірақ малшылар қауымы аталар дәстүрін жалғап, аша тұяқтыларды құмға жаюын көздейді үкімет. Оның себебін әкім орынбасары былай түсіндірді:
«Құмды жерге қой бағудың сыры тек азықтандыру емес, олардың екінші қызметі бар. Яғни төрт түлік тұяқтары дән себудің қызметін атқарады. Шөптің пісіп тұрған ұрықтары құмсауыт жерлерге тұяқтары арқылы дәні әр жерге төгіліп, келер жылы сол жерлерге шөп шыға бастайды. Бұл ғылыми дәлелденген құбылыс» – деді.
Расында солай болса, онда тәжірибені қайта енгізу керек секілді. Статистикалық деректерге сәйкес, ел тұрғындарының 41,5 проценті ауылдық жерлерде тұрады. Бұл ретте ұжымдасқан шаруашылықтарда шамамен 3,2 миллион бас мал болса, ал қосалқы шаруашылықтарда бұл көрсеткіш екі есе көп, яғни 6,7 миллион шамасында. Ал ауданда төрт түліктің саны да жыл сайын еселеп өсуде. Бәрінен бұрын мал санының көбеюі ауылдық жерлерге қиындық туғызып жатқанын сала мамандары нақтылап берген еді. Бұл мәселені аудан әкімі Руслан Рүстемұлы Талап ауылдық округіне барып, халықпен кездескен кезде көтерілді. Елді мекен тұрғындары ауыл маңындағы жерлер жекенің қолына өтіп кеткеніне шағымданған еді.
Осыған байланысты ауыл әкімдерімен байланыстық. Барлығының айтар уәжі бір, ол – ауыл жұртының мал жаятын жері жоқ.
– Жекешелендіру кезінде, одан бертін келе ауыл маңындағы қаншама жер жекеге өтті. Ал мал басы болса жыл сайын артып, тұрғындар малын қайда жаятынын білмей, әбігерге түсті. Сондықтан бұл өте күрделі мәселе, – деді Аққорған ауылдық округінің әкімі Садықов Сарадармұхамедәлі.
Иә, мал басының шамамен 80 проценті ауылдың айналасында жайылады. Тіпті қазір ауыл былай тұрсын, аудан орталығында да ірі қараның өріп жүргенін көресің. Ал оны пойыз немесе көлік қағатын болса, онда иесі үн қатпайды. Өйткені зардап шеккен адамның ем-домын мал иесі өтейді. Ал ұрланса, бірден полицияға хабардар етеді. Бірақ біз халықты кінәлі санап тұрғанымыз жоқ, тек қорадағы малына ие болса дейміз. Қалғанын әкімдік шешуі тиіс.
Ал тұрғын үй салу бойынша берілетін жердің жайы инфрақұрылымы жасалынбай шешілмейді екен. Мәселенің барлығы құрылыс бөліміне келіп тірелді. Бөлім басшысы Орман Ахметовке жолығып, мән-жайды толық түсініп алдық.
– Жаңақорған кентінің бас жоспарын Алматы қаласындағы «Қазгинроград 1» ЖШС әзірлеген. Оны аудандық маслихат пен аудан әкімдігі 2008 жылы бекіткен. 2014 жылы аудан әкімдігі мен маслихат бірлескен шешімімен кент шекарасы бекітілді. Кенттің аумағы 2829 гектар болса, осы шешіммен 1587 гектар тағы қосылды, – деді бөлім басшысы.
Біз көтерген жер кезегінде тұрған тұрғындарға қашан жер беріледі. Оған бөлім басшысы былай жауап берді.
– 2021 жылғы аудандық бюджеттен 45 381 560 теңге қаралса, онда кенттің батыс жағынан 213 гектар «Саяжай-1» мөлтек ауданына егжей-тегжей жоспарлау жобасы әзірленеді. Жаңадан берілетін жер учаскесіне тек тұрғын үйлер ғана салынбайды, әлеуметтік нысандардың да құрылысы жүргізілетін болады. Бірақ жоспарлау жобасы дайын болғаннан кейін жоба сметалық құжаты дайындалады. Ол сараптамадан өткеннен кейін инженерлік жүйелер, яғни су, жарық, жол, газ жүргізіледі. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін жер беріле бастайды, – деді О.Ахметов.
Көптің тілеуі болған «Қаратау-1» «Қарату-2» аумағында жақын жылдары жер берілмейтінін түсіндік, басшылар мүмкіндік болса келер жылы «Саяжай-1» аумағынан жер беру жайын шешуді көздеп отыр. Сондықтан жердің кезегін күткен ағайын сабыр танытудан басқа амалы жоқ...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
18 қазан 2020 ж. 1 053 0