№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Баға бұғаусыз кете бере ме?

Баға бұғаусыз кете бере ме?


Жыл өткен сайын “арзандапты” деген сөзді есту арманға айналып барады. Міне, 2023 жылдың алғашқы айы да аяқталуға жақын. Мемлекет тарапынан жәрдемақы, зейнетақы мен айлыққа қосымша қаражат қосылғанымен, нарық бағасы аспандап барады. Баға бағамын нарықтың өзі реттейді десек те, баға бас бермес асаудың күйін кешуде. Ай емес, апта бұрынғы бағаның өзі құбылып тұр. Базар жағалаған жұртшылық осылай деп алаңдап отырғанын тілге тиек етіп те, әлеуметтік желіге жазып та жүр. Тіпті, тұрғындар күнделікті тұтынатын тауардың өзін несиеге ала бастаған. Бұл қарапайым халық ахуалының сын көтермей тұрғанын көрсетеді емес пе? Олай болса, бізде өз тарапымыздан базардағы бағаны зерделеп көруге тырыстық.


Айта кетейік, жақында ғана Түркістан облысындағы шаруалардың жайы әлеужеліде тарап, қыр астындағы еңбектің еш кеткенін көзіміз шалды. Бұл да нарыққа үлкен әсер етеді. Статистика бюросының 2022 жылғы 29 қарашадағы көрсеткіші бойынша, 2021 жылмен салыстырғандағы баға 9,3 пайызға жоғары екені анықталды.Ал өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына баға 0,3 пайызға, ай басынан бері 0,9%, жыл басынан бері – 21,6 пайызға өсіпті.
Қымбатшылық негізінен халықтың күнделікті тұтынатын тауарларынан-ақ байқалып тұр. Жай ғана базардағы сауда жағаңды ұстатардай ұшып тұр. Қазақтың әрбір шаңырағы етсіз отырмайтыны белгілі. Бүгінде ет бағасын кез келгеннің қалтасы көтере бермейтінін көрсетті. Мәселен, жылқы етінің келісі 2400 теңгеге жетсе, сиыр еті 2200-2250 теңге, қой етін 2200 теңгеден табасыз. Күнделікті тұтынатын нан –110 мен 180 теңгенің арасында, картоп – 200 теңге, сәбіз – 180 теңге, жұмыртқа 1 данасы 70 теңге, сұйық май 5 литрі – 4100 теңге, бірінші сұрыпты ұнның бір қабы (50 келілік) 14000 теңгені құрайды. Енді есептеп көрейік. Қоғамдық жұмыста істейтін азаматтың табысы 70 000 теңге. Оған нарықта не келеді? Бір айға қажетті азық-түлікке не кіреді? Алдымен соны анықтап алайық. Ұн (14000 теңге), сұйық май (4100 теңге), 10 келі еті 1 айға ( 30 000 теңге), 10 келі картоп (2000 теңге), 10 келі сәбіз (2000 теңге), жұмыртқа 30 дана (2100 теңге), шай 1 дана (1600 теңге). Міне, осы санаулы ғана затты алуға мүмкіндігі бар. Одан бөлек, қаншама керегі бар десеңізші!
Бұл тақырып төңірегінде түрлі тұжырымдар жасалып, сарапшылар сан алуан ойды ортаға салуда. Мәселен, елдегі азық-түлік бағасының қымбаттап кетуіне Ресей нарығындағы тапшылықтың әсері бар дейді зерттеушілер. Біздегі ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, ресейлік сатып алушылардың сұранысы арта бастағаннан-ақ, ішкі нарықта картоп жеткізу көлемі тым төмендеген. Павлодардан келетін картоптың азаюынан бұл өнімге тапшылық орын ала бастағаны байқалуда. Өйткені, Ресейге экспортталатын көкөністің мөлшері бірнеше есеге артқан. Осы науқанды пайдаланып, байып қалайық дегеннің кебін кигендердің өз еліне бүйрегі бұрмай отырғаны өкінішті. Ауданға тауардың көбі көрші аймақтардан келеді. Жолақының қымбаттығы, жанар-жағармайдың тұрақсыздығы базардағы тауар құнының өсуіне әкелуде. Қымбатшылық тынысты тарылта берсе, базардың маңы әлеуметтік шиеленіс ошағына айналуы әбден мүмкін. Кент орталығында азық-түлік сататын ірі-ірі сауда орындары аз емес. Оның әрбіріне арнайы бас сұғып, азық-түлік бағасын саралап көрдік.
Азық-түлік жыл басынан бері тағы да өскен. Азық-түлік тауарларының 13 түрі бойынша бағаның 40 пайыздан астамында өсім байқалады. Оның 4-еуі әлеуметтік маңызы бар тауар, олар – ұн, пияз, мейіз және қант.Азық-түлік емес тауарлар бір жылда 19,4 пайызға қымбаттаған. Мұнда жуғыш және тазалағыш заттар 47,8 пайызға, жеке күтім құралдары 38,5 пайызға өсіпті. Айталық, кір сабын бағасы –87,6, кір жуғыш ұнтақ – 41,3, ыдыс жууға арналған жуғыш заттар –50,3, балалар сабыны – 53,1, сусабын – 41,2,дәретхана сабыны – 51,3 пайызға жоғарылаған. Кеңсе тауарларының бағасы да қымбат, олар бір жыл бұрынғыдан 70,3 пайызға көтеріліпті.
Жемістер мен көкөністер бір жыл­да – 17,4 пайызға қымбаттапты. Оның ішінде, банан, апельсин, алма, лимон, кептірілген өрік те бар. Сол секілді сүт өнімдерінің бағасы бір жыл ішінде 30 пайызға көтерілген. Нан, жарма, макарон өнімдері мен мал азықтары да мазаны алып барады.
Сарапшылар 2022 жылы ұн 41,3 пайызға қымбаттап, антирекорд жаса­ғанын айтуда. Бұған дейін дәл мұн­дай антирекорд 2012 жылы тіркелген екен. «Зейнетақымыз көбейді, айлығымыз өсті» деп қуанып жүрген қарапайым тұрғындарға бұл баға ауыр тиюде. Енді аудандағы бағаны бағамдап көрейік. Алдымен тұрғындармен тілдесіп көрдік. Сауда орнында азық-түлік алып жүрген кент тұрғыны Бақытгүл Шәдіманованы сөзге тарттық.
– 5 литр сұйық майды 4200 теңгеге алып тұрмын. Шыны керек, баға тұ­рақсыз. Жұмыртқаның бағасы ерекше өсіпті. Мына бір жапырақ нанның бағасы 120 теңге. Осыдан-ақ, бағаның өскенін анық байқауға болады. Рас, мұғалімдердің айлығы өскенімен, көп салада айтарлықтай жалақыда өсім байқалмайды ғой. Зейнетақымызға 4000 мың теңге қосыпты. Алайда, мына тұр­ған әр тауарға кемінде 50-60 теңгеден қосыл­ған. Сондықтан жеке кәсіп иелері халықтың да жағдайын ойлағаны дұрыс, – деп ойын ашық айтты.
Қарапайым халық бағаның өсуін жеке кәсіпкерлерден, дүкен иелерінен көретіні заңды құбылыс. Алайда, дүкен иесінің де өз уәжі бар.
– Көп тауарлар бұрынғыдай ағыл-те­гіл келмейді. Бұрын өндіруші компания­лар бізге келіп, тауарларын өткізетін. Ал, қазір біз өзіміз ол компанияларға хабарласамыз. Өйткені, Ресейден келе­тін тауарлардың бағасы аспандап кетті. 2022 жылдың көктем-жаз айларында көп брендтер жоғала бастады. Олардың орнын өзге тауарлармен толтыруға тырыстық. Алайда сапасыз дүниелерге тап болып, тұрғындар көп шағым айта бастады. Мәселен, «Persil» деп аталатын осындай гель былтыр жыл басында 2 мың теңге тұрса, қазіргі күні 4,5 мың теңгеге өсті. Сосын ресейлік дәретхана қағаздары мен майлықтар да біздің отандық өнімдерді тықсырып бара жат­қанын байқаймыз. Жыл басында баға бойынша өзгеріс айтарлықтай бола қойған жоқ. Дей тұрғанмен, алдағы уақытта түсетін тауарлардың партиясы мүлде басқа бағамен келе ме деген күдік бар, – дейді дүкен иесі.
Шын мәнісінде, сауда сөрелерінде бүгінде тіс пасталары, гельдер мен көбіктер, парфюмерия, хош иістен­дір­гіштер, жуғыш және тазалауға ар­налған заттардың бағасы тағы қымбат­­тай бастағаны байқалады. Бұл тауарлардың барлығы дерлік Ресей арқылы келетінін ескерсек, алдағы уақытта олардың құны арта түспесе кемімейтіні айдан анық.
Қымбатшылық етек жайған бүгінгі қоғамда бұл халқымыздың әлеумет­тік жағдайын жақсартуға қаншалықты септігін тигізеді? Сәбилі болған жас отбасылардың жағдайы қандай бол­мақ? Жаңа туған сәбидің керек-жарағы үшін Үкімет бала басына 120 000 теңге қаржылай көмек береді. Алайда, қал­тасының қалыңдығын көздеген өнім өндірушінің де, базардағы саудагердің да қанағат деген сөзді ұмытқаны көрі­ніп-ақ тұрады. Өйткені арзан бағада­ғы қытайдың тауарларын түрік пен ресейдікі деп беті бүлк етпей қымбатқа сатып, мол пайдаға кенеліп отырғандар аз емес.
Енді жаңа туған нәрестеге қажетті заттар мен киімдердің базардағы құны мен дүкендегі бағасын сараптап кө­рей­ік. Нәрестенің иткөйлегі – 800-1500 теңгенің аралығында болса, жейдесі мен шалбары қосылып – 3000-ден басталып, 5000-ден асып түседі. Ал, нәресте жөр­гегінің өзі ұзын саны 5000-12000 теңгеге дейін жетіп артылады. Жас баланың сыртқы киімдері 16000-нан басталып, 23000-ді жер қаптырады. Аяқ киімі 4000-8000 теңгені, жемпір – 6800 теңге, жейдесі мен шалбары – 6500-ден 9000 мың теңгені құрайды. Құндақтағы сәбилеріміздің өзіне осыншама қаржы жұмсалатынын ескерсек, ересектер­ге мұнан екі есе келмесе, одан аз келмейді. Яғни бір отбасында орташа есеппен төрт-бес жан деп есептегеннің өзінде, біздегі жалақы мөлшері мұндай бағадағы заттарды көтермесі анық. Қара халықтың сапалы дүкендерді ара­лау­ға қалтасы көтермегендіктен, қара базардағы арзанқол дүниелерді алуға мәжбүр. Бір өкініштісі, елімізде ересек­тер түгілі балалардың киімін өндіретін кәсіпорындар саусақпен санарлық ғана.
Қазір қыстың қытымыр уақыты. Басым көпшілігі жөтеліп, тұмаумен күресіп жатыр. Әсіресе, жас нәрестелер арасында өте көп. Осындай уақытта, дәрінің құны дес берер емес. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын аспиринді 120-140 теңгеге алсақ, қазіргі бағасы 240- 260 теңге аралығында. Парацетамол да осы жобалас. «Терафлю» мен «тайлол» 350-400 теңгеден сатылса, қазіргі бағасы 300-350 теңгенің үстінде. Біз білетін ыстықты түсіретін санаулы дәрілердің бағасының құны осындай. Республика бойынша 3000-нан аса емдік дәрілердің бағасына мониторинг жүргізген мамандар 2842 дәрінің бағасы қымбаттағанын анықтады. Мамандар мұның қолдан жасалып отырғанын ашық айтты. Әсіресе, балалы үйдің дәрісіз отырмайтынын ескерсек, нан алмасақ та дәрі алуға қаражат жұмсаймыз. Менің түсінгенім, егер тұмауратып ауыра қалсаңыз, кемінде қалтаңызда 12-15 мың теңге болуы тиіс.
Сайып келгенде, нарықтың талабы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелердің ту­ындауына әкеліп соқтыруда. Өзі қинал­мауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса, хал-күйіміз де кері кетпесі анық. Базардың баға­мын бағамдап осындай ой түйдім. Ал, құрылыс заттары, техникалар мен электроникаларды сараптаудың өзі қор­қынышты. Айта берсек, сауал көп, жауап жоқ…

Әсел РЗАЕВА
06 маусым 2023 ж. 358 0