Маңызды мамандық – мобилография
Мобилограф. Бұл терминді жиі естіп жүрсіз бе? Трендтке айналған мамандық қазір жастар арасында кең танымалдылыққа ие. Тіпті бұл өнерді игергендерге сұраныс та артып келеді. Бұл – болашақтың тағы бір мамандығы деуге болады. Оны оқу үшін 500 мыңдап қаржы жұмсап, курс оқудың қажеті жоқ. Оқушылар үйінде жұмысын бастаған «мобилография» үйірмесі әрбір мектеп оқушысын қабылдап, шығармашылығын шыңдауға дайын...
Бұл саланы жастар жағы жақсы білгенімен, үлкен буын түсінбей жататыны айқын. Бұл – телефонның көмегімен әртүрлі бейнероликтер түсіріп, монтаждайтын арнайы серификатталған маман. Трендтке айналған мамандыққа деген сұраныстың көптігі сонша, бүгінде әлеуметтік желі арқылы арғысы Алматыдан 500 мыңға дейін курстар алып, оқып жатқандардың қарасы көп. Себебі сол, бұл мамандық – жүздеген есе қаражат алып келеді.
Оқушылар үйінде жұмысын бастаған бұл үйірменің басты мақсаты – қызығушылығын өз мамандығына айналдырған оқушы қалыптастыру. Бүгінде жан-жақты бағытта жұмыс жасайтын үйірме арнайы студиомен, штатив, жарық бергіш сәулелі аппараттар мен дыбыс жазу құрылғыларымен жабдықталған. Яғни, шығармашылық бағытта бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желінің жұлдызы атанамын дегендерге барлық мүмкіндік қарастырылған. Бүгінде бұл үйірмеге 36 оқушы қатысады. Күн өткен сайын аталмыш мамандыққа деген сұраныс жоғарылап, оқушылар саны артты. Мобилография саласын жетік меңгеріп шыққан шәкірттер әрі қарай жұмыс жасап, кәсібін де айналдыра алады.
Енді тақырып ауанын тереңнен тарқатсақ. Қыран Талапбек есімді танымал жас Америкада оқып жүріп, аталмыш саланы Қазақстанға алып келді. Негізін салды деуге де болады. Бүгінге дейін мыңдаған шәкіртті онлайн және офлайн форматта оқытып, ресми «мобилограф» атандырды. Үздік шәкірттердің құрамында бұл саланы өмірлік бизнесіне айналдырып жүрген жаңақорғандық жастар да бар. Мәселен, инстаграм желісінде @ alimusа.03 парақшасымен танылған жас мобилограф шеберлік шыңының арқасында әлемге әйгілі «Toyota» компаниясымен келісім-шарт негізінде жұмыс жасауда. Алматының ашық аспанында жүріп, үлкен армандар мен мүмкіндіктерге жол бастауда.
Ал, ауданымызға оралатын болсақ, «Galiya event» студиосын білмейтін жан кемде-кем. Кәсібін ең алғаш мобилографиядан бастаған Мұхаммедәлі Шаханов бұл саланы жетік меңгерген. Фантазиясынан түрлі тренд видеолар, студиолық жобалар мен жаңа айдарлар туындаған. Ауданымыздың саяси-мәдени ақпараттық рубрикаларын тереңнен танытып, жұмыс жасап жүр.
Ерекше айта кететіні, күллі ауданның ақпаратын көзтартарлық бейнероликпен түсіріп, өңдеп, желіде таратып жүрген Берік Атахожаевты қазір танымайтындар кемде-кем. Кент әкімдігінің баспасөз маманы қызметіне осы мобилографиялық шеберлігінің арқасында келген. Алғашында туған жері Түгіскеннің тынысын түсіріп, экрандағы жұмысы арқылы танылған ол бүгінде аудан әкімдерінің тікелей жанында жүріп, Жаңақорған ауданының тіршілігін танытуда.
Осындай аға буынның ізін жалғап жүрген жастардың қатарына Ақмырза Мейрамбек есімді мобилографты қосуға да болады. Шеберлігінің арқасында «Ақжол» желілік сауда орнының жарнамасын жасап жүр. Өз нәпақасын осы саладан тапқан келесі жас – Рахымжан Нәжімов. Аудан, облыс, қалалар арасында тапсырыс алып, қоғамдық саласының көшбасынан көрінуде.
Кәсіп. Кәсіп түбі – нәсіп. Дана қазақтың айтып кеткен аталы сөзі заманына қарай өзгеруде. Қазіргі хитке айналған кәсіп – мобилография. Кіп-кішкентай смартфон арқылы айналаны аударып, төңкеріп, көз тартарлық видеолар түсіріп, көпті таңқалдыруға болады. Бұрынғыдай жер қазып, маңдай терді сарқа жұмсамай-ақ, ой ұшқырлығы мен логиканы байланыстырып, қыруар қаражатқа кенелуге де болады. Ол үшін әрине тақырыпқа арқау еткен аға буынды үлгі етіп, үйірменің мүмкіндігін пайдаланған абзалырақ Ең бастысы, болашағымыз саналатын балаларға арналған тегін үйірме, оқушыларға жасалған қолайлы жағдай. Өз мақсаты айқын кез-келген жастарға оқушылар үйінің есігі айқара ашық.
мобилография үйірмесінің жетекшісі.