Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңа кәсіпті меңгерген жігіт

Жаңа кәсіпті меңгерген жігіт


Технология дамыған сайын жаңа мамандық түрлері пайда болып жатыр. Мәселен, Instagram өмірімізге енгелі бері кәсіби фотоға түсіретін фотограф, жазба жазып беретін копирайтер, оны дұрыс жарнамалайтын таргетолог сынды мамандарға сұраныс артты. Ал Tik-Tok танымал бола бастағанда мобилографтардың жұлдызды шағы басталды. Ондай танымалдыққа ие жастар біздің ауданда да бар. Солардың бірі мобилографияны өзіне болашақ мамандығы ретінде серік еткен Рахымжан Нәжім.

  Көздің жауын алатындай кадрларды түсіріп үлгеру, оған ерекше өң беру кез келген адамның қолынан келмейді. Бүгінгі кейіпкеріміз осы салада арнайы курста оқып, оны ізденіспен шыңдап, заманауи кәсіп түрінің әккі маманы атанған. Арманы осы саланың шыңын бағындыру.

– Осыдан бір жыл бұрын жәй ғана қызығушылықпен түрлі видеоларды түсіріп, оны өңдеп әлеуметтік желіге жүктеп жүрдім. Дегенмен тәжірибемнің аздығын байқап, инстаграмм желісі арқылы мықты мобилограф мамандарды іздестіре бастадым. Соңында танымал блог жүргізуші, кейінгі жас буынды өзінің қызықты контенттерімен баурап, мықты идеяларымен бөлісіп жүрген талантты видеограф, фотограф Қыран Талапбектің арнайы курсынан өттім. Қабілетқарымымды байқаған тәлімгерімнің талабынан шығуға тырыстым. Алайда бұл мамандықты көбісі түсінбеуі мүмкін. Соған қарамастан жолын тауып, меңгерсеңіз нағыз табысқа жетелейтін сала, – дейді кейіпкеріміз.

Расында, осы күні танымал әншілер болсын, қоғам белсенділері болсын мобилографияны меңгерген маманды жанына ертіп жүреді. Мақсаты атқарған жұмысын әдемі видео арқылы елге көрсету. Түптеп келгенде бұл салаға сұраныс көбіне кәсіпкер, маркетолог және CММ мамандарынан түседі екен. Біріншіден сапалы фотоларды түсіру үшін арнайы маманды жалдап әуре болмайсың. Екіншіден адамға өз қиялындағы дүниені ойынан шығатындай етіп жасауына жол ашады. Бүгінгі таңда барлық бизнес, ұйымдар, орталықтар өз жұмысын түрлі әлеуметтік желілер арқылы жасауда. Демек сапалы фото контенттер жасап, барынша көп тұтынушы мен сатып алушы назарын аударып, қызықтыру үшін мобилография таптырмас дүние. Негізі сапалы фотосуреттерді арнайы аппараттың көмегінсіз, ұялы телефонға түсіру өнерін жақсы меңгерген Рахымжан бұл өнердің негізгі ерекшелігі суретті қандай құрылғымен түсіргенің емес, қалай және кім түсіргенінде деп түсіндіреді.

Осы тұрғыда той саласында да өзін танытып жүрген мобилограф жігіт жайында белгілі өнер өкілі, Рахымжанның өнердегі ағасы Тоқтар Әжімұратовтың пікірін білген едік. 
– Оның ерекшелігі қарапайымдылық пен шынайылықты сақтай отырып, сұлулықты көрсете білуінде. Мәселен, таудағы таңның атуын басқа адам шетелдік музыкамен сүйемелдеп қоюы мүмкін, ал Рахымжан інім ол кадрға жай ғана құстардың сайрағанын қосып, еш эффектсіз табиғат сұлулығын қарапайымдылықпен жеткізеді. Ерекшелігі осында. Оның сапалы дүниелеріне қызығушылар көп. Бауырыма тек сәттілік тілеймін, – дейді ол.
Қазақстанда да әлемдік ірі брендтермен жұмыс жасап жүрген немесе өз аудиториясына ерекше кадрлар жасаудың сырымен бөлісіп жүрген мобилографтар бар. Міне солардың қатарында болсам дейтін Рахымжанға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ұсыныстар түседі екен. Мәселен, жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Балалар қорының өкілдері кейіпкерімізге қызықты видеоконтент түсіріп берсең деп өтініш білдірген. Еңбегіне қомақты қаржы ұсынған ұйымның өтінішін екі етпепті. Одан бөлек Астана қаласынан жылжымайтын мүлікті сатумен айналысатын танымал компания да тұрақты жұмыс ұсынып, көлемді қаржы төлейтіндіктерін айтқан. Демек, бұл саламен үздіксіз айналысып, дамып отырса, биік шыңдарды бағындыруға болады деген сөз.

Мобилографияны кез келген адам меңгере алады. Тек көп тәжірибе мен шыдам қажет. Түсірген фото мен видеода мағына болуы, ұялшақтықты жеңу, идеяны дамыту, ерекше болуға тырысу өзін-өзі жеңіп, соңына дейін баратын адамдардың ғана қолынан келеді. Түсірген дүниеңді көркемдеп өңдеу үшін меңгеру қажет, бағдарламалар саны да өте көп. Саяхаттағанда да, маңызды іс-шараға қатысқанда да, күнделікті жұмыс күнінде де бұл саланы білу артық етпейді.

Лаура Бибасарова
24 маусым 2023 ж. 505 0