Коммуналдық төлемді қалтаңыз көтере ме?
Халықтың тұрмысына қажет азық-түліктен бөлек, коммуналдық төлемдердің де бағасы үнемі өсiп келедi. Сонда әр аймақта коммуналдық төлемдер құны неге әртүрлi? Биыл коммуналдық төлем бағалары қымбаттады ма, әлде арзандады ма? Оған қоса, ұялы байланыс тарифтерінің шарықтап бара жатуы да көңілді күпті етеді. Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Әр айдың соңында коммуналдық төлемақының түбіртегі келген сайын тұрғындардың мазасы қашып, қалтадағы қаржысын қайта-қайта есептеп әлекке түсетіні жасырын емес. Аудандағы электр бағасының жай-күйі жөнінде «Шиелі жарығы» ЖШС-нің Жаңақорған аудандық филиалының басшысы Жасұлан Амалбековтен білдік.
– Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 27.10.2022 жылғы №04 бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларының» 13 бабын басшылыққа ала отырып Шиелі жарығы» ЖШС тұтынушылары үшін 01.11.2022 жылдан бастап электр энергиясы тарифтерінің өзгергені белгілі.
– Орташа босату (базалық) тарифі 1 квт сағатына – қосымша құн салығымен – 21,4928 теңге. Электр энергиясының бағасы 3 бөліктен тұрады. Оның біріншісі – Энергетика министрлігі бекітетін өндіруші станциялардың бағасы, екіншісі – Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен оның жергілікті департаменті бекітетін электр энергиясын тасымалдау тарифі, сондай-ақ, департаментпен келісілетін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың үстемеақы шығындары.
1-деңгей 1 айға 1 адамға 70 кВт.сағатқа дейін – 18,86 теңге,
2-деңгей 1 айға 1 адамға 70 кВт. сағаттан 150 кВт.сағатқа дейін – 23,14 теңге,
3-деңгей 1 айға 1 адамға 150 кВт.сағаттан жоғары – 28,93 теңге;
– Жеке тұлғалар үшін орташа босату тарифі – 19,2864 теңге ҚКС-мен
– Заңды тұлғалар үшін орташа босату тарифі қосымша құн салығымен қоса есептегенде 23,9232 теңге болып отыр, – дейді ол. Бұл әлбетте, қараша айындағы өзгеріс. Ал, жыл басталғалы әлі өзгеріс жоқ.
Бір қуантарлығы, газ бағасы былтыр 18 теңге болса, биыл 14,6 теңге болып төмендеді.
Бүгінгідей қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған уақытта қарапайым халық сары уайымға салынғаны белгілі. Айналаға зер салсақ, баспана, тауар, азық-түлік, коммуналдық қызмет, ұялы байланыс тарифтері – бәрі-бәрінің бағасы күннен күнге қосылуда. Бұлай деуімізге редакцияға күнара келіп, іштегі уәжін айтып кетіп жатқан тұрғындардың сөзі дәлел десек болады. Кент тұрғыны көп балалы әке Оңдас Асановтың да өз айтары бар.
– Иа, айтуға оңай. Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр. Күнделікті азық-түліктен бөлек, мына коммуналдық ақылардың өзі жаға ұстатады. Менің төрт бөлмелі үйім бар, қатты үлкен болмаса да айына 3-4 мың теңге жарыққа, 12-13 мың теңге газға төлейміз. Кейде бұдан да жоғары болып кетеді. Биыл газдың қысымы төмендеп кетті дегенді ел аузынан естігенде ақысына жаның ауырады. Сонда айына 20 мың теңге тек коммуналдық төлемдерге жұмсап отырмыз ғой. Бұл нарық заманында бір отбасына үлкен шығын, ауыртпалық деп есептеймін. Жауапты сала мамандары халықтың үніне құлақ асса жақсы болар еді, – деп көңілінде қатталған мұң-мұқтажын жасырып қалмады. Әлбетте, ары тартса жетпейді, бері тартса тағы жетпейді, қайтпек керек. Ауданнан шалғай жатқан Көктөбе ауылының тұрғыны Ұлбазар Сағымбаева есімді зейнеткер «қымбатшылыққа қандай да бір тоқтам салуға бола ма» деп, сыр беткейдегі ағайынның өтінішін арқалай келіпті.
– Бұрын жарыққа болмашы тиын төлеп отырушы едік. Қазір бір қап ұнның ақысын төлейтін болдық қой. Төлеп жүрген ақымызға жарықтың сапасы сай келмейді. Ауылымызда шамалы жел тұрса, ауа райы құбылса сағаттап жарық сөніп қалады. Отырамыз тас түнекте, бала-шағаны ұстап. Қазір барлық үй бумен жылытылады, оны арнайы матормен қосып қойған. Жарық өшсе, от жаға алмаймыз. Өйткені, мотор істемегеннен кейін су тасып, бұрқылдап кетеді. Ал, жарықтың бағасы да, судың бағасы да аспандап тұр ғой, – деп мұңын шаққан-ды.
Расымен де, қымбатшылық қамытын кигелі біраз болды. Кедейшілік – ел экономикасын кері тартатын кесел. Еуропалық одақта мына әдістеме қолданылады. Егер отбасы табысының 50 проценті азық-түлік өнімдеріне жұмсалса, ол кедей болып есептеледі. Осындай отбасыларды кедейшілік құрсауынан алып шығуға нақты бағдарланған бағдарламалар мен көмек арқасында бүгінде Еуро одақтың 11 елінде кедейшілік жоқ. Басқа еуропалық елдерде кедейшілік көрсеткіші 1-3 процент қана. Бізге оларды өзімізбен салыстырудың қажеті жоқ. Өйткені, бізде алатын айлығы ішер асынан артылмайтын отбасылар көп.
Коммуналдық қызмет ақысынан бөлек, ұялы байланыс қызметтері үшін тарифтердің бағасы да жағаңды ұстатады. Өзге елдермен салыстырғанда ұялы байланыс қызметін тұтынудың бағасы бізде тым қымбаттап кеткені жасырын емес. Айталық, осыдан бір жыл бұрынғы 1290, 1990 теңгелік тарифтердің бірі де жоқ. Қазір кемінде бір айға 3990-6000 мың теңгелік болып өзгеріп кеткен. Тіпті, одан да жоғарылары бар, қалауыңызға қарай. Осындай бағаның өсуіне қарапайым халықтан бөлек, шенеуніктердің де өкпесі қара қазандай. Еліміздегі ұялы байланыс оперторларының ауыз толтырып айтатын интернет қызметі жылдамдығының тым әлсіздігі, ғаламторға емін еркін кіру мүмкіндігі жоқтығын да айта кеткен жөн. Халыққа адал, сапалы қызметтен бұрын тарифті қымбаттауға әуес ұялы байланыс операторларының қызметі жақсартуды жауапты мамандар қолға алуы керек-ақ. Бұған қатысты Мәжіліс депутаттарының біразы ұялы телефонның бағасына, желі ішіндегі сөйлесу сапасының әлсіздігіне сын айтып жүргелі біраз болды. Міне, осындай әрекеттері арқылы санаулы тұлғалар байлыққа кенеліп отырса, қарапайым халықтың қалтасы жұқарып барады.
Жалпы алғанда коммуналдық қызмет түрлерінің қымбаттауының бір көрінісі осы.
Әсел РЗАЕВА