Қызылорда облысы білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының ұйымдастыруымен өтетін үздік педагогтар арасындағы байқау бұл жылы Жаңақорған ауданында қорытыланды.
Жыл сайын игі дәстүрге айналған бұл шарада ұстаздар біліктіліктерін ортаға салып, ұстаз деген ұғымның жан-жақтылығын дәлелдеп, жыл бойы атқарған жұмысын сараптайды. Сондай-ақ бір-бірімен араласып, тәжірибе алмасып, жаңа идеяларды ортаға салады.
Осылайша «Тәжірибе алаңының» 20 жылдығы қарсаңында аймақтың аудандары мен қаланың мектептерінен жиналған ұстаздар қауымы білім орасында оқытудың қазіргі заманғы үрдістерін талқылап, зияткерлік дағдыларды дамыту және цифрлық мүмкіндіктерді танымал етуде қандай іс-шаралар жүргізілуі керек екенімен бөліседі. Өйткені мұғалімдердің кәсіби тұрғыда табысты болуына бағдар жасап, оларды үнемі оқуға және дамуға ынталандыруда ізденістерге жетелейтін осындай форумның орны бөлек.
Сонымен сайыстың алғашқы күнінде ереже бойынша бекітілген «Алтын көмбе» сайысында аудан намысын қорғап алға шыққан жаңақорғандық ұстаздар «Ауылдың алты ауызы» сайысында ІІ орыннан көрінді. Жаңартылған бағдарлама аясында да өздерін дәлелдеген педагогтарымыз «Brain Rain» сайысында үздік үштіктен көрінсе, «Үздік коучинг» байқауында Асылзат Тіллаева, Жұлдыз Әлихан, Сәуле Орынханова жобаларын ұсынып, нәтижесінде Сәуле Орынханова жүлделі I орынды иеленді. Ал ақындар айтысында Асылжан Утебаев сөзге шешендігімен ерекше көзге түсіп ІІІ орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ Фатима Тұртанова жетекшілік ететін аудан мұғалімдерінен құралған құрама атынан тағы да Сәуле Орынханова баяндама оқып үздіктер қатарынан көрінді. Сонымен қатар Азамат Ергеш пен Асылзат Тіллаеваның баяндамалары да ұстаздар қауымына арналған республикалық журналда жарық көретін болды.
Айта кетейік осы 20 жыл ішінде жаңақорғандық педагогтар арасынан 3 алаң жұлдызы шығып, ұстаз деген сөзді, ұстаз деген мамандықты толықтай игергенін дәлелдеді. Олардың қатарында Батырхан Жоланов, Тұрсынбек Жұпарбаев және Абзал Қошанов бар. Ал осы аты аталған мұғалімдерді түрлі сайыстар мен байқауларға шығармашылық тұрғыдан дайындап, жетекшілік еткен Әсима Құлымбетова мен Жаңақорған ауданының білім бөлімінің әдіскері Фатима Тұртанованың еңбегі орасан. Осыны ескерген облыстық кәсіподақ ұйымы мен «Өрлеу» орталығы шығармашыл мұғалімдерді шыңдағаны үшін «Тәжірибе алаңының» 20 жылдық медалімен марапатталды.
– Тәжірбе алаңына қатысу арқылы мұғалімдер көптеген іскер адамдармен танысады. Мол тәжірибе жинақтайды. Тың идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Өйткені сайыс барысында барлық қатысушының жобалары, бастамалары тыңдалады. Әрқайсысы елімізді дамытуға бағытталған бағдарламаларын ұсынады. Бір сөзбен айтқанда, өзіңді сынап қана қоймай, пайдалы адамдармен, ең бастысы, өз саласының мамандарымен танысудың мүмкіндігі зор, – дейді Фатима Тұртанова.
Тиянақты білім, нұрлы ақылымен өміріне жарық сәуле шашатын, жылы жүрегімен баланың жан дүниесін баурай білген ұстаз ғана баланы тұлға ретінде қалыптастырады. Демек, жаңа ғасыр мұғалімінің бойында сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабырлылық сияқты қасиеттер тоғысса ғана ұстаз еңбегі өз мәресіне жетпек. Біздер осы форум аясында соған көз жеткіздік. Соңыра облыстық шығармашыл мұғалімдердің тәжірибе алаңы жұмысын қорытындылауға арналған жиын өтті. Жиынды облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру орталығының директоры Бауыржан Елеусінов және осы орталықтың аға оқытушысы, Серік Құсейнов қорытындылап, тәжірибе алаңына қатысқан барша шығармашыл мұғалімдердің еңбектеріне табыс тіледі.
Сондай-ақ іс-шараға белсене қатысып, үздік жұмыстары мен кәсіби шығармашылық шеберлігін өрсеткен өз саласының майталмандарына «Диплом» мен «Алғыс хат» табыстады.
Лаура Бибасарова