"Арнайы бөбекжай айырықша мейіріммен нұрлы"
Баланың тұлға болып қалыптасуында балабақшаның алатын орны ерекше. Балалар мекені бөбектердің қоршаған ортаға деген түсінік-танымын да қалыптастырады. Ал осында қызмет атқаратын әрбір қызметкер баланы жан-жақты дамытып, мейірімді, қайырымды, әдепті болып өсуіне атсалысады. Жас ұрпақты тәрбиелі, білімді, адамгершілігі мол азамат етіп өсіру жолында ауданымыздағы «Арнайы» балабақшасының орны ерекше. Бұл ретте, білікті басшы, жаңашыл іскер, балабақша меңгерушісі Жамал Нәлібаева жетістігінің өзі бір төбе.
Кейіпкеріміз Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақ тілі әдебиет және ағылшын тілі» мамандығын тәмамдап, бүгінде алған білімін біліктілігімен дәлелдеп келеді. Ол 2008 жылдан бері «Тұмарымай» жеке балабақшасының әдіскері болып жұмыс істеп, 2016 жылдан бері «Жалын» балабақшасының меңгерушісі. Аталмыш балабақша денсаулығында мүкісі бар сәбилерді қамқорлығына алған. Сондықтан мұндағылар баламен уақытылы ас ішіп, дене жаттығуымен айналысуына зор көңіл бөледі. Қалтқысыз қызметі арқылы ілтипатқа бөленген тәлімді жан әр күнін баланы ойната отырып, білім беру керек деген ұстаныммен бастайды. Атаулы балабақша ұжымы әрбір күнін ізденіспен бастайтынын өзімізде көріп қайттық.
– Біздің арнайы балабақшада екі жас пен жеті жас аралығында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу, білім беру, дамуындағы ауытқуды түзету, дамыту, медициналық бақылау және құрал-жабдықтарды пайдалана отырып сауықтыру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қазіргі уақытта бізде даму мүмкіндігі шектеулі есту қабілетінде, тірек-қимыл қозғалыстарында, сөйлеу тілінде мүкістігі бар 44 бүлдіршін 4 топта тәрбиеленіп жатыр. Балабақшада психолог, логопед, дефектолог, массажист мамандары жұмыс жасайды. Бізде ең ауыры баланың тұрақтылығы жоқтығы. Бұл үлкен әсер етеді. Үйде еркін өсіп қалғандықтан, мұнда келгенде де отырмай, тыңдамай түрлі қиындықтар тудырады. Балалардан бөлінетін энергия да бөлек. Бір бала не керегін түсіндіре алса, енді бірі мүлде жеткізе алмайды. Жұмыстан үйге оралған 3-4 сағатта балалардың аурасынан шығу оңай болмайды. Міне біздің жұмысымыздың қаншалықты күрделілігін осыдан аңғаруға болады. Әр бүлдіршіннің отбасымен тығыз байланыстажұмыс жасаймыз. Еңбектеп келген балалар жүріп, сөйлеуге қиналатын балалар жақсы нәтиже көрсетіп, мектепке баруда. Аудан бойынша бұл жалғыз орталық болғандықтан, бізге әлі көп көмек керек, – дейді ол.
Иә, баланы өмірінің нұрына балайтын бағбандар бөбектердің әр күнін алдымен сергіту жаттығуымен бастап, мемлекеттік әнұранды шырқатып, бүлдіршіндердің бойына Отансүйгіштік қасиетті сіңіруге бағыттайтынын да тілге тиек етті. Бала жалықпас үшін тәрбиешілер әрбір сабақтарын бала жалықпас үшін, ойындар мен арнайы ойыншықтарды кейіпкер ретінде араластырып, барынша тартымды өткізуге тырысалы екен. Жаңа заман баласы – ертеңгі еліміздің болашағы.
Жаңа заман баласын қалып-тастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қырсырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасау қажет. Біздің балабақшамызда балаларға үздіксіз білім беруде барлық жағдай қарастырылған. Балабақшада балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығы өте жоғары. Бұл тұрғыда «Арнайы» балабақшаның балаларға берері көп.
– Отбасында мүмкіндігі шектеулі баланың пайда болуы отбасының бүкіл өмірін өзгертіп, психологиялық жағдайына әсер ететіні белгілі. Баланың қазіргі жағдайға байланысты үйде болуы ата-ана үшін қиындық туғызатыны да мәлім. Ата-ана көп ойланып, күйзеліске түсуі мүмкін.
Сондай-ақ, ата-аналардың көпшілігің педагогикалық білімі жоқ және тәрбиелеу мен оқытудың әдістері мен тәсілдерін біле бермейді. Бұл тұрғыда біздің мамандар көмекке зәрі отбасыларға айтарлықтай қолғабыс етуде, – дейді балабақша меңгерушісі Жамал Нәлібаев. Сондай-ақ, кейіпкеріміз қызмет пен қатар отбасының да берекесін кіргізіп отырған көпбалалы ана. Жолдасы екеуі төрт ұл, бір қызды өсіріп, тәлімтәрбие беріп отырған үлгілі ата-ана.
Әсел РЗАЕВА