№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тәжірибелі тәрбиеші

Тәжірибелі тәрбиеші

Балабақшада тәрбиеші балғынды өз қамқорлығына алып, оны жақсыға әуес болып, жаманнан жиреніп өсуінде бағыт-бағдар беретін тұлға. Кішкентай бүлдіршіндердің алғашқы даму кезеңі, білім мен тәрбие берудің алғашқы сатысы, білім алуға, еңбекке, қоршаған ортаға бейімі, адамдармен қарым-қатынасы, сөздік қорының, ойлау қабілетінің дамуы мектепке дейінгі кезеңде қалыптасатынын ескерсек, балабақша мен бала бағбанының орны ерек. Ауданымыздағы «Болашақ» балабақшасының қызметкері Айгерім Тұрсынханова осындай мақтаулы тәрбиешінің бірі.

  Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мұхтар Әуезов атындағы Шымкент мемлекеттік университетінен «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» бойынша алған білімін бүгінде біліктілігімен дәлелдеп жүрген кейіпкеріміз аудандағы «Болашақ» мемлекеттік балабақшасында сегіз жылдан аса қызмет атқарып келеді. Жұмысқа орналасқан бірнеше жыл ішінде терең білімі мен бала тәрбиесіне деген адалдығының арқасында өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүр. Бүлдіршіннің саналы ұрпақ болып қалыптасуы үшін сапалы біліммен қатар денінің саулығын да бірінші кезекке қоятын ол балғынның уақытылы ас ішіп, дене жаттығуымен айналысуына да зор назар аударады. Осыдан-ақ, кейіпкеріміздің өз ісінің нағыз жанашыры екенін аңғарасың.

– Бір қарағанда тәрбиешілік оңай мамандық болып көрінеді. Ата-ана енді тәй-тәй басып, тілі былдырлап шыққан баланы қолымызға тапсырады. Олардың көңілін тауып, ортақ тәртіпке ұйыстыру оңай іс емес. Міне, жауапкершілік тұрғысынан алғанда тәрбиешінің жұмысы күрделі әрі қиын деуге болады. Өзім бірнеше жылдан бері осында қызмет жасап келемін. Осы уақыт аралығында алған білімімді әр бөбектің бойына терең сіңіруге тырыстым. Мен үшін әр сәбидің орны ерекше. Кез-келген ата-ана сәбиін бізге үкілеген үмітпен қалдырғандықтан, олардың бар жауапкершілігі бізде екенін ешқашан естен шығарған емеспін. Сондықтан, олардың тәрбиесіне, біліміне, денсаулығына, дұрыс тамақтануына біз тікелей жауаптымыз. Жалпы, ұжымдағы барлық әріптестерім баланың дұрыс қалыптасуы жолында адал еңбектен айныған емес, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің сөзінше, балаларды жалықтырмауы үшін сабақты ойын әдісімен өткенді құп көреді екен. Айталық, ойын – балалар үшін күрделі әрекет, ол білімді, ақылды ұйымдастыруды қажет етеді. Ойын арқылы бала өмірден көптеген мәліметтер алады, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады, яғни ойын арқылы бала білім алады.

Иә, балғындардың салиқалы ұрпақ болып жетіліп, олардың өмірден өз орнын адаспай табуына, тұлға болып қалыптасуына ата-анадан кейінгі тікелей жауапты тұлға – ұстаз. Оның қоғамдағы орны да ерекше. Сондықтан, әр педагог бала тәрбиесінің қай саласында қызмет атқарса да бұл жауапкершілік жүгін абыроймен арқалауға тырысады. Осы тұста, бүгінгі кейіпкеріміздің бір күндік жұмыс барысымен танысып, оның өз ортасында беделі асқақ екенін аңғардық.

Әсел Рзаева


20 желтоқсан 2022 ж. 249 0