№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тәрбиеші болу – бір бақыт

Тәрбиеші болу – бір бақыт


Баланың тұлға болып қалыптасуында балабақшаның алатын орны ерекше. Балалар мекені бөбектердің қоршаған ортаға деген түсінік-танымын да қалыптастырады. Ал осында қызмет атқаратын тәрбиешілер баланы жан-жақты дамытып, мейірімді,қайырымды, әдепті болып өсуіне атсалысады. Сондықтан тәрбиеші алғашқы күннен бастап баланы жайдары қарсы алып, екінші анасындай бауырына тартады. Мұндай тәрбиешілер арамызда аз емес. Тәртіпке үйлескен тәрбиені жас сәбидің тұла бойына сіңіріп, оның келешекте парасатты азамат болып қалыптасуына бар күш-жігерін арнап жүрген бала бағбанының бірі – Перизат Әбілқасымова.


Ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы Педагогикалық университетінде, «Мектеп­ке дейінгі білім беру» мамандығын қызыл дипломмен тәмамдап, бүгінде алған білімін біліктілігімен дәлелдеп келеді. Бұған дейін Қандөз ауылындағы №22 «Балдырған» балабақшасында еңбек етіп келеді. Жұмысқа орналасқан бірнеше жыл ішінде терең білімі мен бала тәрбиесіне деген адалдығының арқасында өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүр. Бүлдіршіннің саналы ұрпақ болып қалыптасуы үшін сапалы біліммен қатар денінің саулығын да бірінші кезекке қоятын ол балғынның уақытылы ас ішіп, дене жаттығуымен айналысуына зор назар аударады. Қалтқысыз қызметі арқылы ілтипатқа бөленген тәлімді тәрбиеші әр күнін баланы ойната отырып, білім беру керек деген ұстаныммен бастайды. Өйткені балабақша баспалдағында рухани азық алып өскен баланың келешегі кемел болатынын жақсы түсінеді.
– Мен үшін әр сәбидің орны ерекше. Кез-келген ата-ана сәбиін бізге үкілеген үмітпен қалдырғандықтан, осы міндет жауапкершілігін біз де ешқашан естен шығарған емеспін. Сондықтан, олардың тәрбиесіне, біліміне, денсаулығына, дұрыс тамақтануына біз тікелей жауаптымыз. Әр үйдің ерке баласын тәрбиелеп, ата-ана сенімінен шығудың өзі оңай жұмыс емес. Алайда таңдаған мамандығыма құрметпен қараймын. Бүгінгі заманның талабына сай өнерлі, білімді, жан-жақты дамыған, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ қалыптастыру жолында жұмыс істеп келеміз. Кез келген ата-ана балаларын балабақшаға берместен бұрын «ол жерде балам не үйреніп шығады, тәрбиеші қандай болады екен?» деген сұрақтың мазалайтыны сөзсіз. Осы орайда, айта кетейін, балабақша балаға бас-көз болып қарап отыратын жер емес, балабақша балаға білмегенін үйретіп, заманға сай қалыптасуына бағыт беретін орталық, – дейді Перизат.
Иә, баланы өмірінің нұрына балайтын Перизат Әбілқасымқызы әр сабағын алдымен сергіту жаттығуымен бастап, мемлекеттік әнұранды шырқатып, бүл­діршіндердің бойына Отансүйгіштік қаси­етті сіңіруге тырысады. Одан әрі, жоспар бойынша сабағын өтіп, баланың бойына еңбексүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретіп, оның өн бойына адамгершілік қағидаларын қалып­тастыруды жөн санайды. Сабақтарда бала жалықпас үшін, ойындар мен арнайы ойыншықтарды кейіпкер ретінде араластырып, көрнекілік құралдармен бала көңілін аулайды. Педагогикалық білімнің жаңа технологиясын меңгерген тәрбиеші коммуникация бойынша, бала тілін дамыту үшін түрлі көркемдік құралдарды пайдаланады екен.
Тәрбиеші болу жай ғана мамандық емес. Ол адам болып қалыптасудың баспалдағын қалыптастырушы, келешек ұрпақтың қоғамнан өз орнын тауып, айтар ойын еркін жеткізуге бағыт-бағдар беруші.
Мұны растаған №22 «Балдырған» балабақша меңгерушісі Күлжазира Иска­кова түзде де, үйде де бала қызығына ортақтасып, әр күні қуанышпен өтіп жатқан бала бағбаны жайында өз ойын былай білдірді.
– Перизат Әбілқасымова ұжым арасын­да үнемі білім-біліктілігімен көзге түсіп келеді. Қолға алған ісін бітірмейінше тыным таппайтын тәрбиеші еңбоққорлығымен ерекшеленеді. Нәтижесінде жеткен жетіс­тігі де жоқ емес. Білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін талай мәрте облыстық, аудандық көлемде марапат биігінен көрінді. Ең бастысы, ол үлгілі келін, аяулы ана, адал жар. Ал біздер Перизат секілді әріптесімізбен мақтануымыз керек, – дейді ол.

P.S. Иә, балғындардың салиқалы ұрпақ болып жетіліп, олардың өмірден өз орнын адаспай табуына, тұлға болып қалыптасуына ата-анадан кейінгі тікелей жауапты жан – ұстаз. Осы тұста бүгінгі кейіпкеріміздің бір күндік жұмыс барысымен танысып, оның өз ортасында беделі асқақ екенін аңғардық. Қорыта айтқанда, Перизат Әбілқасымқызының тәрбиешілік өнерді аса жауапты әрі абыройлы қызмет сайнайтынына көзіміз жетті.

Әсел РЗАЕВА

23 қыркүйек 2021 ж. 621 0