Өңіріміздің әлеуеті зор
Сырдың бойында халықтың алғаусыз алғысына ие болған, алқалы елдің ардақ тұтар адамына айналған, шапағаты мол талай әулиенің өткенін көпшілік жақсы біледі. Бұған Сығанақ, Қатынқамал, Хорасан ата, Апанқақ, Ақтас, Төлегетай және Жаңақорған шипажайы мен Орда Сығанақ шипажайы секілді орындарды жатқызуға әбден болады. Тарихшылар Сығанақты «Қыпшақ даласының гаваны» деп те атаған. Ендеше қайнаған тарихымыздың құпиясын қойнауына бүгіп, сіресіп жатқан Сығанаққа айрықша мән берілсе деген тілегіміз бар. Одан бөлек, «Қатынқамал» деп аталатын үлкен үңгір жаугершілік заманда қалың қазақ еліне қорған болғанымен белгілі. Жаугершілік заманда «Қатын қамал» үңгіріне бала-шағасы бар қырық шақты қыз-келіншек паналаған. Үңгір биік шыңның басында орналасқандықтан жерден тұрып қарасаң көзге шалынбайды. Бұл жердің «Қатынқамал» аталып, зұлмат заманда қаншама аналар мен аруларға қорған болуы ұрпақ үшін ұмытылмас тарихи оқиға. Айта кететіні, ежелгі адамдар осы таудың қойнауында мекен еткен деген деректер де бар. Оған дәлел тасқа қашалып салынған таңбалы суреттер. Бұндай тарихи орындар біздің аймақта көптеп кездеседі. Ғалымдар бұл таңбаларды қола дәуірі мен орта ғасыр аралығында салынған деп жорамалдайды. Түсінгеніміз, сол замандағы көшпелі тайпалар өздерінің дәстүрі мен діни түсініктерін, аңшылық өнерін сурет арқылы жеткізгісі келген.
Туризм саласына ерекше мән беретін өркениетті елдерде мұндай орындар көзден таса қалмаса керек. Өкінішке қарай, біздің елімізде әлі күнге дейін осындай жерлерге мән берілмей келе жатқаны жасырын емес. Қолға алынса «Қатынқамал» үңгірі талай шетелдіктің таңдай қағатын мекеніне айналары даусыз.
Сондай-ақ, Хорасан ата, Төлегетай-Қылышты, Қылауыз ата кесенесі мен Ақтас мешітінің тарихи мәні тереңде. Туристік маршрут осы ізбен жалғасып жатса құба құп.
Ауданымызға белгілі азамат, мәдениет жанашыры Үмбет Абибуллаетың осы тақырып төңірегінде ойын білген едік.
– Біздің мекеніміздің топырағын түртсең тарих. Қазақ өркениетінің бастау алған жері. Себебі, айналадағы тарихи қалалардың бәрі кезінде үлкен мемлекеттік рөл атқарған. Төл тарихымыздағы Сығанақ қалашығының рөлін айқындап, аймақтағы тарихи туризмді дамыту үшін қалашық маңынан ашық аспан астындағы мұражай кешенін ашуды ұсынып жүрміз. Бұл арқылы біз қаржылай табыстан бөлек Қазақ хандығының тарихын жас ұрпаққа танытар едік. Сондай-ақ, Жаңақорған жұрты әйгілі Ақтас мекенін жақсы біледі. Сырдың жағасындағы қасиетті мекен төңірегі тұнған тарих. Сәулеті мен әлеуеті, әсемдігі мен ірілігі жағынан Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейінгі осы аймақтағы ірі мешіт. Қалыңдығы: бес метрлік қабырғасы бар керемет ғимарат жүз елу жыл өтсе де тамаша сақталған. Бұл маңда әйгілі әулиелер мен аймаққа танымал тұлғалар мәңгілік дамыл тапқан. Ал құдықтан аққан жылы су жарты ғасыр бойы сарқылмастан сипаты мен емдік қасиетін еш жоғалтпастан ағып тұр. Бұл да жаратушының керемет құдыреті емес пе?
Мен бұл мекенді бес саусағымдай білемін деп толық айта аламын. Олай дейтінім әкем Абибулла шопан болып, бала кезде осы маңда ойнап өстік. Қара тау мен Сырдың ортасында жайлау мен қыстауда балалық шағым өтті. Айтайын дегенім, Ақтастай ақ мекенді Жаңақорған жұрты білгенімен көпшілік кеңінен танымайды. Ал оны таныстыруға мүмкіндік мол. Ақтастың айналасында инфрақұрылым дайын, асфальт пен жарық жеткізілген, кіші кәсіпкерлік те қанат жайған, қонақ үй, ас, жиын өткізетін шатыр орнатылған. Ата-бабаларымыз қалдырған мол мұраны сақтай отырып, оны қазіргі ұрпақ игілігіне пайдалану ортақ мақсатымыз. Осы тұста айта кетейін, жас бүлдіршіндермен мектеп оқушыларын тарихи орындарға апаруды дәстүрге айналдырса, туризмнің жолдары ашылар еді, – дейді ел ағасы.
2015 жылы сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың ықпалымен «Әбдіғаппар-Төлегетай-Қорасан ата» автомобиль жолы орташа жөндеуден өткізілді. Оған қоса, Хорасан ата кесенесінің басында 12 адамдық қонақ үй салынды. Ақтасқа дейін де асфальт жол бар. Сығанақ пен Сауран қаласы күре жолдың бойында. Тек осы бағытта маршрут ұйымдастыру тәуекелі жетпей тұрғандай.
Бүгінде Ақтасқа елдің түкпір-түкпірінен еміне шипа іздеп келушілер көп. Осында бес жылдан бері қатынап, емдік суынан дертіне шипа тауып жүрген келушінің бірі Кеңесұлы Ерсайын өз ойымен бөлісті: «Егер өзімді жайсыз сезінсем Ақтастың жылы суына шомылуға келемін. Бір түскеннен-ақ тұла бойым жадырап, өн бойыма қан жүріп, өзімді жақсы сезінемін» дейді ол.
Айта кететіні, ауданда туризм саласы бойынша 14 субьект тіркелген. Олар: үш шипажай, екі балалар лагері, алты қонақ үй, үш демалыс орны, бес жол бойы қызмет көрсету кешені. Бұл деректі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Бекзат Омаровадан білдік.
– Биылғы жылы 15767 адам ауданымға келіп, ем алып әрі демалып кетіпті. Аудан аумағынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік магистралінің өтуі туризм саласының дамуына зор мүмкіндік әкелетіні сөзсіз. Күре жолдың бойында 5 жол бойы қызмет көрсету кешендері жұмыс істеп келеді. Үстіміздегі жылы «Жан-арай» ЖШС-серіктестігі іске қосылды. Туризмді дамытудың бірден-бір жолы – қонақ үй бизнесін дамытып, халықаралық брондау жүйесіне көшу, әрі қонақ үйлерде онлайн төлем жүйесінің (POS-терминалдары) қарастырылғаны жөн. Әрі халықаралық стандарттарға сай болуы маңызды мәселе.
Туризмді табыс көзіне қалай айналдырамыз? Біріншіден, сервистік қызмет көрсету – қонақ үй қызметі, такси қызметін жетілдіру керек. Екіншіден, тарихи жерлердің инфрақұрылымы – жол мәселесі, интернет желісі, жарық жүргізу және т.б шешу керек. Үшіншіден, қысқаметражды фильмдер, фотоальбомдар және т.б насихаттау керек. Осы үш мәселе шешілсе, туризмді табыс өзіне айналдыруға болады. Ол үшін бұған мемлекеттік деңгейде мән беру керек-ақ. Сондай-ақ қонақжай аудан беделін жасауға туристер жиі болатын орындарға қазақша, орысша мәтіндеріне латын транскрипциясымен қоса берілген ақпараттық таблолар мен жазбалардың жасалуы мен орнатылуы өз септігін тигізеді. Аталған ұсынысымызға аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі назар салып, өңір туризімін цифрландыру бағытында мейлінше мүмкіндіктерді пайдаланғаны абзал. Сол кезде, сырттан келетін қонақтар қолындағы смартфонын сипалап отырып, Жаңақорғанға келіп қалғанын сезбей қалар.
Әсел РЗАЕВА