Қазан айының екінші жексенбісі – мүгедектігі бар жандардың күніне орай аудандық мәдениет үйінде аудан басшысының тікелей қолдауымен «Жүрек жылуы» атты мерекелік шара өтті. Тағдырдың жазуымен қоғамнан шеттеу қалып жүрген қамкөңіл жандарға салтанат аясында құрмет көрсетіліп, лайықты тарту жасалды.
Атаулы шарада сөз алған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы ыстық лебізін былайша жеткізді.
– Құрметті жерлестер! Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды, көпбалалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары ұдайы назарға алынып келеді. Бүгінгі аталып өткелі тұрған төл мерекенің басты кейіпкерлері өздеріңіз. Сіздердің әрбіріңіз қоғамда өз орындарыңыз, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына сіңіре білген жансыздар. Біз көңілі жарым, денсаулығында кемістігі бар жандарды сыртқа шеттетпей, керісінше оларды қоғамда белсенді болуға шақыруымыз керек. Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына, жұмыс жасауына көп мүмкіндік беріліп отыр. Мәселен, біздің ауданнан паралимпиадаға қатысып жүрген спортшылар бар. Сіздер де солай үлкен жеттістіктерді бағындыра аласыздар. Біз, сіздердің жоғары білім алғандарыңызды, жұмыс жасағандарыңызды қалаймыз. Ешқашан мойымаңыздар, жүздеріңізден күлкі кетпесін. Баршаңызға зор денсаулық тілеймін. Әрдайым жақсы күндерде жүздесейік. Сіздерге ең басты байлық – денсаулық, үлкен жетістік тілеймін. Жігерлеріңіз мұқалмасын, биік мақсаттар қойып, тек алға ұмтылыңыздар, – деді аудан әкімі.
Осы ретте Жаңақорған ауданы әкімінің арнайы марапаттары мүмкіндігі шектеулі жандардың төл мереке қарсаңында мәртебесін асқақтатты. Сәлима Әбдрахманова, Ұлбала Рысова, Ұлтуар Дюсенбаева, Ақтоты Тастаева, Жанұзақ Орманов, Нұрсұлтан Оразбаев, Ілесбек Тұрманбет, Сандуғаш Бегайдар, Наз Шыңғысханқызы, Қалилаев Самат, Бақытжан Омаров, Керімқұлов Орынбек, Әуезхан Эльвира, Әбен Рымқұл, Зоя Искендирова, Ерсін Аширбаев, Асылжан Сүлейменовтер аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Жан әлеміндегі теңдесіз жылу – жүрек жылулығы. Одан асқан жылылық болсын ба, сірә! Мұндай жылулықты, қамқорлықты күтетін жандар болса, ол мүмкіндігі шектеулі жандар. Қиялға қанат қағып, көкке самғағысы келетін жандарға жүректегі бар жылылықты беруден асқан бақыт жоқ. Әлем әдемілігінің тағында отырған мүмкіндігі шектеулі жандар бойындағы тулап жатқан өнерді өне бойына жиған, өнегесі биік жандар. Төзімділікті тұмар қылып таққан тәні сұлу, әні әсем жандардың кеші жоғары деңгейде өтті.
Қанша қиын болса да мехнатқа мойынсынбай, жабыққанға жүрек жылуын ұсынып, халық пен мемлекет арасындағы алтын көпірді астастыра білген әлеуметтік сала мамандарының жемісті еңбегі қашанда құрметке лайық. Атаулы шарада құрметке бөленген жанның бірі Сапруа Қалиева өз алғысын жеткізді.
– Бүгінгі атаулы күнге дем беріп, көңілімізді өсірген аудан әеіиі Мұрат бауырымызға мың алғыс. Бізді елепескеріп, аудандық мәдениет үйінде үлкен әс-шара ұйымдастырып, тарту-таралғы, сый құрметтерін білдіріп жатыр. Бізге бұдан артық қандай құрмет керек. Барлықтарыңызға үлкен ризашылығымды білдіремін, – деп жылы лебізін жеткізді.
Шара барысында тағдырлас жандар өз өнерлерін ортаға салды. Бұл шараның бүгінгі қоғамымызда алатын орны ерекше. Көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдіретін осындай шаралар өзгелерге де ой салып, жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Ия, қоғамда әр адамның ойып алар өзіндік орны бар. Өмірдің қатал сынағына ұшыраған жандар қоғамнан ешқашан шеттетілген емес. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғамдық өмірге белсене араласып, шығармашылық және интеллектуалдық әлеуеттерін арттырып, қоғамның толыққанды мүшесі болуға талпынуда. Бұл – көңіл қуантарлық жағдай.
Әсел Рзаева